Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Сіздерді келіп жеткен жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын!
2025 жыл өңіріміз үшін табысты да берекелі кезең болды. Халқымыздың ынтымағы мен ауызбіршілігінің арқасында бейбіт өмір мен тұрақтылығымызды сақтап, жаңа бастамаларға жол аштық. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында да маңызды оң көрсеткіштерге қол жеткізіп, атқарылған жұмыстар өз нәтижесін берді.
Мемлекет басшысы: «Еліміздің баға жетпес байлығы және қайта құрудың негізгі қозғалтқыш күші – адамдар, біздің азаматтар. Сондықтан әр азамат жауапкершілікті өзінен бастауы керек. Бәрі ортақ іске жұмылмайынша, жергілікті әкімдіктер де, қандай да бір саяси шешімдер мен экономикалық тұтқалар да елді жаңарту мақсатына жетелей алмайды», деп өз сөзінде Әділетті Қазақтан құрудағы әр қазақстандықтың ерекше рөлін айқындап көрсеткен болатын.
Біздің күшіміз – бірлікте. Жаңа жылда өңір халқының әл-ауқатын арттыру бағытында аймақтың әр тұрғынымен бірлесе еңбек етеміз деп сенемін.
Тас түйіндей болып тұтастығымызды бекемдей білсек, елдігіміз нығая түспек. Келер жыл Алматы облысының әр тұрғыны үшін құтты жыл боларына нық сенімдімін.
Қымбатты жерлестер!
«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген халық даналығы бізді өткенді таразылап, болашаққа сеніммен қарауға жетелейді.
2026 жылы өлкемізді оң өзгерістер күтіп тұр. Президентіміз бастамашы болған саяси және әлеуметтік реформаларды орындау үшін қажетті жұмыстар атқарылады. Алға қойған межеге қоғамның ауызбіршілігі мен ортақ күш-жігері арқылы қол жеткізуге ұмтылып, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытында әрбір салада жүйелі жұмысты жалғастыратын боламыз.
Жаңа жылда еңбектеріңіз игілікті болсын! Баршаңызға мықты денсаулық, табыс, ырыс пен бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Жаңа жыл құтты болсын!
Құрметпен, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев




