Жаңа жыл – әрдайым үміт пен ізгі ниетке толы ерекше кезең. Бұл уақытта жүректерде ғажайыпқа деген сенім оянып, шынайы тілектердің орындалуына жол ашылады. Осындай сиқырлы сәттерде жасалған әрбір игі іс айрықша мәнге ие. Ізгі бастамалардың жалғасы ретінде биылғы жаңа жылдық қуаныш Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери бөлімдеріне де жетті.
Жаңа жыл қарсаңында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген сарбаздардың бес бірдей асыл арманының орындалуына ықпал етті. Алдын ала үміт пен есепсіз, шынайы ниетпен айтылған тілектер күтпеген жерден шындыққа айналды. Бұл – жаңа жыл алдындағы жанашырлық пен қамқорлықтың айқын көрінісі.
Әскер қатарында арнайы сауалнама жүргізіліп, сарбаздар өз тілектерін ашық әрі бүкпесіз жеткізді. Қызмет барысында армандарының орындалатынын күтпеген олар үшін бұл тосын сый ерекше әсер сыйлады. Жаңа жыл қарсаңында тіпті ең қарапайым тілектің өзі орындалуы мүмкін екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінде қызмет ететін мерзімді әскери қызметші Дастан Нұрлан жаңа жыл қарсаңында бүкіл ротасына мерекелік көңіл күй сыйлауды армандап, бір жәшік мандарин тіледі. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысынан келген сәлемдемені 6654 әскери бөлімінің командирі, полковник Алқайдаров Сағындық Ахмадиұлы салтанатты түрде табыстады. Сарбаз бұл сыйды өзіне ғана қалдырмай, қарулас достарымен бөлісіп, бөлімшеге ортақ қуаныш сыйлады.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланында мерзімді әскери қызметшілердің материалдық қамтамасыз етілуімен қатар, олардың моральдық-психологиялық жағдайына да ерекше көңіл бөлінеді. Әрбір сарбазға көрсетілетін қамқорлық – әскери қызметтің маңызды құрамдас бөлігі.
Жаңа жыл қарсаңында орындалған тілектер сарбаздар үшін құқықтық тәртіп әскеріндегі қызметтің жарқын әрі жылы естелігіне айналары сөзсіз. Осындай сәттерде қолбасшылық тарапынан көрсетілген қолдау мен жанашырлықтың маңызы арта түсіп, әскери қызметшілерге деген қамқорлықтың әрдайым басты назарда екенін айқын көрсетеді.




