Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар, Қарасай, Жамбыл аудандарына жұмыс сапарымен барды. Алдымен Талғар ауданы Қызылқайрат ауылындағы «Ақ жол-М» оңалту орталығының тыныс-тіршілігімен танысты.
«Ақ жол-М» қоғамдық қорының төрағасы Рушангүл Тохтахунова облыс орталығынан келген қонақтарды оңалту орталығы ғимаратын аралатып, көрсетіп шықты. Марат Елеусізұлы бастаған топ физиотерапия, жылумен емдеу, локоматорлық терапия, иммерсиондық ванна, парафин, массаж, шунгит, тұз бөлмелерінде ерекше балаларға қандай ем-дом жасалып жатқанын көріп, олардың ата-аналарымен дидарласып, келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Рушангүл Ибраимқызы осы орталықта ем-шара қабылдаған бір баланың құлан-таза жазылып кеткенін және үзбей келіп жүргендерінің денсаулығы 70-75 пайызға оңалғанын тілге тиек етті. Оның сөзін ата-аналар да қуаттап, перзенттерінің денсаулығы біршама жақсарып қалғанын жеткізді.
Рушангүл Тохтахунованың айтуынша, оның қызына да туған кезде диагноз қойылып, оңалту орталықтарының көмегіне жүгінуіне тура келген. Алайда жергілікті жерде ондай мекеме болмағандықтан өзге өңірлерге барып, кезек күту, тағы басқа да машақаттарды басынан өткізген. Сондықтан да осындай орталық ашуға ниеттенген. Қайырымды да мәрт жандар жекеменшік аумақтан жер телімін сатып алып беріп, ғимараттың бой көтеруіне атсалысып, сауапты іс жасаған. Бүгінде бұл орталық әлеуметтік тапсырыс аясында ерекше балаларға қызмет көрсетуде.
Келесі кезекте облыс әкімі Ұзынағаш ауылына атбасын бұрып, заманауи емхананың салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, Жамбыл ауданы жұртшылығының қуанышымен бөлісті.
– Мемлекет басшысы өңірлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті нығайтуды тапсырған болатын. Бұл іс – соның нақты нәтижесі. Жаңа емхана ауданның 200 мыңнан астам тұрғынына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсететін болады. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған бұл мекемеде алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің барлық талабы ескерілген. Қызметкерлердің сапалы әрі нәтижелі жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасалған. Соның арқасында әрбір тұрғынға жоғары дәрежеде медициналық көмек көрсетілетініне сенімдімін. Бұл ретте осы емхананың құрылысын жүргізген мердігер «AK Construction» компаниясына зор алғысымды білдіремін, – деген Марат Елеусізұлы Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілген нысанның тұрғындар денсаулығын сақтауға, өмір сапасын арттыруға және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге зор үлес қосатынын атап өтті.
Одан кейін сөз алған Алматы облысы мен Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Бағдат Әлиев пен медицина саласының ардагері Доғдыргүл Молдахалықова бір мезгілде 250 адамды қабылдай алатын емхананың пайдалануға берілуі медицина қызметкерлерінің жұмыс сапасын арттыруға септігін тигізетінін айтты. Көпшіліктің тағатсыздана күткен ерекше сәті де келіп жетіп, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен аудан ардагерлері жаңа емхананың лентасын қиды. Содан соң қонақтар ғимарат ішін аралап, пациенттерге қызмет көрсету, шұғыл медициналық көмек, скринингтік тексеру, маммография, флюорография, бейінді мамандар, кардиолог, диагностикалық, эксперттік УДЗ кабинеттерін көріп, заманауи жабдықтармен танысты.
Аймақ басшысы келесі кезекте Қарғалы ауылындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Еркем-ай» мектеп-интернатына барды. Бұл мекеменің құрылтайшысы әрі жетекшісі Мария Рахметова мұнда осы ауылдан және көршілес елдімекендерден балалар келетінін тілге тиек етті. Облыс әкімі мекемені аралап шығып, мектеп-интернаттың ерекше балаларға ем-дом жасап қана қоймай, білім берумен айналысып жатқанын көріп, құптады. Мұндағы қаржыландыру, ғимаратты кеңейту және газ кіргізу мәселесін шешуді тиісті сала басшыларына тапсырды.
Марат Елеусізұлы Қарасай ауданындағы Бекболат ауылына да аялдады. Қазіргі кезде күрделі жөндеуді қажет ететін Мәдениет үйінің ғимаратына бас сұққан облыс басшысы бұл нысанның келешекте Бірінші май ауылдық округіне қарасты екі ауылдың 12 мыңдай халқына қызмет көрсете алатын әлеуеті бар екенін, сондықтан мұнда мәжіліс залы ғана емес, спортзал мен үйірмелер де ашылу керегін қаперге салды.
– Жалпы жер көлемі 0,49 га аумақты алып жатқан бұл ғимарат 1990 жылдары жекеменшікке өтіп кеткен еді. 2023 жылы мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Оның құны 1 млрд 200 млн теңгені құрайды. Бүгінде ауылдық округтегі өнерлі өрендер Шамалған ауылы мен Алматы қаласына барып, білім алуға мәжбүр болып жүр. Бұл нысан күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген кезде ауылдық округ тұрғындарының шығармашылығын дамытуға септігін тигізетіні анық, – деді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы.
Облыс әкімі сапар барысында мекемелердің жай-күйі мен ондағы мәселелердің шешілуіне баса назар аударды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




