Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Ресей Федерациясы Елшілігінің бастамасымен, облыс және Қонаев қаласы әкімдігінің қолдауымен жаңажылдық шоу ұйымдастырылды. Онда облыстың әр ауданынан жиналған 600-ге жуық балаға сыйлық табысталды.
Балалар шығармашылық орталықтарының тәрбиеленушілері өнер көрсетіп, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Фойеде Таиса Теперикованың жетекшілігімен «Креатив» арт-студиясы шәкірттерінің «Қысқы ертегі» тақырыбындағы шығармашылық жұмыстарынан көрме ұсынылды.
– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл. Осы уақыт аралығында біз барлық азаматты ортақ құндылықтарға біріктіруге әрекет еттік. Мұндай қайырымдылық бағытындағы шараларды жыл сайын өткіземіз. Бұл этносаралық келісімді нығайтуға, отбасылық құндылықтарды насихаттауға ықпал етеді. Балалар – біздің бақытымыз. Бүлдіршіндерді зор қуанышқа бөлеу үшін тәтті сыйлықтар жасап, сахналық қойылым тамашалауға мүмкіндік бердік. Осындай шат-шадыман күй алдағы жылы оларға серік болуын тілеймін, – деді облыстық орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Лариса Кательникова.
Шараға қатысқан Мария Катлерова: «Жаңажылдық шыршаға Алатау қаласынан баламды ертіп келдім. Мерекелік кеш, қызықты концерт, ерекше сыйлықтар көңілімізді бір серпілтіп тастады. Ұйымдастырушыларға көп рахмет», – деп жылы лебізін білдірді.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА




