Ұстаз еңбегінің нәтижесі шәкірттерінің жеткен жетістігімен өлшенеді. Мұндайда «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дейді халқымыз. Шәкірттерін білім әлемінің биігіне талпындырып, сол биікке әр оқушысын жарық жұлдыздай жарқыратып қондыра білген білімді де білікті ұстаздың бірі – Тамара Жеткербайқызы.
Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында орналасқан А.Мәлкеев атындағы Есік мамандандырылған дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының география пәні мұғалімі Тамара Жеткербайқызын әріптестері «Олимпиада профессоры» атап кеткен. Әрине, бұл жайдан-жай айтылған сөз емес. Бұл – әріптестерінің оған деген зор құрметі, әрі ұстаздың көп жылғы есіл еңбегі, өз мамандығы мен оқушылары алдындағы үлкен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Істеп жүрген ісіңе, кәсібіңе деген адалдық, ұжым мен шәкірт алдындағы жауапкершілік, оқушыларға деген жанашырлық пен қамқорлық, алдыңа қойған мақсаттың айқындығы мен жоспардың жүйелігі – барлығы біріккенде нәтиже де орасан зор болары анық. Осынау адами, әрі кәсіби қасиет пен дағдыларды бойында біріктіре білген Тамара апайдың шәкірттері республикалық, облыстық, халықаралық білім сайыстарынан құр қол келген емес. Әрдайым жүлделі орындардан, биіктерден көрінетін олимпиада жеңімпаздары мұғалімдерінің мәртебесін арттырып келеді.
Тамара Жеткербайқызы көрші жатқан Өзбекстан жерінде, жоғары білімді дәрігерлер отбасында дүниеге келген. «Отбасында алты ағайындымыз: екі қыз, төрт ұл. Барлығымыз жоғары білім алдық. Әке-шешеміз бізге берген тәрбиенің негізі әдептілік, бауырмалдық, кішіпейілдік пен білімге құштарлық болды. Білім әрқашан бірінші орында тұруы керек деген ұстаныммен өстік», – деген Тамара апай болашақ мамандығына мектеп қабырғасынан тыңғылықты дайындалғанын айтады.
«Мамандық таңдауыма география пәні мұғалімі Набира апайдың ықпалы зор болды. Ол кісі жан-жақты білімді, салмақты мінезді, талапшыл, әрі әділ ұстаз еді. Набира апайға қарап, бой түзедік. «Осындай мұғалім болсам» деген бала арманмен мектепте география пәнінен түрлі олимпиадаларға қатыстым. Бұл болашақ мамандығыма – үлкен мақсатыма деген алғашқы қадамдарым еді» – деген Тамара Жеткербайқызына: «Сіз үшін мұғалім, ұстаз деген кім?» – деп сұрақ қойдым.
«Мен үшін мұғалім – тек білім беруші емес, тәрбие мен білім арқылы жол көрсететін, болашаққа бағыт-бағдар беретін, «тұлға» деген атқа лайық жан. Баланың екінші ата-анасы, досы, сырласы, қорғаны бола білетін жан. Ұстаздың шынайы бейнесі шәкіртінің көзінен көрінеді. Ол оқушысының күлкісінен, жеткен жетістігінен көрініс табады. Ұстаз – көңілі ашық, жүрегі таза, сөзінде салмақ, ісінде үлгі бар, ойы терең, көкжиегі кең, талапшыл әрі әділ жан. Қиын сәтте оқушыға дем беріп, оның кішкентай жетістігіне шын қуана білетін адам. Ұстаз – уақыттан озып, ұрпаққа із қалдыратын мамандық иесі. Тиісінше, оған артылған жауапкершіліктің жүгі де ауыр», – дейді кейіпкерім.
«Жас маман оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, баланың жүрегіне жол табуды үйренуі керек. Сонда ғана нағыз ұстаз қалыптасады. Әр оқушыны жеке тұлға ретінде танып-білу, оның мінезі, темпераменті, оқу қарқынына сай тәсіл қолдану, сыныптағы тәртіп пен қарым-қатынасты талап пен мейірімді ұштастыра отырып қалыптастыру керек», – дейді. Сондай-ақ бүгінгідей ақпарат тасқыны заманында өсіп келе жатқан ұрпаққа қысқа-нұсқа, нақты әрі қызықты ақпарат берудің, балаларды біліммен қатар адамгершілікке, ұлттық құндылыққа, еңбеқорлыққа тәрбиелеудің және мұның бәрін сөзбен емес, іспен көрсетіп, үлгі болудың маңызын ерекше атап, мұғалімдер үнемі ізденісте болуы, жаңа әдістемелерді меңгеруі, тәжірибелі ұстаздармен пікір алмасуы, өз ісін талдауы, қателіктен қорықпауы керектігін де айтып өтті.
Олимпиада жүлдегерлерін дайындауда бірінші орында тұрған ұстаздан бұл жайында сұрамауымыз үлкен қателік болар еді. Тамара апай оқушыларды білім сайысына дайындаудағы өз тәжірибесімен де қуана бөлісті.
«Олимпиадаға оқушы дайындау – үлкен жауапкершілікті, табандылықты және жүйелі әдістемені талап ететін күрделі, бірақ жемісті еңбек. Бастысы – оқушыны дұрыс таңдау. Яғни баланың қызығушылығы қандай, қай бағытқа икемді, нені алып кете алады деген сұрақтарға жауап іздеу керек. Пәнге қызығушылығы бар, зерек, ізденгіш, ойлау қабілеті жоғары және таңдауына тұрақты бала кез келген сайыста білім биігінен көрінуге қабілетті. Ал дайындыққа келер болсақ, қарапайымнан күрделіге қарай үнемі дамып отыратын жүйелі жоспар құру, қосымша материалдармен тұрақты жұмыс жасау, жеке мотивация қалыптастыру және оқушының білімімен қатар, ерік-жігерін де үнемі шыңдап отыратын мұғалімнің кәсіби әрі рухани қолдауы қажет», – дейді Тамара Жеткербайқызы.
Білім беру саласында 30 жылдық еңбек өтілі бар Тамара Жеткербайқызы соңғы 20 жылда А.Мәлкеев атындағы Есік мамандандырылған дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатында ұстаздық етіп келеді. «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, облыстық «Үздік педагог – 2021» конкурсының жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің, «Білім-Инновация» ХҚҚ президентінің, Алматы облысы әкімінің, облыстық білім басқармасы басшысының, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен марапатталған Тамара апай: «Мұның бәрі – жүлдегер оқушыларымның білім сайыстарында көрсеткен жеңістерінің нәтижесі», – дейді.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы




