Жылдағы дәстүр бойынша православие діні өкілдерінің Крещение Господне мейрамы өтеді. Бұл күні ел аумағында қаңтар айының 19-ына қараған түні дәстүрлі шомылу рәсімі жүргізіледі. Аталған шараның қауіпсіздігіне төтенше жағдай қызметкерлері жауапты. Бұл уралы Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтылды.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Дінмұхамет Жунусов Алматы облысында шомылуға арнайы 21 орын дайындалып жатқанын жеткізді.
Өңірдегі православие дінін ұстанатын азаматтардың басым бөлігі облыстағы 5 аудан мен 1 қалада тұрады. Сондықтан да, шомылуға арналған арнайы ойықтар да аталған елді мекендерден әзірленбек.
Айта кетеу керек, жаңадан құрылған Алатау қаласы мен өзге 5 ауданда Крещение Господне мерекесіне орай орын дайындалмайды. Себебі, мұнда православиелік тұрғындардың саны аз.
Дінмұхамет Жунусовтің айтуынша, Қонаев қаласындағы шомылуға арналған орын жоспар бойынша №5 жағажайда болуы тиіс. Алайда, жылы ауа-райының әсері мен қардың болмауынан Қапшағай көліне мұз қатпағандықтан, шомылу рәсімі қаладағы шіркеулердің бірінде өткізілуі ықтимал.
Төтеншеліктер шомылу орындарында құтқарушы-сүңгуірлер мен полиция қызметкерлері және медицина мамандары тәуліктік кезекшілікте болатынын алға тартты. Сонымен қатар, Крещение Господне мейрамындағы шомылу рәсімі кезінде облыстық ТЖД бөлімшелерінен 70-тен аса жеке құрам, 15 техника өз жұмысын атқарады.
«Шомылу рәсімін тек арнайы орындарда өткізу керек. Сондай-ақ, масаң күйде суға түсуге және суда ұзақ уақыт тұруға болмайды» – деп түйіндеді спикер.




