Жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Данияр Қасқарауов, Жанарбек Әшімжан және Максим Рожин тұрғындарды қабылдады. «АМАNАТ» партиясының жеке қоғамдық қабылдауы аясында аудандық кітапханада өткен шарада жамбылдықтар көкейдегі сұрақтарын жеткізді.
Аудан орталығымен қоса алыс-жақын ауылдардан арнайы келген тұрғындар негізінен көпшілікке ортақ мәселе көтерді. Мәселен, Дүйсенәлі Еңкелешов мал шаруашылығы саласына бөлінетін мемлекеттік субсидияларды қайта қарастырудың қажеттігін қозғады. Ал Бозой ауылының тұрғыны Айымбек Мәсімханов егін шаруашылығындағы судың жетіспеушілігі жайын алға тартты. Мәтібұлақ ауылынан келген Ерік Еркімбайұлы «Ақтерек – Отар» бағыты бойынша облыстық маңызы бар автомобиль жолының техникалық жағдайының нашарлығы ауыл тұрғындарының қатынауына қиындық туғызып отырғанын жеткізді. Үңгіртас ауылынан жүгінген Бейбіт Есімбеков ауылға спорт кешенін салуды ұсынды. Сол сияқты Сәуле Ағыбаева Қасымбек ауылында халық саны 4 мыңға жуық болғанымен, осы күнге дейін ФАП немесе амбулатория салынбағанын алға тартты. Қазіргі медициналық қосын жалдамалы ғимаратта орналасқанын және онда толыққанды қызмет көрсетуге қажетті жағдай жоқтығын айтты. Еңбек ардагері Бейсенбек Смағұлов Қастек ауылының ауызсу жүйесі мен орта мектебінің қосалқы ғимаратының құрылыс жұмыстары 3 жылдан бері бітпей тұрғанына қынжылыс білдірді. Саят Медеуов Қызылсоқ ауылын газдандыру, Қарғалы ауылынан Жанкелді Аманкелдіұлы зейнетақымен қамсыздандыру, Анар Әміржанова Ұзынағаш ауылындағы «35 үй» деп аталатын ықшамауданнан жаңа мектеп салу, Ернар Алшынбаев Қарғалы ауылының ауызсу мәселесін шешу, Талап ауылдық округінің аналар кеңесінің төрағасы Сағадат Мүсірәлиева Қастек ауылының Өзен, Қараш батыр көшелерін асфальттау сияқты мәселемен жүгінді.
Қоғамдық қабылдаудан соң Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан тілшілерге сұхбат берді.
– Бұған дейін Алматы қаласының маңайындағы халқы тығыз орналасқан Талғар, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарын аралап, жұртшылықпен кездестік. Жалпы қай ауданда болсын әлеуметтік мәселелер ортақ. Менің қабылдауыма келген азаматтар негізінен жергілікті деңгейдегі жол, ауызсу, ФАП салу, білім беру мен кәсіпкерлікке қатысты өтініш айтты. Шешілуі аудан, облыс деңгейінде қаралып, егер республикалық бюджеттен немесе Үкіметтің алдына қоятын, болмаса заңнамалық тұрғыда қолдайтын тұстар болса, бұл мәселе Астанада қарастырылады, – деді халық қалаулысы.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы





