Қонаев қаласындағы «Alatau Hub» инновациялық орталығында «AITU KazRoboDrone 3.0» атты дронрейсинг және авиамодельдеу бойынша халықаралық жарыстың аймақтық іріктеу кезеңі өтті. Байқау Алматы облысында алғаш рет ұйымдастырылды.
Мақсаты – Қазақстандағы ұшқышсыз авиация саласын дамыту және насихаттау, сондай-ақ жас мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау. Сайысқа мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер мен сала мамандары қатысты.
Байқау Astana IT университетінің бастамасымен, «Қазақстан инжиниринг» ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық орталығы» ЖШС-ның демеушілігімен, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің «Астана дарыны» орталығының қолдауымен ұйымдастырылған.
Қатысушылар жас ерекшелігіне қарай «Junior», «Senior», «OPEN» санаттары бойынша сынға түсті. Олар симулятордағы дрон жарысы, FPV камерасы арқылы дронды ұшыру және авиамодельдеу бағыттары бойынша бақ сынады.
– Бұл сайыс биыл үшінші рет өткізілуде. Бірінші жылы тек Астана қаласында болса, былтыр республикалық деңгейде 14 облыстан келген қатысушылар жарысқа түсті. Ал осы жылы еліміздің барлық 20 облысынан, сондай-ақ Орта Азия мемлекеттері, Әзірбайжан, Қытай, Жапония, Түркия елдерінен байқауға қатысу туралы хаттар келіп, халықаралық дейгейге көтерілді. Жылдан-жылға қатысушылар артып келеді. Биыл олардың саны 2000-ға жетті. Басты мақсатымыз – жастарды техникалық салаға баулу, қызығушылығын ояту. Дрон тек қана фото, видео түсіру үшін ғана керек құрал емес. Оның бақылау, барлау, модельдеу, бағдарламасын жасау сияқты түрлі бағыттары бар. Қазіргі кезде дронды жоғалған адамды іздеу кезінде, өрт сөндіру қызметінде және басқа да түрлі салада тиімді пайдалануға болады. Бұл байқау арқылы сол мүмкіндіктерге тезірек жетуге жол ашылады. Өткен жылы сайысқа қатысып, кейін оны стартап ретінде дамытып, дрон жасап жатқан студенттер бар. Болашақта елімізге игілігі тиетін тың жобалар іске асады деген үміттеміз, – деді жарыс ұйымдастырушысы, Astana IT университетінің оқытушысы Зарина Құтпанова.
– Дронның қыр-сырын меңгеріп жүргеніме жарты жылдай уақыт болды. Оны ұшырып, қондыруды, онлайн басқаруды мектебімізде ұстаздарымыз үйретті. Болашақта архитектура мен IT саласында дронды қолданып, дамытып еліме пайдамды тигізгім келеді. Барлық ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғыс айтамын, – деді байқауда бой көрсеткен Талғар ауданындағы №46 мектептің оқушысы Еркежан Серікхан.
Аймақтық іріктеу кезеңіне 40-қа жуық адам қатысты. Симулятордағы дрон жарысында әр санат бойынша Дінмұхамед Орынбасар, Ардақ Бақтыбай, Милияз Байрамов, Жандос Демесешов үздік шықты. Ал авиамодельдеу бойынша Көркем Ерлан 1-орынды, Айзере Мұханәлі екінші, Ердәулет Қадырбек 3-орынды еншіледі. Жеңімпаздар алдағы уақытта Астана қаласында өтетін финалдық бәсекеде өңір намысын қорғайды.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА




