Балқаш ауданы әкімдігінің мәжіліс залында жаңа Ата Заң жобасының мән-маңызын түсіндіру, оның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жергілікті басқару жүйесіне, сот әділдігі мен әлеуметтік салаға тигізер әсерін талқылау және ел ішінде насихаттау барысында «Конституциялық реформа: Жаңа Қазақстанның құқықтық негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Балқаш аудандық мекеме басшылары мен қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, өңір тұрғындары қатысты.
Отырысты ашқан Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Данияр Нұрманов ел дамуының жаңа кезеңіне бағытталған маңызды өзгерістерді кеңінен түсіндіріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерілген маңызды мәселелерге тоқталды.
Жиында сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Бақыт Сқабаев және жастар белсендісі Айгүл Мейрамғазы Конституциядағы өзгерістерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, жаңа заңның қабылдануы уақыт талабынан туындап отырғанын жеткізді. Ауданның Құрметті азаматтары Марат Қашқынбаев пен Сайран Смағұлов және аудандық мәслихат депутаты Ғалымбек Әбдіқұлов ұлттық құндылықтарды құрметтеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жайында кеңінен әңгіме өрбітті. Сондай-ақ жиын барысында қазіргі таңда Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан Конституциялық реформа – мемлекетті басқару жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды үдеріс екені айтылды.
Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Балқаш ауданы




