Жылына айналып келіп тұратын төрт мезгілдің өз қызығы, өзіне ғана тән қиындығы болады. Соның ішінде қыс айлары аязымен ерекшеленеді. Жер-Ананың ылғалын арттырып, еркін тыныстауына мүмкіндік беретін, ел ырыздығы – егістің бітік шығуына ықпал ететін қарды сағына күтетініміз де осыдан. Міне, ақпан айы да мол ылғалымен ерекшеленіп тұр.
Дегенмен, қар жауғаннан кейін елдімекендерде жол жүру қиындап, барыс-келіс саябырлайтыны, ал коммуналдық қызмет пен жол мекемелерінде қауырт жұмыс артатыны да түсінікті. Бүгінде Қарасай ауданының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 1439 шақырымды құрайды десек, оның ішінде республикалық маңызы бар 71 шақырым, облыстық 253 және аудандық деңгейдегі 1115 шақырым жол бар.
Республикалық маңызы бар жолдарды қыс кезінде күтіп ұстауға «Казавтожол» мекемесі тарапынан барлығы 38 дана арнайы техника жұмылдырылды. Мұнымен қатар 450 тонна инертті материал қолданылды, оның 150 тоннасы тұз, 300 тоннасы құм.
Облыстық маңызы бар жолдарды қыс кезінде күтіп ұстауға ЖШС «Деполь дизайн» мекемесі 23 адам және 11 дана арнайы техника жұмылдырып, барлығы 15 адам қызмет көрсетіп келеді. Осы орайда 300 тонна инертті материал (оның ішінде 100 тонна тұз және 200 тонна құм) қолданылды. Ал аудандық маңызы бар 150 шақырым жолды күтіп ұстау жұмысына жауапты «Orsep Dor Stroy» мекемесі өзіне жүктелген міндетті атқаруға кірісіп кеткен. Бұл бағытта 40 адам және 16 дана арнайы техника жұмылдырылып, жолдар мен жаяу жүргінші тротуарларын тазалаумен айналысып келеді. Бүгінде негізгі жолдар қардан аршылып, көшелер мен жүргінші жолдар тазаланды. Бұл мақсатта 6 құрама жол машинасы, 2 грейдер, 4 трактор, 1 тиеуші, 1 автобус, 2 ХОВА пайдаланылды. Көктайғаққа қарсы 300 тонна инертті материал (оның ішінде 100 тонна тұз және 200 тонна құм) себіліп, қауіпсіздік қамтамасыз етілді.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы




