Перейти к содержимому
Главная страница » ҚАР ТАЗАЛАУ ЖАЛҒАСУДА

ҚАР ТАЗАЛАУ ЖАЛҒАСУДА

Табиғаттың тосын мінез танытуы салдарынан облыс орталығының көшелерін де қар басып, қала тұрғындарын әбігерге салды. Ауа райының күрт өзгерісінен туындаған жағдайдың  салдарын жою мақсатында қала әкімі Асхат Бердіханов шұғыл жиын өткізіп, тиісті мекемелерге тапсырма жүктеді.

Қонаев қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің алдындағы келісімшарттық міндеттемелерді орындау аясында «Қонаев жол жөндеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 1 қаңтардан бүгінге дейін Қонаев қаласында жол және тротуарларды тазалау жұмыстарын жүргізуде.

«Қонаев тұрғын үй»  жапкершілігі шектеулі серіктістігі директоры Ж. Манеевтің мәліметіне сүйенсек, Қонаев қаласы көшелерінің 215 шақырымы мен тротуарлары қардан, мұздан және қоқыстардан тазартылған.  Барлығы 825 тонна қар, мұз, қоқыс шығарылған.

Қала көшелерін қардан тазарту жұмысы барысында 10-нан астам мамандандырылған техника пайдаланылған. Оның ішінде үш жол жөндеу көлігі, үш щеткалы трактор, екі трактор, екі щеткалы дөңгелекті тиегіш, екі тиегіш, бір Shacman платформалы жүк көлігі және бір автобус бар. Жұмысқа барлығы 35 жұмысшы шыққан. Жолдар мен тротуарларға 400 тонна инертті материал саналатын торлар мен тұз қоспасы себілген.

Қонаев қаласының жолдары мен тротуарларын тазалау жұмысы әлі де  жалғасуда.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ