Перейти к содержимому
Главная страница » МЕКТЕП ПСИХОЛОГЫ

МЕКТЕП ПСИХОЛОГЫ

Қазіргі білім беру жүйесінде мектеп психологының рөлі ерекше. Өйткені оқушының жан-жақты дамуы тек білім алумен шектелмейді, оның психологиялық саулығы, тұлғалық қалыптасуы және әлеуметтік бейімделуі де аса маңызды. Балаларға қатысты мәселелерді шешу мен алдын алуда маңызды маман ретінде барлық білім беру мекемесінде  психолог қызмет атқарады.  

Мектеп психологының негізгі мақсаты – білім алушылардың жан әлеміне үңілу, олар үшін қолайлы орта қалыптастыру және тұлғалық дамуына қолдау көрсету. Психолог өз жұмысын оқушылармен, ата-аналармен және педагогтермен тығыз байланыста жүргізеді. Осы үштік одақ арқылы баланың жан-жақты дамуына жол ашады. Сонымен қатар оқушылардың, жас мамандардың,  оқу үдерісіне бейімделуіне көмектеседі.
Психолог қызметінің негізгі бағы­тының  бірі – диагностикалық жұмыс. Арнайы психологиялық әдістемелер арқылы оқушылардың танымдық қабілеттері, мінез-құлық ерек­шеліктері, эмоционалдық жағдайы зерттеледі. Бұл жұмыстар оқу үдерісіндегі қиын­дықтардың себептерін анықтауға және дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге түзету-дамыту жұмыстары жүргізіледі. Психолог түрлі тренинг пен жаттығулар ұйымдастырып, оқушылардың өзіне деген сенімін арттыруға, қарым-қатынас дағдыларын дамытуға, мазасыздық пен күйзелісті жеңуге көмектеседі. Мұндай жұмыстар баланың тұлғалық өсуіне және қоғамға бейімделуіне оң әсер етеді.
Кеңес беру қызметі де – мектеп психологының маңызды міндеттерінің бірі. Оқушыларға жеке кеңес беру арқылы олардың ішкі толғаныстарын жеңілдетуге жағдай жасалады. ­Ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты ұсыныстар айтылып, педагогтерге сыныптағы психологиялық ахуалды жақсарту бойынша әдістемелік қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар психологиялық ағарту жұмыстары да жүргізіледі. Психолог семинар, тренинг, ата-аналар жиналыстарында баяндама жасайды. Бұл ата-аналар мен мұғалімдердің бала психологиясын дұрыс түсінуіне көмектеседі.
Алдын алу шаралары да тұрақ­ты түрде жүзеге асырылады. Атап айтқанда, буллингтің, құқық­бұзушылықтың, жасөспірімдер арасындағы жағымсыз әрекеттердің алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады. Бұл мектепте қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Оқушылармен жұмыс жүргізу жоспарлы түрде және жоспардан тыс, кез келген уақытта өзінің, сынып жетекшісінің, мектеп әкімшілігінің, ата-ананың сұраныстары бойынша жүзеге асады. Қазіргі уақытта  оқушылар көбінесе іштегі қорқыныш, өзін-өзі бағалаудың төмендігі, сенімсіздік, мамандық таңдауға қатысты мәселе­лермен психологтың кеңесіне жүгінеді. Аталған мәселелерге қатысты арнайы жоспар құрылып, бағыт-бағдар беріліп, кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізіледі.
Сайып келгенде, мектеп психологы – білім беру ұйымындағы тәрбиелік және дамытушылық үдерістің маңыз­ды буыны. Оның кәсіби қызметі оқушылардың психологиялық саулығын нығайтып қана қоймай, олардың болашақта саналы, жауапты тұлға болып қалыптасуына негіз қалайды.

Ботагөз АМЕТОВА, 
Абай атындағы орта
мектеп-гимназиясының психологы
Қарасай ауданы