Арудан асқан жан бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма?!
Биенің сүті сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма?! –
деп, Ақтамберді бабамыз жырлағандай, Қарқараның хан жайлауында ауа райының қолайсыздығына қарамастан «Қымызмұрындық – 2023» фестивалі өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, облыстық мәслихат хатшысы Талғат Байеділов бастаған құрметті қонақтар қатысты. Игі шараның мағынасы зор, мәні терең. Ұлттық сусынның құндылығын насихаттау – ұлы мақсат. Берекелі мереке қалың жұрттың ұлттық рухын оятқандай әсер қалдырды.
Кеген ауданында ежелгі дәстүрімізді қайта жаңғырту мақсатында ту тіккен фестиваль. Жұртшылықтың ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге қызығушылығын арттыру және жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу, сондай-ақ, қазақ халқының ұлттық сусынын насихаттауды басшылыққа алды.
Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртқан шара барысында қонақтарды әжелер шашу шашып қарсы алып, ыстық бауырсақ пен қымыздан дәм татқызды. Бұдан бөлек, Кеген ауданына қарасты ауылдық округтер ақшаңқан киіз үйлер тігіп, этноауыл ұйымдастырып, қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
– Салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі ретінде ұйымдастырылып отырған «Қымызмұрындық» фестивалінің маңызы зор. Бұл дегеніміз – ерте заманғы тамырымызға қайта оралу. Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы және ынтымақтың, еңбектің, бірліктің мерекесі. Бие сауылып, оның сүті қорланып, ашытылған соң, екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңдар шақырылған. Ұлттық сусынның дайындалу тәсілі де әртүрлі. Дәстүр бойынша халқымыз бұл мерекеде: «Сауар көп болсын», «Ақ мол болсын», «Аузымызды ақтан айырмасын» деп тілек айтысқан, – дейді тасашылық шаруа қожалық иесі Әбдіқадыр Алпысбаев. Сондай-ақ, айтулы ісшара аясында қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, аламан бәйге және қазақ күресі мен қошқар көтеруден сайыстар өтті.
Жиналғандардың назарына концерттік бағдарлама ұсынылып, өнерпаздар көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Эстрада жұлдыздары Сұлушаш Нұрмағамбетова, Рамазан Стамғазиев, Айткүл мен Қанат Құдайбергеновтер әннен шашу шашып, Қарқара жайлауын думанға бөледі. Одан бөлек, арнау айтылып, би биленіп, дәстүрлі ән-жыр шырқалды.
Шара соңында ұлттық ойын жеңімпаздары облыс, аудан әкімдерінің арнайы сыйлығымен, дипломдармен марапатталды.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы