8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылындағы ақ жаулықты аналарға жасалған тосынсый көптің көңілінен шықты. Осы ауылдың тумасы, кәсіпкер Аманжол Рысмендиевтің демеушілігімен өнер жұлдыздары келіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сүмбе орта мектебінің мәжіліс залы ақ жаулықты аналармен толысты. Шуағын шашқан көктеммен иық тірестіре келген бұл күн – мейірім мен жылылықтың мейрамы. Аманжол Советбекұлы бұған дейін де 8 наурыз қарсаңында ауылдағы аналарға сый-сияпатын табыстап жүретін. Бұл жолы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының жанынан құрылған «Алатау серілері» тобы мен айтыстың жүйріктері – Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезханның Сүмбенің сахнасында өнер көрсетуіне ықпал етті.
«Алатау серілері» рухты әндерімен кешті әсерлі етсе, ақындардың әзіл мен қалжыңға құралған айтысы аналарды бір сергітіп, езулеріне күлкі үйірді. Бүгінде АҚШ-та еңбек ететін Аманжол Рысмендиев өзінің жылы лебізін бейнеүзінді арқылы жолдады. Ауылдың асыл жандарын, ұстаздарын айтулы мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегін арнады.
Кеште Ұйғыр ауданы әкімінің орыбасары Ерасыл Толымбекұлы сөз сөйлеп, осындай ел азаматын тәрбиелеп шығарған Сүмбе ауылының қарияларына алғысын айтса, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Жәнет Сәдіұлы Сүмбеге алғаш рет табан тіреген өнер жұлдыздарына, өзі алыста жүрсе де, жүрегі туған жер деп соққан Аманжолдай баласына ақ батасын берді.
Сыйлықтың төресі де осы күні болды. Аманжол өзінің мектеп қабырғасынан-ақ талабын танып, талантын ашуға тырысып, оны жоғары деңгейдегі жарыстарға дайындап, жетекшілік етіп, үлкен өмірге бағыт берген ұстазын да ұмыт қалдырмапты. Алғысын тек сөзбен емес, іспен көрсетіп, Айсұлу Жангутина апайына көлік мінгізді. Темір тұлпардың кілті табысталып, ұстаз мерейі асқақтады.
Біздіңше, бұл жай ғана демеушілік емес. Бұл – туған жерге тағзым, анаға деген құрмет. «Ер елінде қадірлі» дейді дана халқымыз. Ал туған жерін ұмытпаған ер одан да қадірлі!
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы



