ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай аудандық шекара басқармасында Тәжік-Ауған қарулы қақтығысында ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу шарасы өтті. Жиналғандар батыр шекарашыларға орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Журналистер Тәжік-Ауған шекарасында болған қазақстандық батальон туралы газет-журналдарға көлемді мақалалар жазумен шектелген жоқ. Кітаптардың да жарық көруіне белсене атсалысты. Раджан Батырқановпен бірге болған сарбаздарды сөзге тартып, сұхбаттасып едік. Солардың бірі жауынгер Толқынжон Мурзаев болатын.
«Раджанның қаза тапқанына биыл қыркүйекте 32 жыл толады. Зулаған уақыт-ай десеңші. Сол кезде біз небәрі он тоғыздағы бозбала едік. Ерлік жасауға асығып тұратынбыз. Сондықтан да біз моджахедтермен болған ұрыста ештеңеден тайсалған жоқпыз.
Алдымен біздің бір сарбаз жаудың көлігін жарып жіберді. Бұл кезде бірінші нүктені алып үлгерген Раджан оң қапталда дұшпандармен соғысып жатқан. Ол командирі мен достарын жаудың оғынан аман алып қалу үшін жанталасып, аяғынан ауыр жараланды. Оқтың жаңбырша жауғаны сонша, Раджан жараланған кезде оған бірнеше қадамдай жерде жатқан Ринат та жақындай алмады. Жауды тас-талқан етіп барып, қасына жеткенде қайран достың демі үзіліпті», – деген еді Толқынжон ауыр күрсініп.
Қазақстандық 24-батальонның Тәжік-Ауған шекарасынан туған елге оралғанына 25 жыл толуына орай өткен ауқымды жиында сөз сөйлеген ҚР ҰҚҚ Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, полковник Ербол Түлкібаев, отставкадағы генерал-майор Марат Мәжитов, Ренат Нұрмәметов өз естеліктерімен бөлісті.
Шара соңы шағын концерттік бағдарламаға ұласып, аға сержант Дастан Сембаев «Ауған жыры» атты патриоттық әнді нақышына келтіре орындады.
Иә, Душанбе әуежайының бетон жолағынан соңғы қазақстандық батальонды алып ұшқан «АН-72» ұшағының көкке көтерілгеніне де 25 жыл өтті. Сол күндердің ізі жауынгерлер жадында және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің шежіресінде сақталып қалды. Қаза тапқандардың есімі ұмытылмауы тиіс. Бүгінгі басқосу соның нақты дәлелі.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы




