Бүгін Іле ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды.
Аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов «Galamat» тұрғын үй кешенінде өткен рәсімде жаңа баспана иелерін құттықтап, бұл тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі екенін атап өтті.
«Galamat» тұрғын үй кешенінде барлығы 174 пәтер бар. Бүгін оның 82-сі тұрғындарға берілді. Қалған пәтерлерді «Отбасы банк» АҚ арқылы үлестіру жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Айта кетейік, қазіргі таңда Іле ауданында баспанаға мұқтаж 5430 азамат тіркеуде тұр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 1888; әлеуметтік осал топтағы азаматтар – 2030; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 802; бюджеттік сала қызметкерлері – 710. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларының нәтижесінде жыл басынан бері кезекте тұрған азаматтардың 144-і жеңілдетілген несие арқылы баспана иесі атанса, 88-і пәтерлерді жалға алған.
Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, аудан тұрғындарына қосымша 311 пәтер жалға беріліп, 25 несиелік тұрғын үйді халық игілігіне ұсыну жоспарланған.
Осылайша Іле ауданында халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала бермек.



