Осы жылдың мамыр айында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен ҚХР Үкіметтері арасында визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойылған болатын. Нәтижесінде, қазақстандықтарға Қытайға 30 күн визасыз бара алатын мүмкіндік туды. Бұрын-соңды болмаған бұл келісім аясында екі елдің азаматтарына бір-бірін жақсырақ білуге, ынтымақтастық пен туризмді дамытуға, мәдени салада әріптестік орнатуға жол ашылады. Ұзын саны 20 мемлекетпен шектесетін және мұхитқа емін-еркін шыға алатын Қытай елі біздің экономикаға да тың серпін бермек. Оның үстіне, туризмі сонау Цинь патшалығынан, Ұлы Жібек жолымен бірге дамыған тарихи көршімізден үйренеріміз мол. Осы орайда Аспан асты еліне арнайы виза ашып, өзіндік зерттеуін жасап, сапарлатып қайтқан «Almaty Nomad» саяхатшылар клубының мүшесі Мадина Ашиловамен сұхбаттасқан едік. Мадина ханым Алматы қаласынан бастап 700 шақырымдай жол жүріп, Шыңжаң Ұйғыр автономиясына кіретін Қорғас – Нилки – Тоғызтарау – Құлжа бағытын бағындырып, Алмалы, Қарасу, Нарат ауылдарын аралап қайтқан.
– Мадина ханым, сіз 30 күндік визасыз режиммен Қытай Халық Республикасына, оның ішінде, Шанхай қаласына тағы да саяхат жасауға ниеттеніп отырсыз. Десе де, осы визасыз режим біздің қоғамда үлкен пікірталас тудыруда. Сіздің көзқарасыңызда біздің азаматтарға алаңдауға негіз бар ма?
– Бәрімізге белгілі, Қытай – үлкен әлеуеті бар, ресурстары мен мүмкіндіктері мол, дамыған ел. Шыңжаң өлкесі территориясы жағынан ҚХР-ның алтыдан бір бөлігін алып жатыр. Бір қызығы, халықтың тығыздығы мен еңбекқорлығына қарамастан, Қытайда игерілмеген жер өте көп. Сондықтан, олардың біздің жерге қызығатындай еш негізі жоқ. Шекаралар ашылса бір нәрсе айтарлықтай өзгереді немесе туризмнің орнына Қазақстанға жаппай көшетін Қытай азаматтары ағылады деп еш ойламаймын. Меніңше, қазіргі Қытайда жайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Қалалардан бастап жайлауына дейін тамаша жолдар салынған, дамыған инфрақұрылымы бар, жан-жақты мемлекеттік қолдау жолға қойылған. Ақиқатын айту керек, Қазақстан көптеген көрсеткіш бойынша тарихи көршімізден артта қалып отыр. Сондықтан, Қытай азаматтарында Қазақстанға қызығушылық жоғары деңгейде дей алмас едім. Керісінше, Қытаймен барыс-келіс күшейсе, біздің тараптан дамудың жаңа мүмкіндіктері туады деген пікірдемін.
– Жаңа виза негізінен қандай мақсатта беріледі?
– Визасыз режим тек туризм немесе іссапар мақсатында ашылады, бұл 30 күнмен шектеледі. Бұл виза жұмысқа орналасуға немесе қоныс аударуға құқық бермейді. Осыны естен шығармау өте маңызды. 2022 жылы Қытай азаматтары үшін біржақты, мерзімі екі аптаға дейін ғана жарамды болатын визасыз режим ашылған еді. Қазақстандықтарда мұндай артықшылық болған жоқ. Осы уақытқа дейін ел азаматтарына ҚХР аумағына кіру үшін арнайы виза қажет еді. Бұл арзан емес, 120 мың теңгеден басталатын. Сондай-ақ, көптеген құжаттарды жинауды талап ететін. Бізде туризмге жол ашуда қиындықтар көп. Құжаттарды рәсімдеудің өзі бір ай уақытымызды алды. Демек, бұдан түсінеріміз, біздің ел арасындағы туризм саласы өте баяу дамып келеді. Сондықтан, визасыз режимнің ашылуы екіжақты достық қарым-қатынастардың, туризм саласының дамуына жаңа, елеулі серпін береді. Визасыз режим ашылғаннан кейін еліміздің тілшілері мен саяхатшы блогерлер Қытайдың қызықты жерлерін, көрікті өңірлерін аралап, халыққа қызықты кеңес бере алады. Қазіргі таңда Қытай қоғамының ерекшелігі туралы айтуға, жариялауға қызығып отырған блогерлер бар.
– Сіздің саяхатшы ретінде алғаш барған жеріңіз қай қала еді? Қандай әсер алдыңыз?
– Бізге географиялық орналасуы мен мәдениет, сауда-экономика жағынан ең жақыны – Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы. Мұнда қытайлардан, ұйғырлардан және басқа этностардан тыс 1,6 млн-нан астам қазақ тұрады. Бұл – шетелдегі ең ірі қазақ диаспорасы. Олардың көпшілігі Іле-Қазақ автономиялық округінде шоғырланған. Мәселен, Күнес қаласында 300 мың адам тұрса, оның 150 мыңы – қазақтар. Қытай қазақтары, әрине, біздікінен өзгеше. Олар қазақтың ұлттық тағамы етті таяқшамен жейді, «еткен» шай ішеді, уақытты Бейжіңмен өлшейді, Қытай акцентімен сөйлейді, бірақ дәстүрлі мәдениетті, тұрмысты, әдет-ғұрыпты сақтауға тырысады. Қытай билігі бұл мақсатқа ықпал етеді, аз халықтарды әрқашан қорғайды.
– Жергілікті халық көбінде қандай іспен айналысады?
– Қытайдағы қазақтар көбінесе атакәсібіне жақын. Көшпелі мал шаруашылығы, қымыз және шұбат өндіру, ұлттық кәдесыйлар тігу және өндіру, қазақ өнерін, ән және би шығармашылығын дәріптеу жағынан алда тұр. Қазақтар тұратын өлке, басқа да көрікті жерлері туризм нысандарына айналған. Мысалы, жақын маңдағы жайылым жерлері Нарат деп аталады. Нараттың табиғаты көзтартарлық керемет. Тауы мен өзендері ерекше. Өзіне Қытайдың түкпір-түкпірінен туристерді тартады. Олар жайлау фонында қозы-лақпен суретке түсіп, жергілікті жылқыларға мініп, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм тата алады, «Қара жорға» билеуді үйренеді, көшпенді рөлінде өзін сынап көреді. Көптеген қытайлық қазақтар еңбек қызметін туризммен ұштастырған. Бізде жай ғана қой бағып жүрсе олардың шопандары туризмді дамытып отыр.
– Сіздер тек Шыңжаңда ғана болдыңыздар ма? Басқа тағы қандай көрікті мекендерін ерекше деп айтар едіңіз?
– Шыңжаңнан да басқа аймақтарында саяхаттауға болатын жерлер бар. Олар: Үрімші, Қашқар, Тұрпан және Құлжа. Бұдан бөлек, көптеген шағын қалалар мен ауылдар бар, олардың әрқайсысы туристерді шақыруға және жергілікті пейзаждарымен де, ерекше қонақжайлылығымен де таң қалдыруға тырысады. Туристер қытайлық Алтайды, Тянь-Шань тауларын, сондай-ақ, тарихи жерлерге саяхатты қалайды. Инфрақұрылымды дамыту, бүкіл аймақтағы тамаша жолдар, қонақүйлер мен мейрамханалардың болуы, сондай-ақ салыстырмалы түрде арзан бағалар туризмнің қарқынды дамуына ықпал етуде.
– Қытаймен біздің елдің арасын байланыстырып тұрған негізінен сауда-саттық қой. Ал туризм жағы кенжелеп қалған.
– Иә, сауда жасау мүмкіндігі де маңызды. Қытайдағы бағалар Қазақстанға қарағанда арзан. Қорғаста арнайы шекара аймағы жұмыс істейді, оған кіру визаны қажет етпейді. Ал «Қорғас» ХШЫО-да 30 күнге дейін болуға мүмкіндік бар. Визасыз режимнің ашылуымен Қытай арқылы саяхаттау айтарлықтай жеңілдейді. Иә, Қазақстан да туристер ағынын күтіп отыр. 2024 жыл Қытайда қазақстандық туризм жылы болып жарияланды. Барлық жерде еліміздің көрікті жерлері туралы бейнежазбалар көрсетіліп жатыр, қытайлықтар Қазақстанға саяхаттауға белсенді түрде ынталандырылуда. Бір сөзбен айтсақ, көрші арасындағы қарым-қатынас жақсарып келеді. Көп жылдар бойы жабық болған Қытай пандемиядан кейін алғаш рет ашылып отыр. Қазақстан халқына ҚХР визасыз режим түрінде артықшылықтар берген санаулы елдердің бірі екенін білген жөн.
– Өзіңіз аялдаған Күнес қаласы туралы айта кетсеңіз?
– Күнес қаласы мені бірден қызықтырды. Жабайы табиғатын сақтап қалған өңір. Өйткені, қорықтарында жабайы қаздар, үйректер және басқа да көптеген құстар мекендейтін флора фаунасы мол. Туристерді өзіне тартып тұрады. Ағаш қайықты жалға алып, жай ғана көлдерді аралап, серуендеуге болады. Бұл қазақтың қаласы екендігі қалаға кірген кезде бірден сезіледі. Қалаға кіреберісте «Үш қазақ» ескерткіші еңсе тіктеген. Онда домбырашы, биші қыз және әжесі сомдалған. Ескерткіш орталық айналма жолда тұр. Сондықтан, бара қалсаңыз, көзіңізге еріксіз түседі. Қытайдың басқа қалалары сияқты мұнда да сауда-саттық қызып тұр. Ыдыс-аяқтан бастап, киім-кешек, жеміс-жидек дейсіз бе, барлығы бар. Жаяу жүргіншілер көпірі халыққа лық толы. Арлы-берлі жүргіншілерден көз сүрінеді. Тротуар бойында мопедтер өте көп жүреді. Шалт қимылдап, жан-жағыңызға қарамай, бұрыла қалсаңыз, соқтығысуыңыз ғажап емес. Көліктердің арасынан сытылып шықпасаңыз, сізге көлік жол бермейді. Саудагерлердің сөздеріне қарасақ, ол жақта да бағаның өсуі байқалады. Көшелері алқызыл раушан гүлдеріне толы, кәдесыйлардың түр-түрін көресіз. Азық-түлік дүкендерінен өзіміздің отандық өнімдерді кездестіруге болады. «Рахат» шоколады мен Алматы халвасы да осында. Қытайлықтардың біздің өнімдерге деген қызығушылығын көріп бойымды мақтаныш сезімі биледі. Біздің олардан үйренеріміз көп.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Бағдат Шойбасов