Қонаев қаласында облыстық мәслихаттың кезекті XLVIII сессиясы өтті. Сессия отырысына облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев, ардагерлер ұйымының, қоғамдық кеңестің төрағалары, құқық қорғау органдарының, департаменттер пен басқармалардың басшылары, онлайн режимде аудан, қала әкімдері мен мәслихат төрағалары қатысты.
Қуат Сұлтанұлы төрағалық еткен сессия отырысында алдымен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев 2026-2028 жылдарға арналған жобалардың іске асырылу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, 2026-2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша жалпы 16 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр. Бұл көрсеткіш 2023-2025 жылдарға арналған табиғатты қорғау іс-шаралары жоспарының көлемімен салыстырғанда 2,3 есе артық. Бұл қаражат гидротехникалық құрылыстарды күрделі жөндеу, орман дақылдарын отырғызу және жасыл екпелер алаңдарын ұлғайту сынды жобаларды іске асыруға бағытталмақ. Сондай-ақ мамандандырылған техника мен жабдықтар сатып алынады. «Жоспарға сәйкес, Ұзынағаш, Бәйдібек кенттеріндегі және Талғар қаласының «Аққу» шағынауданындағы кәріз жүйелерін қайта жаңғырту, сондай-ақ Алатау қаласының «Қоянқұс» шағынауданындағы кәріз сорғы стансасын қалпына келтіру көзделген», – деді Қанат Ақылұлы.
Келесі кезекте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Димаш Сыдықов көктемгі дала жұмыстарына дайындық турасында есеп берді. Оның сөзінше, биыл жоспар бойынша облыста барлығы 437,9 мың га аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі, бұл 2025 жылғыдан 9 мың гектарға артық. Әдеттегідей егілетін егістердің көбін мал азығына қажетті, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар құрайды. Биыл 78,4 мың тонна минералды тыңайтқыш қолдану жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29%-ға артық. Бүгінде 9,9 мың тоннасы алынды. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына 13 мыңнан аса техника жұмылдырылды. Дизель отыны бойынша 351 шаруашылық 6,9 мың тоннаға өтінім берді. Оның 5,4 мың тоннасы көктемгі дала жұмыстарына бағытталады», – деді Димаш Рашидұлы.
Аталған сессияда Алматы облыстық мәслихатының 2025 жылғы 15 желтоқсандағы № 44-249 «Алматы облысы Қонаев қаласында кәріз тазарту құрылыстарын жобалау, салу және пайдалану» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешіміне өзгеріс енгізілді. Сонымен қоса, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамы бекітіліп, облыстық мәслихаттың 2025 жылғы 04 шілдедегі №38-210 «Жер комиссиясының құрамын және жер комиссиясының Ережесін бекіту туралы» шешіміне өзгеріс еңгізу туралы шешімдер қаралды.
Сессияны қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев қабылданған шешімдердің маңыздылығына тоқталды. Ол аймақтың стратегиялық даму бағытын жүзеге асыруда әрбір шешімнің уақытылы әрі сапалы орындалуы басты шарт екенін атап өтті.
Ерзат АСЫЛ




