Алматы қаласында ғылым мен қауіпсіздік саласын ұштастырған маңызды оқиға орын алды. Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға салтанатты түрде қол қойылды. Бұл келісім — еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ заманауи инженерлік бағыттарды дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Бүгінде технологияның қарқынды дамуы қауіпсіздік саласына да тың талаптар қойып отыр. Осы тұрғыда аталған серіктестік киберқауіпсіздік, желілік технологиялар, робототехника және ұшқышсыз басқарылатын жүйелер сияқты стратегиялық маңызды бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл салалар тек ғылым үшін ғана емес, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда да ерекше маңызға ие.
Меморандум аясында тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырып, заманауи технологиялық шешімдерді енгізуді көздеп отыр. Университет ғалымдары мен әскери мамандардың тәжірибе алмасуы нәтижесінде инновациялық жобалар дүниеге келіп, олардың нақты жағдайда қолданылу мүмкіндігі артады. Бұл өз кезегінде ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, отандық технологиялардың дамуына серпін береді.
Ынтымақтастықтың басты артықшылықтарының бірі — студенттер үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктер. Енді Energo University студенттері Ұлттық ұланның базасында кәсіби тәжірибеден өтіп, өздерінің теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана алады. Әскери бөлімнің сынақ полигондары мен техникалық базасы студенттердің ғылыми жобаларын нақты жағдайда сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе болашақ инженерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, бұл серіктестік жас ғалымдарды қолдауға, олардың ғылыми әлеуетін дамытуға да бағытталған. Бірлескен зерттеулер барысында жаңа идеялар туындап, тың жобалар іске асырылмақ. Әсіресе, цифрлық технологиялар мен автоматтандыру саласындағы зерттеулер ел экономикасының түрлі секторларында қолданылатын болады.
Қазіргі таңда әлем елдері инновациялық технологияларды дамыту арқылы өздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда. Осы ретте Қазақстан үшін де ғылым мен өндірісті, білім мен тәжірибені біріктіру — стратегиялық маңызы бар міндет. Energo University мен Ұлттық ұлан арасындағы бұл келісім дәл осы мақсаттарға жетуге бағытталған нақты қадамдардың бірі болып табылады.
Аталған бастама жастарға сапалы білім беріп қана қоймай, оларды отансүйгіштікке, жауапкершілікке және кәсіби шеберлікке тәрбиелеуге де ықпал етеді. Себебі әскери құрылымдармен бірлесіп жұмыс істеу — тәртіп, жауапкершілік және нақты нәтижеге бағытталу сияқты қасиеттерді қалыптастырады.
Қорытындылай келе, Energo University мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімі арасындағы серіктестік — білім мен тәжірибені ұштастырған, ғылым мен қауіпсіздікті тоғыстырған маңызды жоба. Бұл бастама еліміздің инженерлік әлеуетін арттырып қана қоймай, ұлттық қауіпсіздік жүйесін заманауи талаптарға сай дамытуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.
Қырғызбай Альбина Қайратқызы
6654 әскери бөлімінің бөлініс бастығы,
кіші сержант




