Бүгінгі қымбатшылық жайлаған уақытта бір баланы мектепке даярлаудың өзі ата-анаға үлкен салмақ. Ал, үйде 4-5 баласы бар ата-аналар үшін бұл тіпті де күрмеуі қиын іс. Осы тұста ата-аналарға көмек көрсетіп, балаларды оқуға қажетті киім-кешек, құралдармен қамтуда жан-жақты көмек көрсетіліп келеді. Соның бірі – балалардың мектепке баруын толық қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы.
2008 жылдан бастап тұрақты өткізіліп келе жатқан акцияға меценаттар, кәсіпкерлер, мекеме-ұйымдар, ұстаздар мен ата-аналар, жалпы жұртшылық белсене атсалысып келеді. Соның арқасында көптеген балдырғандар мектепке толық даярлықпен баруда.
Аталған көмек көп жағдайда аз қамтылған, көпбалалы отбасы балаларына, асыраушысынан айырылған және ерекше күтімді қажет ететін жеткіншектерге бағытталады. Аталған санаттағы балалар жалпыға бірдей білім беру қорынан да қаржылай көмек алады. Биыл облысымызда аз қамтылған отбасылардан шыққан 1178 оқушының ата-анасына оқу құралдары мен мектеп формасын алуға көмек ретінде 40567 теңгеден қаржы аударылған. Тамыз айының ортасына дейін 50127 баланың ата-анасына да осындай қаражат аударылмақ.
Жыл сайынғы дәстүрге айналған мектеп жәрмеңкелері биыл да жалғасын таппақ. Атап айтсақ, 12 тамызда Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында, 19 тамызда Талғар қаласында отандық тауар өндірушілердің қатысуымен мектеп жәрмеңкелері өтеді. Мұнда балаларға арналған мектеп формалары мен оқу-құралдарын алуға болады.
Жалпы балаларын мектепке даярлауда көмекке зәру ата-ана перзенті оқитын білім ошағына өз өтінішін білдіре алады. Акцияны өз деңгейінде жүзеге асыру мақсатында еліміздің ірі сауда орталықтарында мұқтаж отбасылардың балаларына мектепке дайындық бойынша көмек көрсету пункттері ашылды. Сондай-ақ, ата-аналардың сауалдарына жауап беретін жедел желі іске қосылды. Ол бойынша Балалардың құқығын қорғау комитетіндегі жедел байланыс 74-25-28 телефонына хабарласуға болады. Сондай-ақ, BALA QORǴAÝ Telegram чаты жұмыс істейді.
Биыл қайырымдылық акциясы 1тамыз – 30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жаса» ұранымен өтеді. Өткен жылы еліміз көлемінде демеушілер мен меценаттар 3 млрд 781 млн теңгеге 204 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетті. Биыл да көптің қолдауымен «Мектепке жол» акциясы өз деңгейінде өтіп, балалардың мектепке алаңсыз баруына мүмкіндік ашыларына сенім зор.
Алма ЕСЕНБАЙ