Алматы облысы Қарасай ауданының ондаған тұрғыны облыс әкімдігі алдына жиналып, мемлекет меншігіне алынбақ жер телімдерінің әділ бағалануын талап етті. Almaty.tv телеарнасының хабарлауынша, Қарасай ауданында тұратын, сол ауданнан жер алған 100-ге тарта отбасы 8 тамыз күні Қонаев қаласында облыстық әкімдікке барды.
Тұрғындар жергілікті билік алты ай бұрын жер телімдері мемлекет меншігіне алынатынын ескерткенін, қазіргі күні жерлерін сырттай арзанға бағалағанын айтып, наразылық білдірді. Олар бұған дейін жер телімдерін әділ бағалау туралы арызбен Қарасай ауданының әкімдігіне бірнеше рет барғанын, алайда мәселелері шешілмегенін айтады.
«Алты ай бұрын жерімізді Үкімет өз меншігіне алатынын айтты. Бірақ бізде үйдің сүрілетіні жөнінде құжат жоқ. Сыртымыздан жердің бағасын шығарып қойыпты. Ең төменгі баға 6-7-8 сотық жер бір жарым миллион теңге болып тұр», – деді Көкөзек ауылының тұрғыны Нигара Рузиева.
Үй саламыз деп жер алған ел қуаныштары ұзаққа созылмағанын айтады.
«Қалқаманда пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Көкөзек ауылынан 8 сотық жер алған едік. Бізге жердің ақшасын нарықтағы бағамен төлесін», – деді Көкөзек ауылының тұрғыны Гүлбахан Қырықбаева.
Тұрғындармен сөйлескен облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов әуелі тексеру жүргізілетінін, жер сатылымына байланысты заңсыздық анықталса, мемлекеттік қызметкердің қатаң жазаланатынын айтты.
«2014 жылы Алматы-Талғар-Байсерке газ жүйесі құбыры салынған. Оның қорғау аймағы – 150 метр. Бүгінгі күні адамдардың қауіпсіздігі үшін сол маңдағы тұрғын үйлерді қорғау аймағына босатамыз. Тұрғындардың өтінішін қарап, бағалау жұмысын қайтадан жүргіземіз. Оған қырық күн уақыт кетеді», – деді Нұржан Құдайбергенов.
Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылының тұрғындарының жер мәселесі биыл көктемде көтеріле бастаған. Округ әкімдігі тұрғындарға үйлерінің бұзылатыны туралы хабарлап, тұрғын үйлер газ құбырының жанындағы қызыл сызықта орналасқанын айтқан. Заң бойынша ондай аумаққа құрылыс нысаны түспеуі керек. Тұрғындар шатырын тұрғызып, шаңырағына енді орналасқандар жер телімінің қызыл сызыққа енгенін жақында білгенін айтса, ауыл әкімі «тұрғындарға бір жыл бұрын ескерттік» деген. Оның айтуынша, жоғары қысымды газ құбыры түсетіндіктен, маңайында үй болмауы керек.