Биыл Алматы мен Жетісу облыстарында 1100 шақырымға жуық жолды диагностикадан өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 477,5 км жол Алматы облысының, ал 606,2 км жол Жетісу облысының аумағында орналасқан. Диагностикалық жұмыстар жолдарды күтіп ұстаудағы учаскелерде де, кепілдік мерзіміндегі учаскелерде де жүргізіледі. Осылайша, күтіп ұсталатын жолдардың 358 км бөлігінде және ұзындығы 725,7 км болатын кепілдік учаскелерде диагностика жасалмақ. Бұл туралы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы облыстық филиалы хабарлады. Сөйтіп, алынған деректер мен елді мекендердің көше-жол желісін диагностикалау жұмыстарының нәтижесі «E-Joldar» автомобиль жолдарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасына енгізілетін болады. Мұны ҚР Президентінің цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізуге бағытталған саясатына сәйкес Көлік министрлігі тапсырған. Осы бастама аясында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы облысы бойынша филиалы осы жылы Еңбекшіқазақ ауданының елді мекендері ішіндегі жалпы ұзындығы 1000 км-ден астам автомобиль жолдарында диагностика жасайды. Сондай-ақ одан алынған деректер де аталған порталға кіргізіледі. Айта кетейік, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК-ның негізгі бағыттарының бірі — автомобиль жолдарын диагностикалау. Бұл жұмыстар автомобиль жолдарының параметрлері мен пайдалану сапасына объективті баға беру, сондай-ақ көлік қозғалысының қауіпсіздігін талдау мақсатында жүргізіледі. Автомобиль жолдарының жай-күйін жыл сайынғы мониторингтеу арқылы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігін алдын ала болжап, тиісті жоспар жасауға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде жолдардың сапасын тиісті деңгейде ұстап тұруға ықпал етеді.




