Әкімдіктің мәжіліс залында облыстық мәслихаттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және архитектура, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Күн тәртібінде облыс әкімдігі жанындағы сәулет-қала құрылысы кеңесінің құрамын қалыптастыру, халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй салу және сатып алу, автомобиль жолдарындағы көпірлер мен су өткізгіш құбырлардың көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық, қалалар мен елдімекендерді абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Облыстық мәслихаттың депутаты, тұрақты комиссия төрағасы Дәулет Жарасбаев төрағалық еткен жиынға комиссия мүшелері, облыстық басқарма басшылары қатысты. Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі жанындағы сәулет-қалақұрылысы кеңесінің құрамын бекіту туралы сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Болат Мұсылманбеков баяндама жасап, мемлекетіміздің құрылыс саласын реформалау мақсатында қабылданған 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі аясында кейбір құқықтық актілердің өзгергенін жеткізді.
– Жаңа Құрылыс кодексінің 32-бабында сәулет-қалақұрылысы кеңестерін құру және олардың қызметі нақты көрсетілген. Аталған Кодекс биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Дегенмен, облысымыздың даму қарқынын ескере отырып, біз қазірден бастап дайындық жұмысын жүргізіп, кеңес құрамын алдын ала бекітуіміз қажет. Бұл Кодекс күшіне енген сәттен бастап жұмысқа бірден кірісуге мүмкіндік береді. Кеңес – бірыңғай қалақұрылысы саясатын үйлестіретін, ортаның сапасын арттыруға және елдімекендердің заманауи сәулеттік стилін қалыптастыруға жауапты негізгі консультативтік-кеңесші орган болады. Бұл қадам Алматы облысындағы құрылыс саласының ашықтығын қамтамасыз етіп, кәсіби деңгейде шешім қабылдауға жол ашады, – деді Болат Аманжолұлы.
Келесі сөз кезегін алған облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абылай Жәнібеков көпірлер мен су өткізгіш құбырлардың көктемгі су тасқынына дайындығы туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда аймақ аумағында 3 406 шақырым облыстық және 590 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бар. Аталған жолдар бойында 145 көпір және 3 653 су өткізгіш құбыр орналасқан. Су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында осы уақытқа дейін шамамен 1 200 су өткізгіш құбыры мен 70 көпір өткелі тазартылып, судың кедергісіз өтуі қамтамасыз етілген. Сонымен қатар облыс аумағында қысқы мезгілде қар басу қаупі жоғары 3 учаске анықталған, олар – «Талғар – Спутник» автомобиль жолының 6 шақырымы, «Түрген – Обсерватория» автомобиль жолының 19 шақырымы және «Алматы – Талғар – Евгеньевка», Есік көліне кірме жолының 11 шақырымы. 2025-2026 жылғы қысқы кезеңде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аталған жол учаскелері 2025 жылғы 8 қарашадан бастап 2026 жылғы 15 сәуірге дейін уақытша жабылған.
Бұдан соң баяндама жасаған облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының басшысы Димаш Қожабеков қалалар мен елдімекендерді абаттандыру, «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының іске асырылу барысы туралы айтты. Басқарма басшысының сөзінше, тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жеке құрылыс салушылардан 1500 жалдамалы тұрғын үй сатып алынған. Биыл жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 246 тұрғын үй сатып алуға 5,3 млрд теңге қаражат қарастырылған. Ал «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасы аясында күштік құрылымдар мен БАҚ қызметкерлерінің баспана алуына мүмкіндік берілмек.
Комиссия отырысында қалалар мен елдімекендерді абаттандыру, газдандыру, су, кәріз жүйесі, жолдар мен көшелерді электрмен жарықтандыру мәселесі де сөз болды. Сонымен қатар облыстағы инфрақұрылымды жақсарту жайына мән беріліп, салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасына салғырт қарамау қажеттігі айтылды.
Жиынға қатысқан халық қалаулылары жасалған баяндамаларды қызу талқылап, жіберілген қателіктерді сын тезіне салды. Соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қарар қабылданып, тиісті шешімдер шығарылатыны жеткізілді.
Ерзат АСЫЛ





