Қай қоғамда болсын ең қадірлі мамандықтардың бірі – дәрігерлік. Адам өмірі мен денсаулығын сақтауды өмірлік мұраты еткен жандар әрдайым халықтың ерекше құрметіне бөленеді. Осындай абзал жандардың бірі – ұзақ жыл бойы медицина саласында аянбай еңбек етіп, ел алғысына бөленген білікті дәрігер, кезінде ауыл, аудан, облыс қана емес, республиканың мақтанышы болған, «КСРО Халық дәрігері» атағын иеленген Зағипа Мәдиева екенін бүгінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін.
Зағипа Мәдиқызы 1932 жылдың 1 мамырында бұрынғы Семей облысының Жарма ауданына қарасты Георгиевка ауылында дүниеге келген. Балалық шағы оңай болған жоқ. Әкесі Мәди мен анасы Зағила өмірден ерте өтіп, Зағипа тағдырдың ауыр сынағын бала күнінен-ақ бастан өткерді. Әке-шешеден ерте айырылған Зағипа әпкесі Рәзиямен бірге біраз уақыт туыстарының тәрбиесінде болды. Десек те, тағдырдың ауыртпалығы оның жігерін жасыта алмады. Білімге деген ынтасы мен өмірге деген құштарлығы оны алға жетелеп отырды. Оқу жасына жеткен кезде ол Қаскелең қаласындағы балалар үйіне қабылданады. 1946 жылға дейін Абай атындағы қазақ орта мектебінде, 1946-1951 жылдары Алматы қаласындағы қазақ қыздарына арналған интернат-пансионында оқиды. Осында алған тәрбие мен білім оның болашақ өмір жолын айқындап берді.
Жастайынан еңбекқор, білімге құштар болып өскен Зағипа Мәдиқызы мектепті аяқтаған соң медицина саласын таңдауға бел буады. 1951 жылы ол сол кездегі В.Молотов атындағы (қазір С.Асфендияров атында) Қазақ мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнында ол тек білім алып қана қоймай, болашақ мамандығына жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Сабаққа деген ұқыптылығы мен табандылығы оның ұстаздарының да назарын аударған. Институттағы жылдар Зағипа Мәдиқызының кәсіби әрі адамгершілік тұрғыдан қалыптасуына зор ықпал етті. 1957 жылы институтты ойдағыдай тәмамдаған жас маман еңбек жолын Кеген ауданына қарасты Жалағаш ауылдық ауруханасында балалар дәрігерінен бастайды. Ауылды жерде дәрігер болу – жас маман үшін үлкен жауапкершілік. Себебі ауыл тұрғындарына дәрігер тек медициналық қызмет көрсетуші ғана емес, сонымен бірге сенімді кеңесші, қиын сәтте демеу болатын жан.
Зағипа Мәдиқызы еңбек жолында үнемі ізденісте, медицина саласындағы білімін ұдайы жетілдіруде болды. 1961 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының жанындағы дәрігерлердің білімін жетілдіру факультетінде акушер-гинеколог мамандығы бойынша арнайы курстан өтеді. Осы кезден бастап ол еңбек жолын акушер-гинекология саласымен ұштастырады. Дәрігерліктің бұл бағыты ерекше жауапкершілікті талап етеді. Зағипа Мәдиқызы осы міндетті абыроймен атқарған жан. Ауыл халқы оны тек жүздеген сәбидің кіндігін кескен дәрігер ғана емес, адам өмірін сақтап, талай отбасының қуанышына себеп болған ақ халатты абзал жан, шынайы жанашыр, мейірімді адам ретінде де құрметтеді. Мемлекет қайраткері, Жалағаш өңірінің тумасы Зағипа Балиева туған жеріне ат басын бұрғанда анасын аман-есен босандырып, кіндігін білікті дәрігер Зағипа Мәдиқызы кескенін есіне алған. Демек, болашақ мемлекет қайраткерінің анасы дүние есігін ашқан кішкентай қызына ырымдап Зағипадай айтулы дәрігердің атын қойғаны анық.
Зағипа Мәдиқызы кәсіби біліктілігін арттыруды ешқашан тоқтатқан емес. 1969 жылы ол Мәскеудегі дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында бес ай акушер-гинеколог мамандығы бойынша білімін шыңдап, тәжірибесін молайтып қайтады. Бұл оның кәсіби деңгейін одан әрі көтеріп, білікті маман ретінде танылуына мүмкіндік берді.
Ұмытпаймыз!
Анамызды елдің бәрі таниды,
Халқымыздың дәрігері жаны игі.
Ана еді ғой шипасы бар қолының,
Сәби сыйлап қуандырған әр үйді.Еңбегімен озық болған қатардан,
Үлкендерден алғыс пенен бата алған.
Асқақтатып ауданымның атағын,
КСРО Халық дәрігері атанған.Өмір жолын өрнектейін өлеңмен,
Ақ халатты абзал жан ғой дегенмен.
Еңбектері ел алдында елеулі,
Аналардың алғысына бөленген.Күлкі сыйлап жадыраған көңілге,
Шуақ шашқан мынау жатқан өңірге.
Әкімді де, ақынды да, мұғалімді әкелген,
Зағипа ана мынау жарық өмірге.Ұмытпайды аналарым бесіктерін тербеткен,
Бала үшін маңдайларын терлеткен.
Ұмытпайды ұлдарыңыз, қыздарыңыз мәңгілік,
Кеше сәби, бүгін, міне, ержеткен.Нұрбақыт Күрдешбай
Ұзақ жыл бойғы адал еңбек, өзгеге жасаған жақсылық ешқашан ұмытылмайды, елеусіз қалмайды. Зағипа Мәдиқызының медицина саласындағы қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, 1966 жылы ол Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен және «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. 1971 жылы денсаулық сақтау саласындағы ерекше еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденіне ие болды. Бұл марапаттар оның кәсіби шеберлігі мен адал еңбегінің айқын дәлелі еді.
Тегінде, халыққа қалтқысыз қызмет көрсеткен адамды атақ-марапат деген дүние өзі іздеп табады емес пе?! Кеңес одағының батыры атағы қан майданда батырлық пен ерліктің асқан үлгісін көрсеткендерге берілсе, КСРО Халық дәрігері – бейбіт заманда адам жаны үшін күрескен санаулы дәрігерге ғана берілетін құрметті атақ. Бұл марапатты алуының жай-жапсарын Зағипа Мәдиқызымен бірге қызмет істеген ардагер-дәрігер Тұрарбек Төлендиев былай деп еске алады:
«1978 жылы Кеген аудандық ауруханасының бас дәрігері болып тұрғанда, ақпан айында болса керек, Кеген өңірінде күшті жер сілкінісі болды. Салдарынан өңірдегі біраз әлеуметтік, медициналық нысан, оның ішінде Жалағаштағы аурухана қатты зардап шегіп, іске жарамай қалды. Сол кезде облыс көлемінде көмек көрсетілді, сонау Сібірден құралмалы материалдар әкеліп, Жалағашта аурухана тұрғыздық. Денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шарманов тікұшақпен Жалағашқа келіп, «Жедел жәрдем» көліктерін бергізді. Сөйтіп, аурухананы аяғынан қайта тұрғыздық. Сол тұста қарапайым, мейірімді, ашық мінезді Зағипа Мәдиева күн демей, түн демей жүкті әйелдерді босандырып, уақытпен санаспай жұмыс істейтін еді. Сол жылы Мәскеуден ауданымызға бір топ маман келіп, Зағипаны «КСРО Халық дәрігері» орденімен марапаттады. Ел-жұрт сүйікті дәрігерінің еңбегі еленгеніне риза болды», – дейді Тұрарбек Төлендиев.
Бұдан кейін де Зағипа Мәдиқызының қызметі ескерусіз қалмады. 1986 жылы КСРО Жоғарғы кеңесінің шешімімен «Еңбек Ері» медалімен марапатталды. 1988 жылы Кеген аудандық атқару комитетінің шешімімен «Кеген ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл – туған өлкесінің оған деген ерекше құрметінің белгісі еді.
Зағипа Мәдиқызы тек кәсіби маман ғана емес, сонымен бірге қоғам өміріне белсенді араласқан тұлға болды. 1972 жылы Кеген аудандық кеңесінің депутаты атанса, 1975 жылы Жалаңаш ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланды. Бұл қызметтерінде ол ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуге атсалысты.
Кәсіби және қоғамдық қызметімен қатар, ол отбасының да ұйытқысы бола білді. Қазақ орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарған жары Сәкен Сыбанбаев екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Қызы Құралай анасының жолын қуып, дәрігер мамандығын таңдады. Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, анасының жолымен акушер-гинеколог болып еңбек етті. Өкінішке қарай, Құралай өмірден ерте өтті, артында екі баласы қалды. Ұлы Қайрат та өз отбасын құрып, ұрпақ өсіріп отырған азамат. Ұзақ жыл бойы халыққа адал қызмет еткен Зағипа Мәдиқызы 2011 жылдың 22 ақпанында Жалағаш ауылында дүниеден өтті.
Зағипа Мәдиқызы – өмірін адам денсаулығын сақтауға, халыққа қызмет етуге арнаған аяулы жан. Оның еңбек жолы мамандығына деген адалдықтың, жауапкершіліктің және кәсіби шеберліктің жарқын үлгісі болып қала бермек. Өйткені ол жастайынан өмірдің қандай қиындығына тап болса да, білімге ұмтылып, өз еңбегімен биік жетістіктерге жетуге болатынын дәлелдеп кетті. Еліне қызмет еткен, талай ананың бақытына себеп болған дәрігердің игілікті істері халық жадында мәңгі сақталып, есімі туған жерінің тарихында әрдайым құрметпен атала бермек. Осы орайда Жалағаш ауылының тұрғындары мен белсенді азаматтарының Зағипа Мәдиеваның есімін болашақ ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында ауылды кесіп өтетін жол бойында салынатын бірнеше шақырымдық саябақ аумағын дәрігер есімімен атау бастамасы құптарлық-ақ іс деуге болады.
Кеген ауданы
