Өңірде қоқысты қайта өңдейтін жаңа зауыт салынады. Бұл жобаға Біріккен Араб Әмірлігінің «Emirates Global Education» компаниясы инвестиция салуға ниетті. Осыған орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аталған компания өкілдерімен кездесті.
Жиында тараптар білім беру, туризм және экология саласындағы ынтымақтастықты арттыру барысын талқылады. Әсіресе өңірде жүзеге асырылатын қалдықты қайта өңдеу кешенінің жобасына ерекше назар аударылды. Жақын арада құрылыстың алғашқы кезеңі басталып, қоқысты сұрыптау желілері іске қосылады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ қалдықты энергияға айналдыратын заманауи зауытты пайдалануға беру көзделген. Бұл бастаманы «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі мен «Даму» қоры қолдап отыр.
Компания өкілі Халид Әл-Кинди жобаны қаржыландырумен қатар, озық технологияларды іске қосып, халықаралық тәжірибемен бөлісуге дайын екендерін жеткізді. «Өздеріңіз білетіндей, Біріккен Араб Әмірлігі шөлейт аймақта орналасқан. Қазақстандағыдай көркем табиғат бізде жоқ. Еліміздің дамуы алғашында мұнай мен газ саласына негізделді. Осы ресурстардың арқасында елеулі табыстарға қол жеткізілді. Алайда экономиканы әртараптандыру туралы стратегиялық шешімнен кейін еліміздегі түрлі салада қарқынды даму басталды. Ең алдымен туризмді ілгерілетуге басымдық берілді. Дубай қаласы – соның айқын дәлелі. Туристердің жайлы демалуы үшін қажетті инфрақұрылым толық қалыптасты. Көптеген мемлекет азаматтарына визасыз режим енгізілді. Бүгінде БАӘ халықаралық деңгейдегі ірі іс-шаралар мен инвестициялық жобаларды іске асыратын мемлекетке айналды. Қазіргі таңда Қазақстан да халықаралық деңгейде өзін жақсы қырынан танытып келеді. Сондықтан біз өз тәжірибемізді Қазақстанмен бөлісуге әзірміз», – деді Халид Әл-Кинди.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде облыстың инвестициялық, көлік-логистикалық және туристік әлеуетіне тоқталды. «Алматы облысы – еліміздегі алдыңғы қатарлы аймақтардың бірі. Халықаралық автомобиль және теміржол дәліздері өңіріміз арқылы өтеді. Сондықтан өнеркәсіп, логистика және агроөнеркәсіп кешені айтарлықтай алға жылжыды. Соңғы төрт жыл ішінде өңірдің экономикалық көрсеткіші екі есе артты. Жалпы ішкі өнім көлемі бойынша республикада алғашқы бестікке кірді. Сонымен қатар біздің экономикамыз әртараптандырылған. Яғни бір ғана салаға тәуелді емеспіз. Әсіресе туризм саласына ерекше көңіл бөлінуде. Дегенмен инфрақұрылымды жетілдіру, халықаралық деңгейдегі қонақүйлер мен демалыс орындарының санын арттыру маңызды», – деді өңір басшысы.
Кездесуде білім беру саласындағы байланысты арттыру мәселесі де қозғалды. Облыс басшысы жаңа оқу орындарын ашу, университет қалашықтары мен академиялық кампустар құру бағытындағы жоспарлармен бөлісіп, бұл бастамаларға шетелдік инвесторларды тартуға мүдделі екенін айтты. «Emirates Global Education» компаниясы Астана қаласында халықаралық SABIS мектебін ашып жатыр. Осыған орай Алматы облысында да әлемдік деңгейдегі білім беру ошақтарын салуға мүмкіндіктер бар.
Осылайша, кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға уағдаласты.
Гүлзат БАЙҚОНЫС


