Перейти к содержимому
Главная страница » Мамандар еңбегі еленді

Мамандар еңбегі еленді

Су шаруашылығы қызметкерлерінің егістік алқаптарын сумен қамтуда сіңіріп жатқан еңбегі зор. Арналар, су қоймалары мен бөгеттерден тұратын суару жүйесі болмаса, осынау жайқалған алқаптарды сумен қамту мүмкін емес. Егістікке жеткен әрбір текше метр тіршілік нәрінің артында гидротехниктердің, инженерлердің және су реттеушілерінің күнделікті тынымсыз еңбегі жатыр.

Осынау істі үйлестіріп отырған су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі Қонаев қаласында салтанатты түрде атап өтілді. Облыс әкімдігі ғимаратында өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ирригациялық жүйелердің жағдайын тәулік бойы қадағалайтын мамандарға құрмет көрсетілді.
Кездесуге сала ардагерлері, «Алматыоблсушар» мекемесінің, Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының, Балқаш-Алакөл бассейндік су инспекциясының қызметкерлері, сондай-ақ жобалау және құрылыс мекемелерінің мамандары шақырылды.
Жиналған қауымды облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы құттықтады.
– Егістік жерлердің өнімділігі, аграрлық саланың дамуы және халықтың азық-түлік қауіпсіздігі сіздердің қажырлы еңбектеріңізге тікелей байланысты. Өңірімізде су қоймалары мен каналдарды жаңғырту, сондай-ақ ирригациялық инфрақұрылымды жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар экономиканың өсуіне зор үлес қосуда. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Жұмыстарыңызға толайым табыс тілеймін, – деді ол.
Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары үздік 38 маманға мемлекеттік және ведомстволық наградаларды, төсбелгілер, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды табыстады.
Осы күні «Су шаруашылығының үздігі» ведомстволық төсбелгісіне ие болғандардың бірі – Абзал Рахымбаев. Ол Күрті өндірістік учаскесіне қарасты Тасқұтан су көтеру бөгетінде инженер-гидротехник болып еңбек етеді. Бұл – Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының сол және оң жағалау магистральдық арналарына судың бөлінуін реттейтін стратегиялық маңызы бар нысан.
Абзал бұл салада он жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол өзіне сеніп тапсырылған учаскенің әрбір тұсын жетік біледі.
– Бұл марапат – ұжымымыздың ортақ еңбегінің жемісі. Тасқұтан бөгетінде біз суармалы аудандарға су берілуін қадағалаймыз. Мұндағы әрбір литр су диқандар үшін аса маңызды. Жұмысымыз өте жауапты, әсіресе суару маусымында демалыс пен мереке дегенді ұмытамыз. Алайда еңбегіңнің арқасында халықтың мол өнім алып жатқанын көргенде, өз ісіңнің маңызын терең сезінесің. Барша әріптесімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! – деді Абзал Рахымбаев.
Бүгінде мемлекеттік деңгейде кеңінен айтылып жүрген су инфрақұрылымын дамыту мен су үнемдеу технологияларын енгізу дәл осындай өз ісіне адал мамандардың арқасында жүзеге асуда. Сала ардагерлерінің мол тәжірибесі мен жастардың жігері облыстың болашаққа нық сеніммен қадам басуына, ең басты байлығы – су ресурстарын сақтап, тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.

Алма ЕСЕНБАЙ