⛅
9°C
Қонаев
Сенбі, Сәуір 18, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    АҒАЛАР АЛАТАУ АСҚАНДА

    18.04.2026
    in Барлық жаңалықтар
    АҒАЛАР АЛАТАУ АСҚАНДА
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Жазғытұрымның жаңбыры бір толастасашы! Іле іргесіндегі Қонаевтан шығып, ару Алматыға аялдап, одан әрі Алатау асып, Бішкек барғанша «Аспан тесілген бе?» деумен болдық. Жол жағалай қылтиған қалың көкті лезде қаулата көтерген көктемгі жаңбыр көңіл шіркінді де түу көкжиекпен астастырып, бірде қуаныш сыйлап, тасқындатып жіберсе, енді бірде түпсіз терең ойға батырып, томсырайтып қояды. Қонаевтан түстікке қарай атылған оқтай зулаған ақ көліктегі екеудің әр тақырыптағы диалогы Алматыдан ары үшеудің әсерлі әңгімесіне ұласқан. Ендігі көңіл-күй, ендігі ой-тамызық жол бойғы жаңбырмен емес, қос ағамыздың құлақ құрышын қандыратын сара сөзі, түрлі тақырыптағы қызу талқысымен қабысып, пайымды пікір, кейінгі ұрпақ санасына біртүйер ұлағатпен ұштасып жатты. Алатаудың ар жағынан шақырту алған үшеудің бірі Алматы облысындағы аймақтық басылымдар мен сайттардың, өңірлік коммуникация қызметінің басын біріктірген «Өлке тынысы» ЖШС директоры, белгілі ақын Кәдірбек Құныпияұлы болса, екіншісі – Алматыдан қатарымызды толықтырған, есімі елге мәшһүр қаламгер, прозашы Нұрғали Ораз. Үшіншісі… Қос ағамыздың жолын қумасақ та, қолын ұстап, су құюға жарасақ деген ізгі ниеттегі інілерінің бірі, екі қаламгерді көрші елге аман-есен апарып, алып қайтуды міндетіне алған, жай ғана көлік тізгіндеген өзім едім. Бұл жолғы барыс-келіс мен үшін Қырғыз жеріне алғаш рет аяқ басуым өз алдына, қос ағамыз тиегін ағытқан әдебиет, мәдениет, қоғам жайлы сүбелі әңгімеден үлкен әсер алып қайтқан тарихи мәні жоғары, естен кетпес іссапарға айналды.

    Кітап оқу кенжелеп қалды

    Алматы ішін өрлей келіп тоқтаған тұрғын үйдің бірінен Нұрғали ағамыз шықты. Сырттай есім-сойын білеміз, кейбір кітаптарымен жақсы таныспыз, ал бетпе-бет жүздесіп тұрғанымыз осы. Әдетте танымайтын, білмейтін бейсауат адамдарды, былайғы оқырмандарды көрсе, кейбір қаламгерлер әдебиет ардың ісі екенін шетке жиырып қойып, пендешілігі басып, тәкаппарлығы ұстап қалатыны – ащы да болса шындық. Былайғы жұртпен жүре сөйлесетіндер, шығармаларындағы адамгершілік, ар-ұят идеясы, көркемдік қағидалары өз бойынан табылмай қынжылтатыны, сөйтіп, сөзі мен ісі үйлеспей, көпшілікті өкпелетіп алатын жазушылар да жеткілікті. Бірақ Нұрғали ағаның бойынан мұндай теріс қылық байқай қоймадық. Кәдірбек аға екеуі емен-жарқын амандасты. Бұрыннан таныс, қандыкөйлек дос, өмірдің ыстық-суығын, құдіретті қаламның қиындығы мен қуанышын бірге көтеріп келе жатқан үзеңгілестер. Сапар белгілі – Қырғыз еліндегі әдебиет симпозиумы. Алдымызда – жаңбырлы жол. Алматы мен Бішкек арасы соншалықты қашық болмағанымен, екі бөлек мемлекет. Арада мемлекеттік шекара бар. Сон­дықтан ұзақ сапарда қос ағам қоғамның күйіп-пісіп тұрған барлық тақырыбын қозғайды деген үмітпен үнсіз құлақ түріп, Бішкекті бетке алып, кең даңғылға түстік. Айтқандай-ақ, әңгіменің әлқиссасын Нұрғали ағамыз бастады.
    «Қазір кітап оқу мәдениеті мүлде кенжелеп қалды, – деді ол алдымызда жатқан ұзақ жолға көз тастап. Ағамыз­дың жүріс-тұрысынан тыс, үнінен, дауыс ырғағынан да зиялылық лебі еседі екен. Арыдан қозғалған сөздің жаны бар еді. Көп кітап оқығаны, көп түйгені бірден аңғарылды. Ағамыз әңгімесін ары қарай жалғады. – Өзіміздің ірі мегаполистің бірінде, Шымкент қаласында кітап сататын дүкен екеу-ақ екеніне көзім жеткенде қатты түңілдім. Мұндай ірі қалаларда, миллионнан астам тұрғыны бар шаһарларда небәрі екі кітап дүкенінің болуы нені аңғартады? Мемлекетіміздің руханияты осыншалықты жұтаң күй кешеді деп үш ұйықтасам, ойламаппын».
    Ағамыз терең күрсінді. Қозғаған тақырыбы ауыр еді. Кітап оқымайтын қоғам әлдеқашан қалыптасып қойған. Қалалы жер тұрмақ, ауыл-аймақта да кітапханаға есігінен енетіндер саусақпен санарлық. Кітап адамды ізгілікке, мәдениетке тәрбиелейтін ең тиімді құрал десек, болашағымыздың қаншалықты қатігезденіп, білімнен алыстап бара жатқанын түсінгендей боласың. Бірақ солай екен деп түңіліп, нарық талабын айналып өте алмасымыз тағы анық. Ат төбеліндей зиялылар шоғыры бәрібір де қоғамды ізгілендіріп, келешекке ғылым мен білім нұрын себеді деп сенгеніміз абзал. Ағамыздың сөзін жеңілдетпек ниетте: «Кітап дүкендері шынымен қазір азайып кетті. Бәсекенің заңы тым қатал. Бірақ Президентіміз бір жылдары тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар санын арттыру жөнінде айтып қалғаны бар еді. Шетелде, Еуропа, Америка елдерінде солай деп естиміз. Қазір Алматыда екі кітапхана тәулік бойы жұмыс істейтін режимге көшті емес пе?» – дедім. Жазушы бұл сөзге жадырап қалды. Қаламгердің жан дүниесіне әсер ететін келеңсіз көріністер мұнымен толастамайтын еді.

    Адамзаттың Айтматовы

    Ұзақ жолды қысқартпақ оймен келелі тақырыпқа Кәдірбек аға ой қосқан.
    – Қазіргі жастардың көбі кітаптан алыс. Мәдениет, өнер, әдебиет саласының адамдары болмаса, былайғы ел-жұрт оқи бермейді. Кітап оқуды міндеттеудің түрлі жолын тауып, идеологияны күшейтпесе, мемлекетіміз әлсірей береді. Рухани потенциалы төмен елдер жаһандық тасқынға тез-ақ жұтылып кетеді, – деді Кәдірбек аға сөзін нықтап. Бұл тақырыптың бесенеден қозғалып келе жатқанын, рухани жұтаңдықты шешудің нақты бір тетігін ойлап табу өте қиын екенін алға тартқан аға сөзін бүгінгі сапарға бұрды. – Қырғыз елі дегенде, ең алдымен, барлығымыз Шыңғыс Айтматовты алға тартамыз. Бүкіл әлем мойындаған, айыр қалпақты ағайынның тыныс-тіршілігін әдебиет арқылы жұмыр жердің оқырманына асқан шеберлікпен жеткізген қаламы ұшқыр жазушы. Бірақ осындай дарын иесін өзінің туған халқы, қырғыз жұрты көп мойындай бермейтін сияқты. Сынаушылар да, мінеушілер де көп. Шығармасынан логикалық қателіктер, миға қонымсыз сөздер тауып, қиыспайтын, үйлеспейтін детальдарды дәлелдеп әлек болғандар қаншама?!
    Кәдірбек ағаның бұл ойын толық­тыра түскен Нұрғали Ораз: «Иә, адам­заттың Айтматовы деп текке айтылған жоқ. Бұл жазушы біздің Олжас Сүлейменов сияқты ғұмыр кешті ғой. Шыңғысты жаппай сынап-мінеу­шілерде де бірнеше себеп болды деп ойлаймын. Иә, шығармасындағы балықшылардың тұрмысын шынайы өмірден алшақ етіп көрсеткенін нақты сынап, дәлелдегендер баршылық. Қырғыз халқы да біз секілді тілі орысша қаламгерлерін өздеріне жақын тарта қойған жоқ. Отбасы, ошақ қасындағы ұстанымдарын да халқы білді. Отбасындағы орысшылдық та өз әсерін тигізді», – деді.
    Иә, ағалар қозғаған мәселенің мәнісі тағы да тіл тақырыбымен байланысып жатыр. Мінберлерде мемлекеттік тіл мерейін асырып, жанайқайын жеткізіп, ана тілім – арым деп жүрген қайраткерлер өте көп. Әлеуметтік желіде әдемі пост жазып, қазақ тілінің шын қорғаушысы, қолдаушысы ретінде көрініп жүргендер жиі кездеседі. Алайда отбасында, ошақ қасында орысша шүлдірлеп, балалары, немерелері, шөберелері орыс тілінде сөйлеп отырғанын көргенде, әрине, ондай тұлғадан түңілмесең де, іш тартпай қалатының анық. Қос ағамыз бұл тақырыпта да кеңінен ой толғады. «Қырғызда да, қазақта да мінберде ана тілім деп шырылдап, отбасында орысша сөйлейтіндер өте көп кездеседі», – деді Кәдірбек аға. Одан кейін көлік тізгініндегі маған бұрылып: «Сенде қалай? Балаларың қазақша тәрбиеленіп жатыр ма?» – деді күлімсіреп әрі сынай қарап. Мен балалардың бірінші кезекте ана тілінде білім алуына баса мән беріп отырғанымызды, үйде үнемі «Балапан» телеарнасын көретінін, онда барлық өнім қазақ тілінде ұсынылатынын, соның арқасында қазақша көп тіркес­терді жатқа білетінін айттым. Аға­лардың бұл сөзі тілге құрмет, ана тілін ардақтау отбасынан басталатынын шегелеп ұғындырғандай әсер етті.

    Салижан симпозиумы

    Қонаевтан Алматы шығып, одан Алатау асқан ағалардың қордалы әңгімесімен Қордайға да жеттік. Әдебиет турасындағы зерделі сөз, онымен қоса жол бойы жауған жаңбыр Қордаймен іркес-тіркес жатқан Қазақ – Қырғыз шекарасынан өткеннен кейін де толастамады. Басқасын қайдам, бізге Жамбыл облысының Қордай ауданы мен Бішкек арасы ірілі-ұсақты елдімекендермен жалғасып жатқандай әсер қалдырды. Екі ел арасындағы барыс-келіс, сауда-саттық, экономикалық һәм мәдени байланыс Бішкек – Қордай арасын әне-міне, қосып жіберердей болып тұр.
    Іссапардың негізгі бөлімі Қырғызстан Халық жазушысы, әдебиет сыншысы, публицист Салижан Жігітовтің 90 жылдығына арналды. Ақын әрі елге белгілі қоғам қайраткері Қырғыз мем­лекетінің мәдениеті мен әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан. Көрнекті ғалым ғылыммен ғана шұғылданып қоймай, қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсене араласқан. Қырғыз елінің демократиялық көзқарасының қалып­тасуына, оқу-ағарту ісіне, әдебиеті мен тілінің қайта жаңғыруына көп еңбек сіңірді. Қажет жерінде қоғамның олқы тұстарына өткір сын айтып, түзелуіне ықпал етті. «Салижан Жігітов және жаңа әдебиет» деп аталған халықаралық симпозиумда қайраткердің барлық қыры баяндама өзегіне айналды. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Қырғыз Ұлттық ілімдер академиясы және Қырғыз Республикасының Ұлттық жазушылар союзы бірлесіп қолға алған игілікті шара Қырғыз-Түрік Манас университетінде ұйымдастырылды. Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз университеті де басқосудың өз деңгейінде өтуіне ұйытқы болды. Екі күнге жалғасқан басқосуда Манас университетінің оқытушылары, ғалымдар, қаламгерлер сөз сөйлеп, бірегей тұлғаның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты таныстырды. Ғалымның ізінен ерген шәкірттері де естелігімен бөлісіп, адамгершілігіне, қамқорлығына кеңінен тоқталды. Халықаралық симпозиумда Қазақстаннан бөлек, Түркия, Әзербайжан, Испания сияқты алыс-жақын шетелдің оқытушы ғалымдары да қатысып, салижантану бағытында баяндама жасады.
    Салижан симпозиумының ресми бөлігінде Қырғыз Президентінің кеңесшісі Медетбек Букуев, Қырғыз Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Эдил Байсалов, Қырғыз Ұлттық жазушылар союзының төрағасы Қаныбек Иманалиев мінберге көтері­ліп, мемлекет және қоғам қайраткері жөнінде толымды ой, байыпты пікір, тағылымға толы сөз айтып, ғалым есімін кеңінен насихаттау керегін алға тартты. Манас университетінің ректоры Алпаслан Жейлан, доцент Халит Ашлар, декан Алпаслан Ашык та құттықтауын жеткізіп, ұлт перзенті жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.
    Шараның екінші отырысында Қырғызстанның және шетелдің көптеген ғалым-профессорларымен бірге Қазақстан атынан ақын Кәдірбек Құныпияұлы баяндама жасап, қазіргі қазақ-қырғыз әдеби байланысы, оның ішінде аударма хақында сөз қозғады. «Қырғыз-қазақ әдеби байланысының тарихы сонау ықылым замандарға барып тірелетінін қос халықтың бай ауыз әдебиеті де, көне жазбалары да дәлелдеп келеді. Төсекте басы, төскейде малы араласқан бауырлас екі халықтың тілінің де, ділінің де, салт-дәстүрлерінің де ерекше ұқсастығы әдеби, мәдени байланыстарымыздың тереңдей түсуіне айрықша ықпал жасағаны сөзсіз. Қазақ ғылымында аққан жұлдыздай із қалдырып өткен Шоқан Уәлихановтың Манас эпосына қызығушылығы, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың әдебиет әлеміндегі бауырластығы, әрідегі көне тарихи эпос-жырларымыздың терең тамырластығы – осының барлығы да екі ел арасындағы достық пен туыстықтың мәңгілік екенін айғақтайтын нақты деректер», – деді Кәдірбек Құныпияұлы.
    Ары қарайғы сөзінде ақын екі ел арасындағы әдеби өмір туралы баяндап, жекелеген агенттіктер мен ұйымдар емес, Қазақстан мен Қырғызстан Жазушылар одағы бірлесіп, аударма жұмысын жандандырса деген ұсыныс айтты. «Осынау салаға кезінде өзім қызмет атқарған Халықаралық Түркі академиясы біраз үлес қосып еді. Осыдан он шақты жыл бұрын осы академияда қырғыз ғалымы Қадыралы Қоңқабаев байке екеуміз бірқанша шаруаларды бірлесіп атқардық. Мен осы ағамыздың көмегімен қырғыз жазушысы Сұлтан Раевтың «Жанжаза» романын және «Жаныш – Байыс» эпосының поэзиялық нұсқасын қазақ тіліне аударып шықтым. Сонымен бірге ТҮРКСОЙ ұйымы арқылы да екі ел ақындары бір-бірлерін өз тілдерінде сөйлетіп, кітаптар алмасқаны белгілі. Осы орайда сол кезде Анкарада қызмет атқарған қырғыз ақыны Қожагелді Күлтегінді аударып, қазақ тілінде жарыққа шығардық. Бұл іске қазақ ақындары Саят Қамшыгер, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Қайырбек Шағыр, тағы басқалары елеулі үлес қосты. Ал қазақ ақындарын қырғыз тіліне аудару барысында да қырғыз бәйкелер өнімді еңбек етіп келеді. Осыдан бірер жыл бұрын қазақ тілінде «Азыркы қазақ поэзиясы» жинағы жарық көріп, қазақ ақындары қырғыз тілінде оқырмандармен қауышты. Алтынбек Имсайылов, Атантай Акбаров, Қарбалаш Бакиров, Тыныштықбек Нұрманбеков, Қыялбек Ахматов, Ұлықбек Омокеев, Назгүл Осмонова сияқты қырғыз шайырларына қазақ ақындарының айтар алғысы шексіз. Осыған қарымта ретінде ақын Саят Қамшыгердің ұйымдастыруымен қырғыз ақындарының жинағы қазақ тілінде жарық көрді. Қазір прозашылар жинағы дайындалып жатыр. Алдағы уақытта осындай әдеби, мәдени байланыстарымыздың гүлдене берері сөзсіз деп есептеймін. Өйткені бұл істің сіздерге де, біздерге де, келер ұрпаққа да аса қажет екені ақиқат», – деген Кәдірбек аға Қырғыз еліндегі кезекті бір демалысында жазған «Ыстықкөл» атты өлеңін көпшілікке оқып берді.
    Халықаралық симпозиум салижан­тану ғылымын жандандырумен шек­телмей, құрметті қонақтардың еркін форматта пікір алмасып, дастарқан басында танысып, білісуіне, әсіресе, ақын-жазушылардың шығармашылық байланысын арттыруға көп септігін тигізді. Шара барысында Қазақстан атынан келген біздерге, ақын Кәдірбек Құныпияұлы мен жазушы Нұрғали Оразға Алғыс сертификаттары тап­сырылып, құрмет көрсетілді.

    Жаны ауырмаған жазушы емес

    Бішкек сапары да аяқталар уақытқа жеттік. Манас университетінің ауласы көңіл сүйсінтеді. Студенттерге арналған тротуар, гүлзар бағы, тал-теректер табиғатқа деген қамқорлықтың биік деңгейде екенін байқатты. Бұл жағынан Қазақстанның маңдайалды оқу орны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығынан кем түспейтінін, оқу бағдарламасы да әлемдік талаптарға сай стандартталғанын көрдік. Қала көшелері жасыл желекке толы, көп ғимарат, тарихи қалпын сақтаған. Біз Бішкектен шығып, өз елімізге сапар шеккенде де Табиғат-Ана жаңбырлатып тұрды. Бірақ біздің оған көңіліміз түскен жоқ. Көктемнің жаңбыры қайдан жабырқата қойсын?! Мұндай уақытта ұзақ жол жүрген тіптен тамаша емес пе? Сапарымыз тағы да сарабдал ой, салиқалы әңгімемен жалғасын тапты.
    Жазушы Нұрғали Ораз қайтар жолда қоғамдағы діни ахуалды, әр адамның жүрегіндегі асыл сенім жайын сөз етті. Бірақ сол сенім формализмге ұрынып бара жатқанын, жүрекке тоқып, көңілге түйіп, біліммен ұғыну жағы ұмыт қалғанын әңгіме өзегіне айналдырды. «Бір күні ауылға жол түсті. Дастарқан басында ауылдың жастары, намаз оқитын, ата дініміздің бес парызына берік азаматтар жиналды. Қарап отырсам, көпшілігінің білімі өте таяз. Дінді ұстану ең бірінші мол білім жинап, иман байлығын арттыруда жатыр емес пе? Ал білімнің кілті – кітапта. Бірақ сол азаматтарға сұрақ қойсам, ғаламтор бетінен, әлеуметтік желіден көріп қалған, естіп қалған дүниелерін айтудан ары аса алмайды. Көбі кітап бетін ашпағандар. Кітап бетін ашпайтын, көркем дүниелерді оқып, сезіне алмайтын адамның Құдайды да тануына күдікпен қараймын», – деді Нұрғали аға. Расымен де, осындай білімсіздіктің салдарынан қаншама жас жат ағымның шырмауына түсіп, тіпті отбасын, Отанын тәрк етіп, өлімге душар болып жатыр?! Дінге біліммен, ғылыммен келген адамның танымы да терең, шексіз фанатизмге де ұрынбайды. Осындай түрлі тақырыпта сөз қозғаған ағалардың әңгімесімен шекарадан өтіп, Қордайға қалай кіріп келгенімізді білмей қалдық.
    Алатау асып, Бішкек барып, Алматы қайтқан ағалар әдебиет, шығармашылық туралы тағы да ой өрбітті. Бүгінгі поэзияның беталысын, ақындардың қарым-қабілеті жайлы пікір білдірді. Кәдірбек аға өлеңдерден табиғи реңк жоғалып бара жатқанын, теориялық талаптардың үдесінен шыққанымен көптеген жыр жолында жасандылық, көлгірлік басым екенін айтты. «Өлең құрылымын меңгеріп алған ақындар әдебиетке қауіпті», – деген Кәдірбек Құныпияұлы әрбір шын журналист пен талантты қаламгердің өзіндік қолтаңбасы, көпшілікті мойындатқан туындысы болатынын алға тартты. Қара мақаламен, журналистикамен жүре берген адам іштей өспейтінін, керісінше, тоқырауға ұрынып, тұйыққа тірелетінін жеткізді. Газет журналистикасында ағымдағы шараларды жазуға аз ғана уақыт арнап, негізгі күшті жеке жобаларға бағыттап, эссе сияқты жанрларға бейімделудің маңызы зор. Ағалардың бұл сөзі қазіргі жас тілшілер үшін айқын бағдар еді.
    Қайтар жолда Қордайда аз уақытқа аялдадық. Ары-бері сапырылысқан жұртта есеп жоқ. Өзара әңгімелері – ақша, табыс. Тіпті шиеттей бала-шағасын ерткен жас аналар, саудада жүрген егде ер азаматтар мен әйелдер қай жерде табыс қандай көлемде екенін қызу талқылап, қоғамда материалдық құндылықтың қаншалықты алға шыққанын айқын көрсетіп тұрды. «Бішкектен бері бірнеше жерге тоқтадық. Қырғыз елінде де, қазақ жерінде де бәрінің айтатыны – ақша, пайда. Адал еңбек деп ақтап алуға болар-ақ, бірақ осылай жалғаса берсе, рухани байлық қайда қалады? Адамдық кейпімізді сақтап тұрған ішкі байлығымыз емес пе?» – деді Нұрғали Ораз. Шын жазушы осындай болса керек. Жан-жағындағы көріністің бәрі оның жүрегінен өтіп, көңілін жабырқатып жатқандай әсер берді. Амал не, адами қалпымызды сақтап, ар-ұяттан аттамай, адал өмір сүрсек, қанекей?!
    Жазғытұрымның жаңбыры бір толастасашы!

    Қуаныш ТҰНҒАТАР

    Қонаев – Алматы – Бішкек – Алматы – Қонаев

    Соңғы жаңалықтар

    Маңызды мәдени нысанның маңы тазартылды 
    18.04.2026
    Алатау қаласында “Таза Қазақстан” акциясы аясында сенбілік өтті
    18.04.2026
    Ұзақ батырдың шоқпары
    18.04.2026
    Ел іші – өнер кеніші
    18.04.2026
    Қарқарадағы жыр кеші
    18.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>