Қазақ әдебиетінде, соның ішінде поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасымен танылған жерлестеріміз аз емес. Солардың бірі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Асанқадыр Исабек. Жуырда қаламгердің 50 жасқа толған мерейтойына орай, Кеген ауданы Қарқара ауылындағы Мәдениет үйінде «Қойны құт, суы шәрбәт бал Қарқара!» атты шығармашылық кеші өтті.

Асанқадыр Исабек 1976 жылы Кеген ауданына қарасты Қарқара ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2002 жылы «Заман Қазақстан» газетінде тілші болып бастаған. Бұдан кейін «Ауыл» партиясының Алматы облыстық филиалында қызмет атқарды. 2008 жылы «Тамырдағы тәтті әуен» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері. Сонымен қатар Райымбек батырдың 300 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы.
Әдеби кешке Кеген ауданы әкімінің аппарат басшысы Қанат Бектенов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер Омар Қиқымов, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Ержан Тоқтар, ақынның әдебиеттегі ұстаздары, қаламгерлер, туған-туыстары мен оқырмандар қатысты.
Қонақтарды Мәдениет үйінің алдында әжелер ән-шашумен қарсы алды. Ауданнан шыққан ақын-жазушылардың кітап көрмесі ұйымдастырылды. Бабалардың даңққа толы тарихын арқау етіп, өлең сөзбен өлмес ескерткіш соққан Асанқадыр Исабектің «Он алтының ойраны» поэмасын Кеген халық театры әртістері сахналады.
Аудандық Мәдениет үйінің режиссері Аршын Нұрбақыт кеш тізгінін ұстап, алқалы жиынның шымылдығын мерейтой иесі Асанқадыр Исабек жыр жолдарымен ашты. Алғашқы құттықтау сөз кезегін алған Кеген ауданы әкімінің аппарат басшысы Қанат Бектенов ақынды мерейтойымен құттықтап, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың Алғыс хатын табыстап, иығына шапан жапты. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Тәтібаев, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы, ақын Ержан Тоқтар мерейтой иесіне жүрекжарды тілектерін арнап, сый-сияпатын табыс етті.

Кеш барысында «Бір қараңғы, бір шуақ» атты ақын кітабының таныстырылымы өтті. Жинаққа туған жер, жастық шақ, махаббат тақырыбындағы өлеңдерімен қоса, қоғам, шуағы мен қараңғысы қатар жүретін алмағайып өмір сырлары жайлы жүрек толқынысынан туындаған отты жырлары мен поэмалары енген. Қарқара орта мектебінің оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқып, жырсүйер жастардың өсіп келе жатқанын дәлелдеді.
Асанқадыр Исабек елге танымал бірнеше сазгердің әндеріне сөз жазған. Әсіресе жерлесіміз Думан Әбдірахмановпен тығыз шығармашық байланыста болып, тамаша туындыларды дүниеге әкелді. Аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Кәдірбек Сүлеймен «Қарқара» әнін орындаса, «Махаббат бер, Тәңірім!», «Ұран шақыру» әнін Думан Әбдірахманов, «Неге асығамды» Қуаныш Қырғызалиев нақышына келтіре шырқап, көпшіліктің қошеметіне ие болды.
Өнер зерттеушісі, филология ғылымының кандидаты, ғалым Сағатбек Медеубекұлы, «Байтақ» партиясы төрағасының орынбасары Жұмабек Бастаубаев, ұста Махмұт Құлментегі, «Ұлы дала» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғабиден Әділбекұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер Омар Қиқымов, ауданның Құрметті азаматы Әлікен Қапалбаев, Қарқара ауылдық округінің әкімі Ернұр Сабырбеков, ақынның әпкесі, журналист Ұлбосын Исабекова құттықтау сөз сөйлеп, Асанқадырдың әкесі Бөрібай ақсақал ақ батасын берді.
«Туған жерге келіп, ауылдастарымның алдында жыр оқып, бір серпіліп қалдым», – деген ақын Асанқадыр Исабек кешті ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы



