2024 жылғы 16 шілдеде Үкімет қаулысымен 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып бекітіліп, былтыр алғаш рет аталып өткен болатын. Биыл Кітапханашылар күні де осы атаулы күнге сәйкес келіп отыр. Осы қос мерекеге орай, Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен Қонаев қалалық кітапханасында «Кітап FEST – ұлттық құндылық» атты салтанатты шара өтті.
Алғашқы сөз облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиевке берілді.
– Кітап – ең сабырлы ұстаз, ұлттың жадын сақтайтын, сананы тәрбиелейтін, болашаққа бағыт беретін баға жетпес қазына. Кітапханашы – сол асыл қазынаны халыққа жеткізуші, рухани көпір бола білген маман. Қазіргі таңда кітапханалар тек кітап сақтайтын орын ғана емес, мәдениет пен білімнің, жаңа идеялар мен шығармашылықтың орталығына айналып отыр. Облыста бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, өткен жылдан бері Қонаев қалалық, Ұйғыр аудандық және Шелек, Жандосов ауылдық кітапханалары модернизациядан өтті. Кітапхана оқырманға қолайлы жаңа форматта қызмет көрсете бастады. Биыл тағы екі кітапхананы жаңғыртуға қаражат бөлініп отыр. Бұл – өңірімізде рухани инфрақұрылымды дамытуға деген нақты қолдаудың көрінісі. Кітап оқу мәдениетін дамыту, жас ұрпақтың рухани дүниесін байыту және ұлттық құндылықтарды ұлықтау
бағытында кітапханалардың атқарып отырған еңбегі орасан зор. Қазіргі кезде ақпарат ағыны күн сайын артып келеді. Соған қарамастан кітаптың орны ерекше. Өйткені кітап адамды ойлануға, ізденуге, терең түсінуге жетелейді. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады», – деген екен. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығы артып, білімге деген құштарлығы нығаюда, – деді басқарма басшысы.
Әнуар Мұхтарханұлы тынымсыз еңбек етіп, руханиятқа үлес қосып жүрген кітапханашыларға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті.

Жиналған қауымды мерекемен құттықтаған Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы ел руханиятына өлшеусіз үлес қосып жүрген бірқатар кітапханашыны Құрмет грамотасымен марапаттады. Сонымен қатар облыстық орталық әмбебап кітапханасының библиографы Айман Құрманәлиеваға, Қонаев қаласының кітапханасы директорының міндетін атқарушы Айгүл Ақтановаға, Қарасай ауданы Шамалған ауылдық кітапханасының меңгерушісі Айман Үмбетәлиеваға, Жамбыл ауданы Айдарлы ауылдық кітапханасының қызметкері Салтанат Ибраймоваға, Райымбек аудандық кітапханасының бөлім меңгерушісі Маржан Рысбековаға, Іле аудандық кітапханасының кітапханашысы Фариза Құлатаеваға, Алатау қаласы кітапханасының әдіскері Нурзат Хавдалмуликке, Кеген ауданы Саты ауылдық кітапханасынан келген Лиза Нұржаубаеваға «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісін табыстады. Сонымен бірге сала ардагерлері «Кітапхана ісінің ардагері» және «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Келесі кезекте ҚР Суретшілер одағының мүшесі Болат Хамзин, ҚР Мәдениет қайраткері Төлеужан Ғұмаров, айтыскер ақын Сырым Әуезхан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Сәуле Досжанның «Бала шақтан – болашаққа» кітабы негізінде облыстық эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттады. 11 ауданнан келген 30-ға жуық қатысушы арасынан бас жүлдені Жамбыл ауданынан Серік Айша жеңіп алды. Балқаш ауданының атынан қатысқан Естай Бақтиярұлы 1-орынды иеленсе, 2-орынды Қарасай ауданынан келген Ұлболсын Сайфуллина олжалады. Жүлделі 3-орынды Ұйғыр ауданынан Айару Мақсатқызы еншіледі. Бас жүлдеге – 200 мың, І орынға – 50 мың, 2-орынға – 30 мың, 3-орынға 20 – мың теңге ақша және автордың қолтаңбасы қойылған естелік кітап берілді.
– 2015 жылдан бері Жамбыл аудандық кітапханасында еңбек етіп келемін. Қазіргі кезде кітапхана уақыт талабына сай бейімделуде. Ұжым қызметкерлері жаңа технологияларды меңгеріп, жұмыс барысында жасанды интеллектіні қолдануда. Кітапханаға әртүрлі жастағы оқырмандар көптеп келеді. Түрлі акциялар, іс-шаралар мен кітап көрмелері ұйымдастырылып, көркем әдебиетті насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұрын аудан әкімінің, облыстық кітапхана басшысының марапаттарын алған едім. Енді облыс әкімінің Алғыс хатын иеленіп отырмын. Еңбегімнің бағаланып жатқанына қуаныштымын, – деді Жамбыл аудандық кітапханасының қызметкері Құралай Молдахметова.
Бұдан кейін «Қаламгер – ұлт ұстазы» атты ақын-жазушылармен сыр-сұхбат, жазушы Сәуле Досжанның байқау қатысушыларымен кездесуі, жазушы Есболат Айдабосынның «Ит тірлік» атты кітабының таныстырылымы және ардагер кітапханашылар мен жас кітапханашылар арасында шеберлік сыныбы өткізілді.
Мерекелік шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы




