Жасанды интеллект құралдары айналдырған бірер жылдың жүзінде жаппай қолданысқа еніп, күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналып келеді. Алғашында белгілі бір сұрақтың дайын жауабын ұсынатын ЖИ құралдары қазір интернеттегі әртүрлі деңгейдегі ақпаратты сүзіп, талдап, ақ-қарасын ажыратып беретін деңгейге жетіп қалды. Мұның сыртында түрлі тақырыпта сурет, бейне сияқты контенттер өндіруде де қазір адамның алдына шығып кетті десек болады. Бұлар жасанды интеллектінің біз – қарапайым адамдар білетін санаулы қабілеттерінің бірі ғана. Әйтпесе білім беру, медицина, телекоммуникация, қаржы секторы сияқты салаларда ЖИ біраз жұмысты мойнына алып, мамандардың қолын жеңілдетіп жатыр. Соғыс өрті шарпыған, қорғанысқа ден қойған мемлекеттер оның мүмкіндіктерін барынша пайдаланып отырғанын да байқап жүрміз. Әйтсе де жасанды интеллектінің мұндай қабілеті көпшіліктің үмітімен қатар үрейін де тудырып отырғаны жасырын емес. «Зерде және заман» айдарының кезекті бөлімінде жасанды интеллект еңбек нарығын қалай өзгертіп жатыр, болашақта қандай мамандықтар жойылуы мүмкін, қандай жаңа кәсіп түрлері пайда болуы ықтимал деген сұрақтардың төңірегінде ой жүгіртсек дейміз.
Асылында, ғылым мен технологияның дамуы қоғамда белгілі бір үміт пен үрей, тіпті қарсылықтар да туындатып отырғанын тарихтан білеміз. XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасыр басында Еуропада болған өнеркәсіп төңкерісі кезінде мануфактуралардың, кейіннен фабрикалардың пайда болуы жұмысшылардың айтарлықтай әлеуметтік қарсылығын туғызды. Англияда луддиттер деген атаумен танымал қозғалыста тоқыма және өнеркәсіп салаларындағы жұмысшылар машиналар өздерінің жұмысын тартып алады, жалақыны төмендетеді деп қорқып, тоқыма машиналарын және басқа да құрылғыларды қасақана қиратты. Әйтсе де, бұл кейін жұмысшылар құқығын қорғайтын кәсіподақтардың құрылуына, ақырында экономикалық қана емес, саяси құқықтарды да талап еткен қозғалысқа ұласты. Интернет пайда болған кезде де бойымызды үлкен үміт пен қорқыныш қатар жайлаған еді. Бірақ бүгінде интернетсіз ине сабақтай алмайтын халге жеттік десек болады. Қазіргі жасанды интеллектінің дамуы да мүмкіндіктермен қатар қауіп-қатерлер тудырып отырғаны рас.
Алайда бұл жолғы өзгерістің ауқымы бұрынғы технологиялық толқындардан әлдеқайда терең әрі жан-жақты екенін сарапшылар жиі айтып жүр. Себебі бұрынғы өнеркәсіптік немесе ғылыми-технологиялық революциялар көбіне адамның дене еңбегін немесе ақпаратқа қол жеткізуін өзгертсе, жасанды интеллект енді адамның ой еңбегінің бір бөлігін алмастыруға қабілетті деңгейге жетті.
Бүгінгі еңбек нарығында бұл үрдіс анық сезіледі. Қарапайым дерек енгізу, құжат өңдеу, базалық есеп-қисап жүргізу сияқты жұмыстар біртіндеп алгоритмдермен автоматтандырылған жүйелерге өтуде. Бұрын бірнеше маман атқарған істі енді бір ғана бағдарламалық жүйе секундтың ішінде орындай салады. Бұл, бір жағынан, өндіріс тиімділігін арттырса, екінші жағынан, белгілі бір мамандықтарға деген сұранысты да азайтып отыр. Бірақ бұл жасанды интеллект бұрыннан келе жатқан мамандықтарды мүлдем жойып жібереді деген сөз емес. Халықаралық еңбек ұйымдары мен экономикалық ұйымдардың зерттеулеріне сүйенсек, алдағы 5-10 жылда қазіргі кәсіптердің шамамен үштен бірі айтарлықтай трансформацияға ұшырайды. Яғни мамандықтар толық жойылмайды, бірақ оның мазмұны түбегейлі өзгереді. Мәселен, бухгалтерия саласында қарапайым есеп жүргізу автоматтандырылса, есепшінің өзі қаржылық талдау мен стратегиялық шешім қабылдауға көбірек көңіл бөледі. Сол сияқты журналистикада да ақпарат жинау мен алғашқы мәтін құрастыруды ЖИ атқаруы мүмкін, ал журналистің рөлі сараптау, терең талдау және қоғамдық мәні бар тақырыпты ашуға қарай ойысады. Сонымен қатар қазір аударма саласында да аудармашыларға деген сұраныс азайып, керісінше, жасанды интеллект аударған мәтіндерді үстінен қарап, редакциялайтын мамандарға сұраныс артқан. Дегенмен кейбір салаларда автоматтандыру ықпалы әлдеқайда күшті болуы ықтимал. Әсіресе қайталанатын, стандартталған операцияларға негізделген жұмыстар, мысалы, кассир, операторлық қызмет, қарапайым кеңсе хатшысы, бастапқы деңгейдегі деректерді өңдеу сияқты мамандықтар қысқару қаупі жоғары топқа жатады. Мұндай өзгеріс тек жеке маманға ғана емес, тұтас әлеуметтік құрылымға әсер етуі мүмкін.
Солай болса да, жасанды интеллект адамзатқа өзге ғаламшардан келген технология емес, адам қолымен жасалған дүние екенін естен шығармаған жөн. Әрбір технологиялық революция сияқты, жасанды интеллектінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін ол жүйелердің өзін үйрететін инженерлер, деректердің оң мақсатта пайдаланылғанын қадағалайтын этикалық сарапшылар, алгоритмдердің әділ, бейтарап жұмыс істеуін тексеретін аудиторлар, промпт инженерлері, адам мен ЖИ арасындағы коммуникацияны үйлестірушілер, ЖИ өнімдерін сату менеджерлері сияқты жаңа мамандықтар пайда болып келеді. Сонымен қатар адам мен жасанды интеллектінің бірлескен жұмысы (human-AI collaboration) ерекше маңызға ие бола бастады. Бұл модельде адам мен машина бірін бірі алмастырмайды, керісінше толықтырады. Мұнда ЖИ үлкен деректерді өңдеп, жылдам шешім ұсынса, адам сол шешімнің әлеуметтік, мәдени және моральдық салдарын бағалап, түпкілікті шешімді қабылдайды. Яғни болашақ еңбек нарығы адам мен ЖИ-дің тайталасына емес, селбесе жұмыс істеу формуласына негізделеді.
Дегенмен, жасанды интеллект дәуірінде адам еңбегі құнсызданып кетеді деуге де болмайды. Бұған дейінгі ғылыми-технологиялық төңкерістер ой еңбегінің қадірін арттырса, жасанды интеллект дене еңбегі, эмоционалды интеллект пен күрделі шешім қабылдауды талап ететін мамандықтардың құнын көтеріп жатыр. Америкалық Pew Research талдау орталығының дерегінше, спорт жаттықтырушысы, медбике, психолог, физиотерапевт, электр, сантехника сияқты кәсіби біліктілікті талап ететін мамандарды жасанды интеллект әзірге алмастыра алмайды.
Ендігі бір назар аударарлық сала – ауыл шаруашылығы. Көп жағдайда біз жасанды интеллектіні қала өмірімен, цифрлық технологиялармен, кеңсе жұмыстарымен байланыстырамыз. Алайда оның ықпалы агрономия мен мал шаруашылығына да дендеп еніп бара жатыр. Тіпті кей сарапшылар ауыл шаруашылығы алдағы онжылдықта жасанды интеллектіні ең кең қолданатын салалардың біріне айналады деп болжап отыр. Мысалы, бүгінде әлемнің дамыған елдерінде «ақылды фермерлік» ұғымы пайда болды. Мұның мәні егістікті, дрондар арқылы бақылау, топырақтың ылғалдылығы мен құрамын сенсорлар арқылы анықтау, ауа райын алдын ала болжап, соған сәйкес егін егу немесе жинау уақытын белгілеу сияқты шешімдерді қамтиды. Мұндай технологиялар адамның көп күшін қажет ететін жұмыстарды автоматтандырып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, бұрын фермер алқапты көзбен шолып, тәжірибесіне сүйене отырып шешім қабылдаса, енді жасанды интеллект нақты деректерге сүйеніп, қай жерге қанша тыңайтқыш қажет екенін дәл есептеп береді.
Әрине, мұндай өзгерістер еңбек нарығына әсер етпей қоймайды. Ауыл шаруашылығында қайталанатын, дене күшін қажет ететін жұмыстардың бір бөлігі қысқаруы мүмкін. Егін егу, суару, арамшөп тазалау, малды бақылау сияқты процестер автоматтандырылған техника мен жүйелерге жүктелген сайын, бұл салалардағы жұмыс күшіне деген сұраныс азаяды. Яғни бұрын бірнеше адам атқарған жұмысты енді бір ғана оператор немесе техникалық маман басқаруы ықтимал. Дегенмен, бұл ауылдағы жұмыс орындары жойылады деген сөз емес. Керісінше, олардың мазмұны өзгереді. Жасанды интеллект енгізілген шаруашылықтарда жаңа типтегі мамандарға сұраныс артады. Мысалы, агродрон операторлары, деректерді талдайтын аграрлық аналитиктер, «ақылды» фермаларды басқаратын менеджерлер, ауыл шаруашылығына арналған цифрлық жүйелерді баптайтын инженерлер қажет бола бастайды. Яғни дәстүрлі фермердің бейнесі де өзгереді. Енді ол тек жер өңдеуші емес, технологияны меңгерген басқарушыға айналады. Бұл үрдіс ауыл шаруашылығына ден қойып келе жатқан Қазақстан үшін де маңызды. Кең-байтақ жері бар, аграрлық әлеуеті зор ел ретінде жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алсақ, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бар. Әсіресе су ресурстарын үнемдеу, өнімділікті арттыру, климаттық қауіптерді азайту сияқты мәселелерде ЖИ үлкен рөл атқара алады. Ол үшін ауылдағы кадрлардың цифрлық сауатын арттыру, жаңа технологияларды қолжетімді ету, білім беру жүйесін жаңарту қажет.
Технологиясы дамыған елдерде жүріп жатқан үрдістер ерте ме, кеш пе, бізге де келіп жететіні белгілі. Елімізде биылғы жыл – Жасанды интеллект жылы деп жарияланып, цифрландыру процесі жүріп жатқанымен, еңбек нарығының ауқымды бөлігі әлі де дәстүрлі құрылымға сүйенеді. Сондықтан жасанды интеллектінің әсері бізде біртіндеп, бірақ айқын сезіледі. Бұл жағдай, бір жағынан, жаңа мүмкіндіктерге жол ашса, екінші жағынан, білім беру жүйесін, кадр даярлау саясатын қайта қарауды талап етеді. Бүгіннен бастап жастарды тек белгілі бір мамандыққа емес, икемді ойлау, цифрлық сауат, аналитикалық қабілет сияқты әмбебап дағдыларға баулыса, ертеңгі еңбек нарығына бейімделу әлдеқайда жеңіл болмақ. Сонымен қатар мамандардың жаңа технологияға бейімделуі үшін үздіксіз қайта даярлаудан өткізу де еңбек нарығындағы трансформацияны жеңілдететіні сөзсіз.
Технологияны тоқтату мүмкін емесін тарихтан білеміз, тек оны дұрыс бағытта қолдану ғана маңызды. Кезінде луддиттердің машинаны қирату арқылы өзгерісті тоқтатпақ болған талпынысы қалай сәтсіз болса, бүгінгі жасанды интеллектіні де шектеу арқылы дамуды тоқтату мүмкін емес. Сондықтан мәселе – технологияда емес, оны қоғам ретінде, мемлекет деңгейінде қалай қабылдайтынымызда. Жасанды интеллектіні қауіп емес, құрал десек, оның қоғамға әсері кім және қандай мақсатта қолданғанына қарай анықталады. Егер біз оны тек автоматтандыру құралы ретінде емес, адам әлеуетін кеңейтетін мүмкіндік ретінде қарастырсақ, онда ол еңбек нарығын қысқартпайды, керісінше, жаңа сапаға көтереді.
Айбек МҰҚАН




