Қонаев қаласындағы Бердібек Соқбақпаев атындағы орталық саябақта мектеп оқушылары арасында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үн қосқан «Тәртіп пен тазалық – жарқын болашақтың кепілі» атты фестивалі өтті.
Қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен, 300-ден астам мектеп оқушысының басын біріктірген шараға жергілікті әкімдік, прокуратура, полиция басқармасының өкілдері қатысты. Шара аясында балалар шығармашылығын шыңдау мақсатында «Заң және тәртіп балалар көзімен» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеде оқушылар құқық қорғау қызметкерлерінің күнделікті еңбегін және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын бейнеледі. Сонымен қоса балдырғандар қоян-қолтық ұрыс әдістерінен жаттығулар көрсетсе, балабақша бүлдіршіндеріндері саябақ аумағына гүл екті. «Қоғамның тазалығы мен қауіпсіздігі – әрбір азаматтың күнделікті әрекетінен басталады. «Таза және қауіпсіз қоғам – әрқайсымыздан басталады» деген ұстаным бүгінгі күні ерекше маңызға ие. Себебі қоғамдық тәртіп пен жайлы орта тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ал оны жас ұрпақтың санасына ұялатудың мәні зор» – деді игі бастамаға тілек білдірген Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марат Тұрсын.
Аталған шарада Қонаев қаласының прокуроры Жәнібек Оразбекұлы қоғамда «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасын іске асыру аясында қала прокуратурасы әкімдікпен бірлесіп, оқушылар арасында құқықтық ағартушылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар атқарып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қоса қала прокуроры «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысқан балабақша ұжымдарына арнайы алғысхаттар табыстады.
– Тәртіп – табысты білім алудың, ал заңға құрмет – әділетті қоғам құрудың негізі. Мемлекетімізде заң үстемдігін нығайтуға бағытталған бастамалар білім беру саласына да тікелей қатысты. Өйткені заңды құрметтейтін ұрпақ – елдің ертеңгі тірегі. Осы жолда мұғалім мен ата-ананың, мектеп пен қоғамның бірлескен жұмысы шешуші рөл атқарады. Заң мен тәртіпке негізделген тәрбие – қауіпсіз, жауапты әрі болашағына сенімді қоғам қалыптастырудың басты кепілі. Бүгінгі іс-шара өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және заңға құрметпен қарауға бағытталды, – дейді Қонаев қалалық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Ахметжанқызы.
Ерзат АСЫЛ



