Алматы облысында Бірлік мерекесі қарсаңында тазалық күндері жарияланып, өңірдегі туристік нысандарда, саябақтар мен аулаларда тазалық жұмыстары қызу жүргізілуде. Демалыс күндері облысқа республиканың әр өңірінен, шетелдерден келетін қонақтар саны едәуір артатыны белгілі. Сондықтан туристік нысандардың санитарлық талаптарға сай болуы маңызды. Тазалық шаралары Іле өзені жағалауындағы «Тамғалы тас» шатқалында да ұйымдастырылды. Себебі жақын күндері мұнда халықаралық деңгейдегі «TENGRI ULTRA – 2026» марафоны өткізіледі.
Биыл сайысқа әлемнің 22 елінен 2000-ға жуық спортшы қатысып, 5000-нан астам жанкүйер келеді деп күтілуде. Дәстүрлі түрде өткізілетін шара биыл 11-рет ұйымдастырылып тұр.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев халықаралық жарыс өтетін аумаққа арнайы барып, дайындық барысымен танысты. Сондай-ақ марафон өтетін жер таза, ұқыпты әрі қауіпсіз болуы керегін ерекше атап өтті.
«Туристік орындардың тазалығы – елдің имиджі мен мәдениетінің айқын көрінісі. Әрбір қонақ табиғаттың көркемдігін тамашалаумен қатар қаншалықты күтіп ұсталғанына назар аударады. Таза, ұқыпты орта туристерге жақсы әсер қалдырып, қайта оралуға деген ниетін арттырады. Сондықтан аймақтың тазалығын сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Қарапайым ережелерді ұстану арқылы туған жеріміздің көркеюіне үлес қоса аламыз», – деді Марат Елеусізұлы.
Бұдан бөлек, бүгін облыстың түкпір-түкпірінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жаппай сенбілік өткізілді. Оған 20 мыңнан астам адам, 130 кәсіпорын мен ұйым қатысты. Нәтижесінде 120 гектардан астам аумақ тазартылып, 340 тонна тұрмыстық қалдық жиналды. 22 арнайы техника жұмылдырылып, жиналған қоқыс арнайы полигонға шығарылды.
Биыл өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында 220 мың ағаш егу жоспарланған. Жыл басынан бері 77 мың көшет отырғызылды. Көктем басталғалы облыс аумағында 8 ірі сенбілік ұйымдастырылып, нәтижесінде өңір бойынша 4 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сондай-ақ қазіргі таңда қарағаш тұқымын жинау жұмыстары жүргізілуде. Бұл шараға 150-ге жуық адам жұмылдырылып, нәтижесінде 400 кг қарағаш тұқымы алынған. Жиналған тұқым алдағы уақытта көшет өсіру мен елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарына пайдаланылатын болады.
Гүлзат БАЙҚОНЫС




