Кино тарихынан танылған мекен – «Қыз Жібек» түсірілген Күрті су қоймасы бүгінде жаңа тыныс алып, қайтадан ел назарын өзіне аударды. Бір кездері тек кадрда қалған көркем табиғат енді шынайы туристік орынға айналды. Бүгінде мұнда күн сайын 2000-ға дейін демалушы келеді.
Осы ретте «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Күрті жағалауында жергілікті тұрғындармен бірге сенбілікке шықты.
Өңір басшысы экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтіп:
«Табиғат – бұл тек ресурс емес, ол – біздің болашағымыз. Таза орта – әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Бүгінгі бастама тек бір күндік шара емес, ол тұрақты дағдыға айналуы тиіс» – деді. Аталған туристік аймақта өткен сенбілікке 500-ге жуық тұрғын қатысып, 9 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Жалпы, бүгін Іле ауданы бойынша сенбілік кең көлемде ұйымдастырылып, негізгі туристік нысандар, атап айтқанда: “Первомайские пруды” демалыс аймағы, Sokol спорттық-техникалық кешені, “Рыбацкая усадьба”, Tortuga демалыс базасы және Dubai Resort аквапаркі толық қамтылды. Аудан көлеміндегі бүгінгі сенбілікке барлығы 800-ден астам адам қатысып, 45 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
Айта кетейік, бұл жұмыстар Қазақстан үкіметінің «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы» аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.



