Алматы облысында Отан қорғаушылар күні қарсаңында жас сарбаздарды әскерге салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Облыстық жинақтау пунктінде өткен бұл іс-шара көктемгі шақыру науқаны аясында ұйымдастырылып, ел қорғауға аттанғалы тұрған жастарға рух берді.
Шараны Алматы облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрбол Жұмашқарұлы ашып, жас сарбаздарға ізгі тілегін білдірді. Ол әскери қызметтің әр азамат үшін үлкен өмір мектебі екенін атап өтіп, Отан алдындағы борышты абыроймен атқарудың маңыздылығына тоқталды. Салтанатты жиынға қорғаныс саласының өкілдері, ардагерлер, шақырылушылардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
Салтанатты рәсімге Қонаев қаласы әкімі аппаратының бөлім басшысы Дәурен Майсабеков те қатысып, жас сарбаздарға ізгі тілегін арнады. Әскерге аттанып бара жатқан жастардың аман-есен елге оралуына тілектестік танытып, олардың ел болашағы үшін жауапты буын екенін атап өтті.
Шараның негізгі мақсаты – жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, Отан алдындағы жауапкершілікті арттыру. Сондай-ақ ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі таңда әскери қызметке деген қызығушылық артып келеді. Жастар арасында тәртіпке бағыну, жауапкершілік пен төзімділік сияқты қасиеттерді қалыптастыруда әскердің рөлі ерекше. Бұл өз кезегінде қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Шара барысында айтылған әрбір тілек пен ақжарма лебіз жас сарбаздарға үлкен мотивация сыйлады. Қатысушылар олардың алдағы қызметіне сәттілік тілеп, ел сенімін ақтайтынына сенім білдірді.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық әндер шырқалды. Бұл көріністер қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, жастардың рухын көтерді. Жиын соңында сарбаздардың ата-аналары сөз алып, балаларына ақ тілектерін арнады. Олар ұлдарының ел алдындағы борышын абыроймен өтеп, аман-есен туған жерге оралуына тілектестігін білдірді. Мұндай іс-шаралар жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінуге ықпал ететіні анық.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
Қонаев қаласы



