Перейти к содержимому

Сақшының сенімді серігі

Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде арнайы үйретілген қызметтік иттердің рөлі айрықша. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, шекарадағы құқықбұзушылықтың 80 пайызы дәл осы иттердің көмегімен дер кезінде анықталып, тоқтатылады.Осы бағытта қызметтік иттерді сапалы даярлау мен білікті кинолог мамандарды қалыптастыруда подполковник Альмир Файласов жетекшілік ететін 6654 әскери бөлімінің кинология орталығы елеулі үлес қосып келеді.

1962 жылы Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылында кинолог маман­дарды дайындайтын 3-батальон құрылады. Содан бері 6654 әскери бөлімінің кинология орталығы Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінен келген кинолог мамандарды оқыту­мен айналысады. Кинолог мамандарды дайындау орта­лықтың оқу және әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру бөлімшесінің оқытушылары мен оқу взвод командирлеріне міндеттелген. Бұл бөлімшенің бастығы – майор Айбек Бейсенұлы. Сонымен қатар овчарка тұқымдарын көбейтіп, әскери бөлімдерге жіберу жұмыстарын атқарады.
Қызметтік иттер есірткі мен жарылғыш заттарды, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді анықтау, сондай-ақ қылмыскердің жасырынған орнын табу сияқты күрделі міндеттерді орындауға арнайы үйретіледі. Олар иіс сезу қабілетінің жоғары болуының арқасында қауіптің алдын алып, құқық қорғау органдарының жұмысына айтарлықтай көмек көрсетеді.
Орталықта даярланған қызметтік иттер түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, биыл 25 сәуірде Алматы қаласында өткен «Көктемгі кездесулер» атты халықаралық көрмеде кинология орталығының иттері «R.CACIB», «CAC» және «CACIB» титулдарын иеленді. Ал күшіктер «Best Baby» атағын жеңіп алды. Бұл жетістіктер Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының кинологиялық қызметі қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Әскери міндет қаншалықты қиын болса да, бөлімшелердегі қызметкерлер жарғы талаптарын орындауды қасиетті парыз деп түсінеді. Сондықтан олар антқа адалдық танытып, жұмыстарын мінсіз атқарып келеді.

Альбина Қырғызбай,
6654 әскери бөлімінің бөлініс бастығы (кітапхана бастығы), кіші сержант
Алатау қаласы