Перейти к содержимому

Ұранды ердің ұрпағы қайсар

Кереге таулы Кеген өңірі шекаралық аймағында, яғни Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында «Қарқара-Кеген» өткізу бекеті бар. Мұнымен қоса, өңірде «Қарқара», «Рабат» және «Саты» шекара бекеттерін айта кеткен жөн. Мұндағы қырағы көзді шекарашылар ел тыныштығын күзетіп тұр.

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні Қарқара ауылдық Мәдениет үйінде салтанатты түрде аталып өтті.

Мерекелік шараға аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы бойынша департаменті Кеген аудандық бөлімінің бастығы Ринат Әжібаев, «Қарқара-Кеген өткізу бекеті», «Қарқара шекара заставасы» және «Аманжол шекара заставасының» қызметкерлері мен сарбаздары және ауыл тұрғындары  қатысты.

— Отан қорғаудағы ата-әкелердің ерлігі мен қаһармандығын бүгінде бейбіт өмір, бақытты тұрмыс кешіп жатқан ұрпақ ұмытпаса керек. Баршаңызға зор денсаулық, отбасының амандығы мен берекесін тілеймін, — деген аудан басшысы қызметтерін мінсіз атқарып жүрген бірқатар шекара қызметкеріне аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.

Атап айтқанда, «Кеген» шекаралық бақылау бөлімшесінің эфрейторы Берлібаев Нұрсұлтан Қанатұлы, қатардағы жауынгерлер Нұрмұхамет Мәди Анварбекұлы, «Қарқара» шекара бөлімшесінің жауынгерлері Рыспанов Ерхат пен Белсариев Мадияр Ерболатұлы, сондай-ақ «Аманжол» шекара бөлімшесінің жауынгерлері Тұрсынов Тимур Болатұлы мен Қадыр Бекасыл Біржанұлы аудан әкімінің марапатына ие болды.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы бойынша департаменті Кеген аудандық бөлімінің бастығы Ринат Уәлиханұлы нағыз ерге тән ауыр мамандықты таңдап, елдің тыныштығын күзеткен шекара шебіндегі азаматтарды мерекелерімен құттықтап, ерлік ешқашан ұмытылмайтынын айтты.

Шара соңы аудандық көркемөнерпаздардың орындауында әскери-патриоттық әндер шырқалып, сарбаздарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ, бұл күні Мыңжылқы ауылында шекара қызметкерлері арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды. Тартысты өткен сайыста қатысушылар спорттық шеберліктерін паш етіп, нағыз достық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.

«Ұранды ердің- ұрпағы қайсар» деген. Шекара шебінде Отанымызды қорғап жүрген қайсар рухты сарбаздарға бізде сәттілік тіледік!

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы