Қазақстан халқы Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Республика аумағында 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы жасақталып, майданға аттандырылды. Бұдан бөлек, 50-ге жуық полк пен әртүрлі әскери бөлім құрылды. Мәскеуді, Ленинградты қорғауға, Воронеж, Смоленск және Сталинград түбіндегі шайқастарға, Курск доғасындағы ұрыстарға, Днепрден өту операциясына, сондай-ақ Украина, Беларусь, Молдова, Балтық елдері мен Шығыс Еуропаны азат етуге белсене қатысты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес одағының Батыры атағына ие болды.
Екінші дүниежүзілік соғысқа біздің елден 1,2 миллионнан астам адам аттанып, олардың 600 мыңнан астамы туған жеріне оралмады. Хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздеу жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда. Отан үшін от кешкен батырлардың есімі халық жадында мәңгі сақталуға тиіс. Сол ерлердің бірі – 1941 жылдың қыркүйегінде Алматы облысы Шелек ауданындағы «Путь Сталина» ауылынан майданға аттанған 22 жастағы Әріпбай Қоңқабаев еді.
Ол Саратов қаласындағы Еділ әскери округінің мергендер мектебінде төрт айлық дайындықтан өтіп, 13-армия құрамындағы 134-жеке курсанттық атқыштар бригадасында соғысқа кірді. Мергендер мектебін үздік тәмамдаған ол кіші сержант шенін алып, бригаданың 2-батальоны, 2-ротасының мергені болды.
1942 жылдың маусым-шілде айларында ол Воронеж түбіндегі кескілескен ұрыстарға қатысты. Бұл шайқастар Воронеж-Ворошиловград стратегиялық қорғаныс операциясы аясында өтті. Аталған операцияның басты мақсаты – жаудың Мәскеуге оңтүстік қапталдан соққы беруіне жол бермеу және Сталинград бағытын қорғау болды. 212 күнге созылған Воронеж шайқасы (1942 жылғы 28 маусым – 1943 жылғы 25 қаңтар) Кеңес әскерінің жеңісімен аяқталды.
Осы ұрыста мерген Әріпбай Қоңқабаев ерекше ерлік көрсетті. Архив деректеріне сүйенсек, ол алғы шепте асқан батылдық танытып, жау шебіне жасырын еніп, бірнеше сағат бойы тапжылмай аңдып жатып, дәл бағытталған оғымен қарсыласты жойып отырған. Бар болғаны 10 күн ішінде 12 жаудың көзін жойған.
1942 жылдың 24 қыркүйегінде жараланғанына қарамастан, оның ерлігі жоғары бағаланды. 1942 жылғы 21 қазандағы бұйрықпен кіші сержант Әріпбай Қоңқабаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Мергендер Екінші дүниежүзілік соғыста ерекше рөл атқарды. Олардың дәлдігі мен төзімділігі жау әскеріне үлкен соққы болды. Сол кезеңде атақты мергендерге жау тарапынан лақап аттар берілген. Мәселен, Төлеуғали Әбдібеков – «Қара өлім», Людмила Павличенко – «Өлімнің ханшайымы», Максим Пассар – «Жындар ұясынан шыққан шайтан», Семен Номоконов – «Сібір шаманы» атанған.
Осы тұрғыдан алғанда, архив құжаттарында Әріпбай Қоңқабаевтың есіміне «Скари» деген қосымша жазылуы да назар аударарлық. Бұл оның әскерлік лақап аты болған. Неміс тіліндегі «Schaurig» сөзі «қорқынышты» деген мағына береді.
Фашизм талқандалғанына 81 жыл толғанымен, сол сұрапыл жылдардың ізі мен батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. 1943 жылдан бері хабарсыз кеткен батыр атамыздың ерлігі араға 80 жылдан астам уақыт салып айқындалып отыр. Біз Отан үшін жанын қиған барлық батырлардың алдында бас иеміз. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Ер есімдері ел жүрегінде мәңгі сақталады.
Рауан Қоңқабаев,
полковник
Еңбекшіқазақ ауданы




