«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өңірде абаттандыру қағидаларын сақтау, тазалықты қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында тұрақты түрде кешенді шаралар қабылдануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифинг кезінде облыстық ішкі саясат, полиция департаменті, туризм және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармаларының басшылары кеңінен айтып өтті.
Алғашқы болып сөз бастаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Төлеген Кенжебеков ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасының бүгінде қоғамдық сипат алып, барша қазақстандықты бір мақсатқа біріктіргенін жеткізді.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, аталған бағдарлама аясында қоғамдық жұмыстар ғана атқарылып қоймай, экологияны қорғауға негізделген заң талаптары да күш алған. Атап айтқанда, заңсыз қоқыс полигондары, рұқсат етілмеген жерге тасталған қалдықтар бойынша құзырлы органдардың қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп, тиісті шаралар қабылданды. Биыл «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында еріктілерді, қоғамдық белсенділерді, бюджеттік ұйым қызметкерлерін және кәсіпкерлерді тарта отырып, барлығы 30 мобильдік топ құрылды. Оның ішінде 10 топ табиғатты қорғау органдары қызметкерлерімен жасақталды. Аталған жұмыстарға 338 қызметкер жұмылдырылып, науқанды іске асыру барысында абаттандыру қағидаларын бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, жыл басынан бүгінгі күнге дейін 10 117-ден астам құқықбұзушылық анықталды», – дейді ПД қоғам қауіпсіздігі басқармасы бастығының орынбасары Рахым Асанханұлы.
Брифингте облыстық ТҮКШ және абаттандыру басқармасының басшысы Димаш Қожабеков тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісі мен сұрыптауға және экопарктерге қатысты мәліметтерді ортаға салды. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңір аумағында жалпы көлемі 69 мыңнан астам гектарды қамтитын 20 экопарк жұмыс істейді. Бұл нысандар табиғатты қорғаумен қатар, тұрғындар мен туристердің демалысына қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Биыл облыста бірнеше ірі экопарк жобасын іске асыру жоспарланған. Соның бірі – аумағы 10 гектар болатын «Барыс» экопаркі. Жобаның жалпы құны – 1,5 млрд теңге. Жоспар бойынша мұнда 7 мың түп ағаш отырғызу көзделген. Бүгінгі күні оның 2 мыңы егілді. Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен жаңа демалыс және экологиялық аймақтар салынуда. «Өңірімізде коммуналдық қалдықтарды басқару жүйесін дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта 2024-2028 жылдарға арналған өңірлік бағдарлама әзірленді. Бағдарлама аясында елдімекендерде қоқыс контейнерлерін орнату, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу және қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымын дамыту көзделген. Мәселен, Қонаев қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу және қалдықтарды сұрыптау желісін іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында жаңа полигон салу жобасы пысықталып жатыр. Өңірде қалдықтарды қайта өңдеу саласына инвестициялар тарту жұмыстары да жүргізілуде. Бүгінде «Urban Core Beverly Hill Group» компаниясы шина қалдықтарын толық цикл бойынша өңдейтін кәсіпорын ретінде жұмыс атқарып жатыр. Енді бұл кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып, технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Жобаның құны – 48 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 40 мың тоннаға дейін шина қалдықтарын өңдей алады», – дейді Димаш Қожабеков.
Алматы облысы бүгінде еліміздегі туризм саласы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы қонақүйлер мен демалыс орындарында 658 мың туристке қызмет көрсетілді. Оның 147 мыңы – шетелден келген қонақтар. Бүгінде туристер тек көрікті табиғатты ғана емес, тазалықты, қауіпсіздікті және экологиялық мәдениетті де басты назарға алады. Сондықтан туризмді дамыту мен табиғатты қорғау – біз үшін қатар жүретін, бір-бірімен тығыз байланысты бағыттар.
Осыған байланысты «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында туристік аймақтарда кешенді экологиялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. «Өткен аптада облыс әкімі Марат Елеусізұлының бастамасымен «Туристік орындардағы тазалық күндері» акциясы өтті. Акция аясында Көлсай, Қайыңды, Шарын шатқалы, Түрген, Есік көлі, Қапшағай жағалауы секілді туристер ең көп баратын 50-ден астам бағытта санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Үш күн ішінде акцияға 39 мыңға жуық өңір тұрғыны қатысып, туристік аймақтардан 760 тоннадан астам қоқыс шығарды. Сонымен қатар, 13 мыңнан астам ағаш көшетін отырғызды. Бұл – табиғатқа жанашырлық танытып, туған жердің тазалығына бейжай қарамайтын азаматтардың көп екенін көрсететін маңызды бастама. Әсіресе, киелі әрі табиғи мұра саналатын орындарда халықтың белсенділік танытуы – қуантарлық жағдай. Табиғат – баршаға ортақ аманат. Сондықтан әр азамат демалыс орындарында тазалықты сақтап, табиғатқа жанашырлықпен қарауды күнделікті мәдениетке айналдыруы қажет. Нағыз туристік мәдениет – табиғаттан алған әсермен ғана емес, оған құрметпен қараумен өлшенеді. Сондықтан, құрметті журналистер, өздеріңіз арқылы осы басты мәселені көтеріп, халыққа жеткізгіміз келеді», – деді аталған баспасөз мәслихатында облыстық туризм басқармасы басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.
Естеріңізде болса, 2024 жылы ел тұрғындарының экологиялық мәдениетін көтеруге бағытталған арнайы тұжырымдама да бекітіліп, жұмыстар қолға алынған болатын. Құжатқа сәйкес, бұл тұжырымдама 2029 жылға дейін іске асырылады. Аталған бастаманың негізгі бағыттарының бірі ретінде ел жастарын экологиялық мәселелерді шешуге ықпал ететін жобаларға шақыру таңдалған. Бүгінде облысымызда тұрмыстық қалдықтарды қайта кәдеге жарату, қоршаған ортаның ластану деңгейіне қатысты маңызды ақпараттарды ашық тарату, аумақтарды абаттандыру және экологиялық жұмыстарға атсалысатын еріктілер қозғалысын дамыту іс-шаралары жүргізіліп келеді. Тұжырымдама шеңберінде ел тұрғындарының экологияны жақсартуға атсалысуын қамтамасыз ету, экологияны қорғауға қатысты заң талаптарының орындалуын бақылау міндеттері де атқарылуда. Жалпы облыста жыл басынан бері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өтіп жатқан іс-шараларға шамамен 308 мыңға жуық адам қатысқан. Ал өңір халқының атсалысуымен жиналған қоқыс көлемі 7 мың тоннадан асады. Сонымен қатар, өңірдегі 9 мыңға жуық кәсіпорын мен бизнес нысандарының иелері өз аумақтарын тазалап, күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар арнайы бекітілген кестеге сай атқарылып жатыр. Аймақты жасыл желекке толтыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Әсіресе көктемде шаруа көп. Биыл жиналған 15 тонна тұқым мамырдың соңына дейін себіледі. Жалпы жыл басынан бері 103 мың түп түрлі ағаш отырғызылған. Дегенмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен үздіксіз іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы қоршаған ортаны қорғау, тазалық сақтау және ел арасындағы мәдениетті қалыптастыруға ерекше ықпал ете берері сөзсіз.
Ерзат АСЫЛ



