Екінші дүниежүзілік соғыста оққа ұшып, хабарсыз кеткендердің тағдыры әлі күнге дейін талай жүректі сыздатады. Бұл жолы бір құрсақтан шыққан ағайынды екі азаматтың өмір жолын деректерге сүйене отырып баяндауды жөн көрдік.
Дәндібай пен Байназар Қабылбаевтар өз заманының жалынды жастары еді. Олардың өмірі туралы мәліметтерді анасы Аршын әженің естеліктері негізінде жинақтадық. Өкінішке қарай, әкелері ерте қайтыс болып, бар ауыртпалық ана иығына түскен. Соған қарамастан, Аршын ана мейірімі мен қайсарлығының арқасында отбасының тірегі бола білді. Қандай қиындық болса да, сабырмен еңсерді.
Аршын ананың екі бірдей ұлы соғыс басталғанда майданға аттанады. Бұл – ана үшін ең ауыр сәттердің бірі еді. Дәндібай 1910 жылы, ал Байназар 1917 жылы дүниеге келген. Екеуі бірге әскерге шақырылғанымен, майдан даласында жолдары екіге айырылып кетеді. Дәндібай Украина бағытында, ал Байназар Беларусь майданында соғысады.
Бұл кезең – соғыстың ең қызған шағы болатын. Оқ пен снаряд жаңбырша жауып, жауынгерлерге бас көтеруге мұрша бермейтін. Мұндай жағдайда ауылға хат жолдау да оңай болмады. Анасы қос ұлынан бар болғаны екі-үш рет қана хат алған. Содан кейін олар хабарсыз кетеді.
Аршын ана өмірінің соңына дейін қос ұлын күтіп, сағынышпен өтті. Ағайын-туыстары да олардың тағдырын білуге талпынып, тыным таппады. Солардың бірі – жиені Ыбырай Мәтібаев. Ол нағашыларының тағдырын анықтауды өзіне мақсат етіп қояды. Білімді, табанды заңгер ретінде мұрағаттарға сұрау салып, ұзақ ізденеді.
Ол «Боздақтар» кітабынан үлкен нағашысы Дәндібайдың Украина жерінде ерлікпен қаза тапқанын, ал Байназардың 1944 жылы Беларусь жерінде мерт болғанын анықтайды. Сонымен қатар Ресейдің Подольск қаласындағы Қорғаныс министрлігінің орталық архивіне бірнеше рет хат жолдайды. Алайда бұл сұрауларға нақты жауап ала алмайды.
Табандылық танытқан ол Беларусь Республикасының Президентіне де хат жазады. Нәтижесінде 2008 жылы Витебск облыстық әскери комиссариатынан ресми жауап келеді. Онда Байназар Қабылбаевтың 1944 жылы 7 ақпанда Комсомолец ауылында ауыр жарақаттан қаза тапқаны, кейін оның сүйегі Новые Войхоны ауылындағы бауырластар зиратына қайта жерленгені баяндалған. Сонымен бірге оның есімі мемориалдық тақтаға мәңгілікке жазылатыны хабарланған.
Ал Дәндібай Қабылбаев туралы деректер оның Украина жерінде ерлікпен қаза тапқанын растайды. Артында ұрпақ қалған. Бүгінде немерелері ата рухына тағзым етіп, ерлігін мақтан тұтады.
Жеңіс күні қарсаңында арманда кеткен арыстарды еске аламыз. Олардың ерлігі – елге мұра, ұрпаққа ұран. Ержүрек жауынгерлердің есімі ешқашан ұмытылмайды.
Абай Жұманиязов,
Жібек жолы ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы
Қарасай ауданы




