⚠️ Ауа райы табылмады.
Бейсенбі, Мамыр 14, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Екі достың ерлігі

    09.05.2026
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    Екі достың ерлігі
    0
    SHARES
    8
    VIEWS

    Екінші дүниежүзілік соғыста қаншама батырымыз ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сол сұрапыл жылдардың қиындығын көзбен көрген Құндызай Қалымова апамызбен тілдескенде, бір керемет оқиғаның куәсі болдым. Құндызай апа өз әңгімесінде елін, жерін жаудан қорғаған Төрехан Құлбаев пен Нұрғазы Бәкіров жайлы сыр шертті.

    1942 жылдың желтоқсан айы. Қақаған аяз. Қаскелеңнің шеткі жолымен бұқа жеккен бір арба зиратқа қарай бет алды. Үстінде көрпеге оралған мәйіт бар. Ал арбаның жанында көз жасын сүртіп, бозбала еріп келе жатты. Бір уақытта артынан өзі сияқты тағы біреу асығып жетті. Бұл екі дос Төрехан мен Нұрғазы еді. Екеуі зират басына келіп, бір тегістеу жерді тауып, бір күрекпен кезектесіп қабір қаза бастады. Жер қатты болғаны соншалық, екі сағат тынымсыз күрек алмасты. Қабір дайын болған соң, Төрехан анасын жерлеп, оған және осы маңдағы басқа да марқұмдарға Құран бағыштады.
    – Туыстардан ешкім қалмады. Жалғыз Аманқыз апам бар. Әкем ерте қайтыс болған. Әкемнің бауыры Исақ ағам 1941 жылы соғысқа кетіп, оралмады. Енді апамнан басқа ешкімім жоқ, – деді Төрехан.
    – Ееее, досым! Менің де шекем қызып тұрған жоқ. Өзің білетіндей, біз ауқатты әулет едік. Әкем Бәкір болыс болған. Анам он шақты ұл-қызды дүниеге әкелді. Кейін заман өзгеріп, большевиктер келіп, бізді қудалады. Әкемді, анамды және бауырларымды Қаскелеңнің төңірегіне апарып, атып тастады. Аман қалғандар – мен, Нұрқожа ағам және қарындасым. Ол кезде менің жасым алтыда еді. Қарындасым екеумізді Алматыдағы балалар үйіне тапсырды. Ол жақта да тамаша өмір сүрдік дей алмаймын. Тамақ жетіспей, балалармен қала аралап, елдің пісіріп жатқан нанын ұрлайтын едік. Ішіп-жейтін бірдеңе тапсам, қарындасыма алып келетінмін. Бірақ ол ауырып өмірден өтті. Міне, Төрехан, менің тағдырым осындай қатал болды. Сондықтан сен ғана жалғыз емессің. Енді екеуміз бір-бірімізге демеу болайық, – деді Нұрғазы.
    – Нұрғазы, екеуміздің де ешкіміміз жоқ. Қазір бізді не ұстап тұр? Кеттік одан да соғысқа барайық, жауды жеңу үшін сарбаздарға қол ұшын берейік, – деп Төрехан орнынан атып тұрды. Осылайша, екі дос майданға аттануға бел буады.
    Әскерге шақыратын пунктте егде жастағы орыс адамы отыр екен. Төрехан оған жағдайды түсіндіруге тырысып, соғысқа барғылары келетінін айтты.
    – Мальчики, вам сколько лет? – деді әлгі орыс азаматы.
    – Дядя, нам 18.
    – Где живете?
    – Колхоз Киров.
    – А документы где?
    – У нас нет, потеряли, – деп Нұрғазы орысқа қарап, алдай бастады.
    – Хорошо, а родители не заругают вас?
    – Дядя, бізді ешкім іздемейді, өз еркімізбен келдік.
    – Зачем вам на войну? Там убивают, а вы еще пацаны.
    Сол кезде Төрехан ашуланып: «Фашистерді ұрып, елімізді қорғаймыз», – деп даусын көтере сөйледі.
    – Так, добровольцы Бакиров Нургазы, Кулбаев Торехан, приказываю вам завтра утром к 8 часам прибыть на призывной пункт. Понятно? – деді пункттегі азамат.
    Екеуі куанғаны соншалық: «Так точно», – деп айқайлап жіберді. Ал орыс азаматы оларды аяғандай кейіп танытты.
    Соғысқа аттануға рұқсатын алғаннан кейін Төрехан таң атқанша көз ілмеді. Аманқыз апаның сиыр саууға шығып кеткенін пайдаланып, бір жапырақ қағазға былай деп жазып кетті: «Апа, мен соғысқа кеттім. Исақ ағам үшін кек қайтарамын».
    Олар Алматыда үш күн аялдады. Екі дос әскери киім кигеніне тамсанып, бір-біріне әзілдесіп отырды.
    – Саған бұл киім жарасады екен, – деді Нұрғазы досына қарап.
    – Сенің де түрің офицерден кем емес, – деді Төрехан.
    Төртінші күні жауынгерлерді командаларға бөліп, екі дос екі жаққа кетті. Төрехан досын құшақтап, қимастықпен қоштасты.
    – Нұрғазы, біз жауды жеңіп, аман келеміз, – деді ол. Сол сәтте оның көзінен жас шығып кетті.
    – Төрехан, досым, біз соғыстан кейін кездесеміз. Мен оған сенемін, – деді Нұрғазы. Осылайша, екі достың пойыздары екі бағытқа кетті.
    Нұрғазы Ресейдің бір қаласында артиллерия жауынгерлерін дайындайтын курста 3 ай оқып, қанды қырғынға аттанды. Бірінші шайқаста фашистер ұшақтан бомбалап, зенбірекпен атқылап, жерді ойып, шаң-топырағын шығарды. Немістер Кеңес жауынгерлерінің қорғаныс шебіне құмырсқадай қаптай бастады. Сол шайқаста Нұрғазының қайсарлығына старшиналар тәнті болды.
    – Молодец, боец, не струсил, – деп жасы үлкен орыс старшинасы оның арқасынан қақты. Бұл мақтауға Нұрғазы жымиып қана күлді.
    – Сынок, ещё много боёв будет, береги себя, – деп старшина оған сақ болуын ескертті.
    Дәл сол сияқты Төрехан Ысқақұлының да ерен ерлігін командирлер жоғары бағалады. Оның көзге түскен батырлық әрекеті, жауынгерлердің алды болғаны кеудесіне таққан алғашқы медалімен бағаланды. Басшылық бұйрығында: «Приказ 023 – по стрелковому полку 4-й Ударной Армии Президиума Верховного Совета Союза ССР – наградить медалью «За отвагу» пулеметчика стрелковой роты, красноармейца Кульбаева Торехана за проявленную храбрость в наступательном бою. Во время контратаки немецких солдат, проявив решительность, он вел точный огонь, истребил 8 немецких солдат. Казах, беспартийный, призван Каскеленским РВК Алматинской области», – деп жазылған.
    Майдан төсіндегі атыс-шабыс күн өткен сайын жалғаса берді. Талай боздақтар кеудесін оққа тосып, ажал құшты. Ал біз сөз еткен екі дос жауды қуып жүріп, Еуропаға дейін жетті. Балтық аймағында болған ұрыста Нұрғазы қатты жараланады. Есін жиып, жан-жағына қараса, оны санитарлар шайқас алаңынан әкетіп бара жатты. Госпитальда бірнеше ай емделіп, еліне қайтатын болды.
    Ал Төрехан Ысқақұлы 1944 жылдың күзінде Германияға дейін жетті. Шайқастардың бірінде ол да Нұрғазы сияқты контузия алып, есінен танып қалған. Өлді деп ойлап жүргенде оны санитарлар тауып алып, жерден қазып алған. Ауыр жараланған Төрехан госпитальда ес-түссіз бірнеше күн жатты. Ал батальон командирі оны қайтыс болды деп ойлап, ауылдағы апасына «қара қағаз» жіберіпті.
    Нұрғазы Бәкірұлы соғыстан елге оралған соң, бірден Аманқыз апаға жолығады. Қария көзіне жас алып, Төреханның ерлікпен қаза болғанын айтқан. Бұл хабарды естіп ол қатты қайғырады. Соғыстан кейін «Буденный» ұжымшарында жұмыс істейді.
    Ал 1944 жылдың аяғында өлді деп санаған Төрехан Құлбаев еліне аман-есен оралды. Аманқыз апасын қуантып, ол да жұмысқа бел шешіп кірісіп кетті. Малдәрігерлік оқуды бітіріп, «Киров» ұжымшарында (қазіргі Тұрар ауылы) еңбек етті. Төрехан да ауылға қара торы, әдемі қызды келін қылып түсірді. Ол – осы екі дос жайлы әңгімеміздің авторы, сөз басында атап өткен Құндызай Қалымова. Екеуі 11 баласына үлгілі ата-ана болды. Осылайша, жас жұбайлар Құлбаев ауылында ұрпағын өсіріп, өрбітіп, жақсы тәлім-тәрбие берді.
    Арада талай жыл өткен соң Төрехан атамыз жақсы жаңалық естіп, қуанышы қойнына сыймады. Ол өмірлік досы Нұрғазыны тауып алып, төбесі көкке жеткендей қатты қуанды. Бір күні атамыз кеудесіне ордені мен медалін жарқыратып тағып, жолға дайындалды. Атамыздың талай жыл аңсаған кездесу сәті де жақындады. Ол кезде Қаскелең ескі қала еді. Кірген кезде көк майса гүл, алмабақтар, арықтан ағып жатқан су бірден назарға ілінетін. Төрехан атамыз көшенің шаңын шығарып, ойнап жүрген балалардан, ары-бері өткен-кеткеннен Нұрғазы атамыз тұратын Фурманов көшесін сұрастырды. Ақыры тауып, досының ауласына кіріп, есікті қақты.
    – Кім бұл? Үйге кір, – деген қатты дауыс шықты.
    – Рұқсат па екен, қожайын? – деп Төрехан табалдырықтан аттады. Ал оны көрген досы Нұрғазы таңырқап, қимылсыз тұрып қалды да:
    – Төрехан? – деп қуана құшағын жайып, оған қарай жүгіре жөнелді.
    Екі дос қаншама жылдан кейін қауышқаннан соң, іштегі арпалысты, достық сағынышты жасыра алмады. Құшақтарына бір-бірін қысып, солқылдап жылай берді.
    Айырылмас достар ұзақ жыл жақсы араласып, қарым-қатынасты үзбеді. Алайда әркімнің маңдайына жазған тағдыры бар. Жылдар жылжып, уақыт көшіне ілесіп жүргенде 1976 жылы Төрехан Ысқақұлы өмірден өтті. Ол соғыс кезінде жау оғынан аман қалып, бейбіт өмір орнаған шақта халықтың мүлкіне қол сұққан жемқорларға қарсы шығып, ұрлыққа жол бермеймін деп жүргенде қанішерлердің қолынан қаза тапты. Нұрғазы Бәкірұлы соғыста алған жарақаты сыр беріп, 1988 жылы мәңгілік мекенге аттанды.
    Міне, екі достың шын өмірде болған хикаясы осындай.

    ***
    Қадірлі оқырман! Төрехан мен Нұрғазыдай менің де аталарым Жеңіске бір кісідей үлес қосып, бейбіт күн үшін жан берісіп, жан алысқан жандар еді. Сарбас Күзембайұлы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылынан соғысқа аттанып, талай шайқаста жаудың бетін қайтарған. Фашистердің концлагерінде азап көріп, одан қашып шығып, Кеңес әскерінің қатарына қосылды. Ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, Жеңіс күніне куәгер болды. Ал Бубай әжем мен 8-10 жас шамасындағы Сарбастың ұлдары, әкелерім – Жүреберсін және Үсен соғыс кезінде ауылда еңбек етті. Әния, Сағатай атты аналарым болса, ол кезде шешелерінің етегінен ұстап, аяқтарын енді қаз-қаз басып жүрген сәби болатын.
    Нағашыларым жайлы айтар болсам, олар Талдықорғандағы Ақсу ауданының тумалары. Әбдірахым Өміржанұлы Румынияны азат ету кезінде қаза болды, ал оның бауыры Әбдіжаппар еңбек даласында тер төкті. Жұмағұл Сүлейменұлы атам да соғыс зардабын көрді. Қанды қырғында оқ пен оттың ортасында жүріп, Ржев қаласының маңында шайқасқа қатысқан.
    Батырларымызға әрдайым құрмет көрсетіп, есімдерін ұлықтап, рухтарына тағзым етуді естен шығармайық. Тарихты ұлықтайық, ерлікті ұмытпайық!

    Бекболат CАРБАСОВ,
    Қазақстан Жазушылар
    одағының мүшесі,
    полиция подполковнигі

    Соңғы жаңалықтар

    Тазалық пен тағылым тоғысты
    14.05.2026
    «Таза Қазақстан»: ұзынағаштықтар үлес қосты
    14.05.2026
    БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
    14.05.2026
    Жасанды интеллектіні енгізу білім сапасын жаңа деңгейге көтереді
    14.05.2026
    Аймақ жұртын біріктірген ауқымды бастама
    14.05.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>