Алматы облысында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ауқымды мәдени жобалардың бірі – «Қымызмұрындық – 2026» мерекесіне дайындық басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Төлеген Кенжебеков пен мәдениет басқармасының басшысы Әнуар Үмбеталиев баяндады.
Спикерлердің айтуынша, облыста ұлттық руханиятты ұлықтайтын мерейтойлар мен мәдени шаралар жыл сайын жүйелі түрде өткізіліп келеді. Жыл басынан бері Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығы және Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығының ашылу салтанаты өткен. Алдағы уақытта да халықаралық және республикалық деңгейдегі маңызды іс-шаралар жалғасын таппақ.
Көпшілік асыға күтетін «Қымызмұрындық» мерекесі биыл 27 маусым күні Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында өтеді. Аталмыш шара Әлмерек абыздың 368 жылдығымен қатар ұйымдастырылмақ. Мерекеге 35 мыңға жуық қонақ келеді деп жоспарланып отыр.
Баспасөз мәслихатында сөз алған Төлеген Жолмырзаұлы мерекенің ұлттық дәстүрді дәріптеумен қатар, туризмді дамытуға да ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, шараға шетелдік қонақтар мен блогерлер шақырылып, ұлттық салт-дәстүр кеңінен насихатталады.
– Қымызмұрындық – қазақ халқының атадан балаға мұра болып келе жатқан игі дәстүрлерінің бірі. Бұл – қонақжайлылықты, жомарттықты, ынтымақ пен бірлікті дәріптейтін мереке, – деді ол.
Айта кетейік, Қарқара жайлауында бұл мереке бұған дейін төрт рет ұйымдастырылған. Өткен жылы шараға 8 мыңнан астам адам қатысып, 40 киіз үй тігілген. Сондай-ақ 250-ге жуық шағын бизнес өкілдері тартылған болатын. Ал биыл 80-нен астам киіз үй тігіліп, келушілер саны бірнеше есеге артады деп күтілуде.
– Мерекеге Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қытай, Түркменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан Республикасы және өзге елдерден қоғам қайраткерлері, этно-мәдени бірлестіктер өкілдері, ардагерлер, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері, блогерлер мен спортшылар келеді деп жоспарлануда, – деді Әнуар Мұхтарұлы.
Шара барысында ұлттық ойындар мен дәстүрлі қойылымдар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, ат бәйгесі, қазақ күресі, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, қой көтеру сынды сайыстар өтеді. Сонымен бірге «Топжарған» этно-өнер орталығының шоу бағдарламасы, «Толағай» өнер орталығының қойылымдары, облыс өнерпаздары мен танымал эстрада жұлдыздарының концерті көпшілік назарына ұсынылады. Жастар үшін алтыбақан, арқан тартыс, қол күрес және ұлттық ойындар ұйымдастырылса, балаларға арналған арнайы аймақта аттракциондар, қуыршақ театры, қолөнер, сурет салу, шахмат және тоғызқұмалақ жарыстары өткізіледі.
Қазіргі таңда Қарқара жайлауында дайындық қарқынды түрде жүргізілуде. Ұйымдастырушылар бәйге алаңын ретке келтіріп, көрермендерге арналған орындарды әзірлеген. Қонақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында барлық ұйымдастыру шаралары жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ



