Алматы облысында, әсіресе Алматыға іргелес елдімекендердегі басты мәселелердің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Үш ауысымда білім беретін мектептер де бар. Алматы облысында қазіргі күнде 11 мектеп пен бір балақшаға күрделі жөндеу жүріп жатыр. Оның төртеуі жыл соңына дейін, ал қалғаны келесі жылы пайдалануға беріледі.
Өңірді аралап жүрген мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан осыған орай Талғар ауданының Белбұлақ ауылында күрделі жөндеу жүріп жатқан мектепке барды.
Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаевтың айтуынша, Белбұлақ ауылындағы мектеп 1960-жылдары салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Мұнда 600-ге тарта бала оқып келген. Жөндеу жұмыстары жоспар бойынша келесі жылдың наурыз айында бітуі тиіс. Әйтсе де мердігер мекеме осы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Оған дейін балалар осы ауылдағы №32 мектептің ескі ғимаратында оқи тұрады.
Жол картасында көзделген жоспарларды орындау мақсатында депутат білім беру нысандарын аралады. Оқу жылына дайындықтарын тексерді.
«Былтырдан бері өңірлерді аралап келемін. Әр аймақта үшауысымды мектептердің проблемасы өңірлерде бар. Облыстағы қала іргесінде тұрған мектептердің мәселесі күн тәртібінде тұр. Әсіресе Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле ауданында бұны жеделдетіп шешу керек. Өйткені, саяжайдағы азаматтар балаларын көршілес елдімекендегі мектептерге тасып әлек», – дейді депутат Жанарбек Әшімжанов.
Мәжілісменнің айтуынша, облыс бойынша ауданның білім бөлімдері жаңа оқу жылына 100 пайыз дайын екендерін мәлімдеп жатыр. Бірақ, кейбір жерлер 2-3 айға дейін кешігетінің айтты. Жергілікті атқарушы билік олқылықтарды жойып, білім беру орындарын дайындауға уәде беріп отыр.
Айта кетейік, Талғар ауданында үш ауысымды мектеп мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Жаңа оқу жылында 43 мектептің 5-уі үш ауысымда оқытуды жалғастырады.
Жалпы, облыста үш ауысымды оқытатын 51 мектеп бар. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында осы мәселені жою үшін бес жылда сапалы және уақытынан кешіктірмей 53 мектеп салу жоспарланған. Ал 39 білім беру нысанында сапалы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.