Өңірімізде жастардың инновациялық әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа бастамалар қарқын алып келеді. Аймақтың экономикалық және технологиялық мүмкіндіктерін кеңейту жолындағы маңызды орталықтардың бірі – Қонаев қаласындағы Alatau Hub инновациялық хабы. Аз ғана уақыт ішінде бұл алаң жас IT-мамандардың, стартап авторларының, бағдарламашылар мен креативті жастардың басын қосқан заманауи технологиялық орталыққа айналды. Хаб қабырғасында өткен «Open Day by Alatau Hub» іс-шарасы осы бағыттағы жұмыстардың ауқымын айқын көрсетті.
Аталмыш шараға IT-қоғамдастық өкілдері, білім беру ұйымдары, бизнес саласының мамандары, қоғамдық ұйымдар, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты. Қатысушылар стартап жобалардың таныстырылымдарын тамашалап, түрлі интерактивті бағдарламаларға, соның ішінде Counter-Strike турниріне қатысты.
Alatau Hub өңір жастарына тек жұмыс кеңістігін ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын кәсіби орта қалыптастырып отыр. Мұнда нетворкинг мәдениеті ерекше дамыған. Яғни, жастар өзара тәжірибе алмасып, серіктестер, инвесторлар немесе болашақ жұмыс берушілермен танысуға мүмкіндік алады. Бүгінде технология саласында табысқа жетудің негізгі факторларының бірі – осындай пайдалы байланыстар орнату екені белгілі. Хаб инфрақұрылымы толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталған. Кең коворкинг аймағы, жоғары жылдамдықтағы интернет, қуатты компьютерлер, интерактивті панельдер мен демалыс орындары жас мамандардың еркін жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Мұнда әрбір қатысушы өз идеясын дамытып, нақты жобаға айналдыруға мүмкіндік алады.
Іс-шараның ашылуында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Ақыл сөз сөйлеп, орталықтың негізгі мақсаты – өңірде тұрақты технологиялық қауымдастық қалыптастыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, Alatau Hub бүгінде мектеп оқушыларынан бастап кәсіби мамандарға дейін қамтитын кең ауқымды білім беру платформасына айналған.
— Astana Hub бағдарламаларымен ықпалдастықтың арқасында облыс жастары халықаралық деңгейдегі IT-білімге қол жеткізіп отыр. Хабта алгоритмдеу негіздері, бағдарламалау тілдері, интерфейс дизайны, деректер базасын басқару және киберқауіпсіздік бағыттары бойынша курстар ұйымдастырылады. Ең бастысы – оқу процесі теориямен шектелмейді. Әр курс соңында қатысушылар нақты жобаларын қорғап, оны тәжірибеде қолдануға бейімдейді. Alatau Hub қызметінің ерекше бағыты – жастардың шығармашылық және инженерлік ойлау қабілетін дамытуға арналған интерактивті форматтар. Мұнда дәстүрлі дәрістермен қатар хакатондар, идеялар байқауы, командалық жарыстар және бейресми форматтағы кездесулер тұрақты өткізіліп тұрады, — дейді басқарма басшысы.
Әсіресе, «пиццамен бірге питч-сессия» форматы жастар арасында үлкен қызығушылыққа ие екенін тілге тиек етті. Бұл кездесулерде жас стартап авторлары өз идеяларын тәжірибелі менторларға еркін атмосферада таныстырып, жедел кері байланыс алады. Сонымен қатар орталықта отандық және шетелдік IT-сарапшылардың қатысуымен арнайы дәрістер ұйымдастырылып, жастарға технология әлеміндегі жаңа трендтер түсіндіріледі.
Орталық жұмысының нәтижесін бүгін өткен мектеп оқушыларының стартап жобалары айқын көрсетті. Өңір оқушылары жасанды интеллект пен нейрондық желілерді қолдану арқылы әзірлеген инновациялық жобаларын таныстырды. Бұл арқылы жастар өздерінің технологиялық сауатының жоғары деңгейге көтерілгенін нақты дәлелдеді.
Ұсынылған жобалардың ішінде экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған стартап ерекше назар аудартты. Оқушылар қалдықтарды сұрыптау процесін автоматтандыруға арналған интеллектуалды жүйе әзірлеген. Арнайы датчиктер мен жоғары сапалы камералар арқылы жұмыс істейтін жүйе «компьютерлік көру» технологиясының көмегімен қоқыстың түрлерін автоматты түрде анықтай алады. Жасанды интеллект негізіндегі бұл жоба қайта өңделетін қалдықтардың көлемін арттыруға, қоқыс полигондарына түсетін салмақты азайтуға және коммуналдық қызметтердің жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар болашақта өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Бүгінде технология бұрынғыдай тек ірі корпорациялар мен ғылыми орталықтардың еншісінде емес. Қазіргі жас буын күрделі бағдарламалау құралдарын еркін меңгеріп, нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған өнімдер әзірлеуде. Бұл жерде Alatau Hub алаңындағы менторлық жүйенің маңызы зор. Тәжірибелі мамандар жастарға идеядан бастап дайын өнімге дейінгі бүкіл жолды үйретіп, техникалық біліммен қатар жобалық менеджмент, маркетинг және қаржылық жоспарлау негіздерін де түсіндіреді.
Мұндай бастамалар Алматы облысында жаңа технологиялық экожүйенің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Жастардың цифрлық сауатын арттыру, инновациялық ойлау мәдениетін қалыптастыру және стартаптарды қолдау – өңір экономикасының болашақтағы тұрақты дамуына негіз болмақ.
Бүгінде Alatau Hub тек технологиялық алаң ғана емес, болашақ қазақстандық IT-лидерлер тәрбиеленетін маңызды орталыққа айналып отыр. Жастардың тың идеялары мен батыл жобалары ертеңгі Қазақстанның цифрлық келбетін айқындайтыны сөзсіз.
Құралбек Сәбитов




