Қазақстан ғылым академиясы Тіл білімі институтының ғалымдары «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» он томдығын шығарғанын білеміз. Бұл – бүгініміз үшін ғана емес, болашағымыз үшін де баға жетпес байлық. Оның бер жағында әртүрлі кәсіп пен мамандыққа байланысты жекелеген сөздіктер де жарық көрді. Ал қолданбалы қолөнер туындылары мен құрал-саймандарға байланысты мыңнан асатын атау сөздің әлгі сөздіктерге енбей қалғандығын қырық жыл бойына осы өнердің қыры мен сырын меңгеріп, жеке қорында 5000-нан асатын экспонат жинаған ұста Дәркембай Шоқпарұлының аузынан алғаш естігенде, аңтарылып қалғанымызды несіне жасырайық?!
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер және Дизайнерлер одағының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Дәркембай Шоқпарұлының қасында ұзақ жыл інісі әрі шәкірті бола жүріп, көп нәрсеге көз жеткіздік.
Бабамнан қалған мұра – төс пен көрік,
Ұста әкемнің үлгісін өскем көріп.
Ұғынамын осыны мол байлық деп,
Басқа байлық мен үшін бес теңгелік
немесе
Келе жатыр алтын шашын тарап күн,
Өмір сенен балдан тәтті нәр аппын.
Бар бұйымды өз қолыммен әсемдеп,
Сұлулықты өз қолыммен жараттым.
Қамшылайын жүйрік атын талаптың,
Мен де өмірге келіп-кетер қонақпын.
Ұстазымнан ұсталықты үйренгем,
Сырын ұғып, алтын, күміс, болаттың, – деп өз шыңына есімін өлеңімен де, өнерімен де өшпестей етіп ойып жазып кеткен өрелі тұлға. Дәркембай Шоқпарұлы саналы ғұмырының сан жылдарын тері өңдеу өнері мен теріден бағалы бұйымдар жасауға арнаған. Қазақ жеріндегі тері өңдеудің тарихы әріден бастау алады. Өнердің бұл түрі көшпенділер арасындағы негізгі өндірістің бірі әрі бірегейі екеніне өнер зерттеушілерінің еңбектері арқылы көз жеткіземіз. Мал терілерінің түрлері мен атауларын Дәркембай ұста анықтап тұрып көрсетіп кеткен. Атап айтқанда, мал терілері негізінде жондық, сауыр, бауыр, мойын, үйектік, пұшпақ, әрі бас терісін тұтастай сойып алса, талыс болып бірнеше бөлікке бөлінеді. Соның ішінде ірі қара малдың терісі – сиыр, өгіз, тайынша, бұзау терісі деп төртке бөлінеді. Жылқы терісін бие, жабағы, құлын деп үшке бөледі. Түйе терісін атан, бота терісі дейді. Ал енді қой мен ешкі терісі – жабағы қырықпа, күздік, соғым, тақыр, тоқтышақ терісі, сеңсең, елтірі, жылбысқа деп бөлінген, Мал терісін илеу үшін алдымен «малма» деп аталатын сұйық затты даярлайды. Ол үшін ұйыған айранның сарысуын сүзіп алып ыдысқа құяды да, сол сарысуға ұн, кебек қосып араластырып ашытады. Әйгілі Абай данамыздың «Күз» деген өлеңінде:
Біреу малма сапсиды салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін, – деген жолдар бар ғой. Осындағы «малма», «сапсу» «иі» деген сөздердің санамызда бүгін тек сұлбасы ғана қалғандай. Міне, осындай көне сөздерді көрсе көзінен таса қылмай зерделеп, зерттеп жүретін ұста-зергер Дәркембай ағамыздың мен сияқты бір ақын шәкіртіне жазған арнау өлеңінде де:
Тағдырдың да тәлкегіне қайыспай,
Иің қанды малмадағы қайыстай.
Бекем жігіт екеніңді білдірдің,
Зіл батпанға тілерсегің майыспай, – деген жолдары бар. Дәркембай ағамыз – тері илеп, темір созып, ер шауып, сурет салып, мүсін жасап, тас қашап, сүйек жонып, атакәсібіміздің ауыр жүгін арқалап, көп жылғы жанкештілік еңбегінің арқасында «Қазақтың қолданбалы өнері», «Өрім өру», «Домбыра жасау», «Теріден жасалатын бұйымдардың арнайы композициясы», «Теріден жасалатын бұйымдарды құрастыру технологиясы» «Ай-алқа», «Қазақтың қолөнері», «Замана ағымы» атты бірнеше кітап қалдырған қазақ қолөнерінің дарабозы.
Ұстаның шығармашылығы мен тері өңдеу өнеріне байланысты өзімен замандас, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков «Тағдыр тағылымы» кітабында Дәркембай Шоқпарұлының еңбегіне ерекше тоқталады. «Он саусағынан өнер тамғандай» дейтін, ата жолын қуып келе жатқан әйгілі ұсталардың ұрпағы Дәркембай Шоқпарұлының көкше теңіз түбінен інжу іздегендей, қазақ қолөнерінің өткерме, жалған қара, таптаурындау сияқты тәсілдерін қайта ендіруге, мүлдем ұмытылған деп есептелген кәдімгі қымыз құятын торсық шығарудың технологиясын қайта қалпына келтіруге сіңірген еңбегі зор. Оның торсық тігудің «құпиясын» ашу үшін кезінде бірнеше облыста, көптеген ауданда болып, көнекөз қарт ұсталармен кездесіп, пікір алмасқаны жемісті болды.
Бірде Ғылым академиясында маған ғалымдардың мынадай жайды айтып бергені бар-тын. Жапониядан келген қарт профессор қазақта өрнектелген тері «ваза» болады екен, соның бірін сатып алсам деп қоймапты. Тері «ваза» деп отырғаны – таптаурындалған торсық. Ол тек музейлерде ғана сақталған, дүкендерде сатылмайтын. Мені іздесе, орнымнан табыла қоймаппын. Сондықтан не де болса шебердің өзімен сөйлесейік деген оймен ол кезде «Қазмузейреставрация» шеберханасында қызмет істейтін Дәркембаймен ақылдасып, ақау шыққан шұрқ, тесік, қымыз тұрмайтын біреуін қолына ұстата салғанда, жапондық қонақ осындай қымбат нәрсені тегін беріп отырсыздар деп риза болыпты. Ол не үшін керек, әлде технологиясын үйрену үшін керек пе, әлде кәдімгі әуесқойлықтан ба, ол жағы белгісіз, ол тұста біздің адамдар мәселенің бұл жағына көңіл аудара бермейтін. Міне, «Шебердің қолы ортақ, өнердің жолы ортақ» дегеннің тағы бір мысалы, мұны да өмірдің өзі үйлестіріп отырғандай. Дәркембай Шоқпарұлы – өзінің шеберлік мектебі бар, музейі бар өнерпаз. Мен оған шығармашылық табыстан басқа тілейтінім жоқ» – деп жазған екен.
О, менің отауызды асау шерім,
Бәрібір қашан алға ұш, қашан шегін.
Темірден арқан ескен алдиярым,
Ағаштан кесте тіккен хас шеберім» – деп Тұманбайдай тұлғалы ақын ағамызға жыр арнатқан сан қырлы өнер иесі Дәркембай ұстаның құдіретті сөз өнерінің де шебері екендігі жұрт мойындаған шындық. Сонау 1960 жылдардың аяғынан бастап күні бүгінге дейін сұлулықтың сырын ашып, әсемдікті өз қолымен жаратып келе жатқан жанкешті өнер иесінің жарты ғасырдан астам уақыт ішінде жинақтаған іс-тәжірбиесін жұршылықтың жүрегіне жеткізіп, осы киелі өнеріміздің ұлттық үрдісін үзіп алмау мақсатымен газет-журналдарда қасиетті тіліміздің қыры мен сырын ашып, ұмыт болып өшіп бара жатқан талай сөзімізді тірілтіп берген әртүрлі ғылыми танымдық мақалалары жарияланып жатты. «Этнографтың қойын дәптерінен», «Қазақ музыка аспаптарының энциклопедиясы», «Белгілі жайдың беймәлім сыры», «Атакәсіп», «Тіл төркіні», «Піл көтермегенді, тіл көтереді» деген айдарлармен үнемі үзбей жүргізіп келген үлгі сабақтарының нәтижесінде халқымыздың жиі қолданбай жүрген немесе ұмыт бола бастаған кейбір бұйымдардың түр-тұрпатын, атауын анықтау және оларды қайта тірілтіп, халықтың қажетіне жарату нәтиежесінде: аба, абақ, ашамай, арқамшы, асқақ темір, ажырғы желқабыз, жады, жарғақ, бөкен жарғақ, жақы, жете, жем қалта, жөргем, желпуіш, жылбысқа, іскенже, күдері, күпсер, кеукерін, бөрдек, долық, көбе, сақсыр, сақетер, бұлқыншақ, бұйда пышақ, бағдар, басқыш, бәдізші, білеме, білеу, бүлдірге, бүркіт бесігі, биялай, мәстемір, мәсуек, мәйек, мари, мәңдір, асай-мүсей, сабаутіс секілді көптеген бұйым атаулары қазіргі тілдік қорымызға Дәркембай еңбегінің нәтижесінде енген еді.
Алпыс жылдық аз ғұмырында арғы аталарынан бері үзілмей келе жатқан киелі өнердің үрдісін жалғап, оны ерекше биік белеске көтерді. Бүгінде Ақши ауылындағы Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі өзінің ұлы, ұста-шебер Дәулет Дәркембайұлының жетекшілігімен әлемнің әр түкпіріне сапар шегіп, ұлттық өнерімізді паш етуде. «Мен нағыз өнерге адам атаулының неге тәнті болатынын жаңа түсіндім. Сол үшін де Дәркембай бауырым, сенің алтын саусағың мен қанатты қиялыңа мың алғыс» деп жазған екен өзінің замандасы, этнограф-ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбеков. Дәркен ағамыз – өшпес өнеріміздің өзегіне өлмес өмір сыйлаған өрелі тұлға.
Камнұр Тәлімұлы,
ақын, сазгер, ҚР Білім беру ісінің үздігі
Еңбекшіқазақ ауданы





