Бұған дейін өмірі мен қызметі арнайы зерттеліп, хатқа түсіп, тасқа басылмаған тұлғаның бірі – Бозымұлы Сары би. Ел жадындағы даланың ауызша тарихнамасының деректеріне құлақ ассақ, ол – алдымен батырлығымен даңқы шыққан, шешендігімен ел құрметіне бөленген, әділ би атанған және тарихи құжаттар бойынша елші де болған тұлға.
Батыр
Аңыздар былай дейді:
Бозымның ұлы Сары Тәуке ханның заманында өмір сүріпті. Жас шағында ел қорғауға араласып, қол бастап, жекпе-жектерде жеңіске жетіпті. Жоңғардың қонтайшысы Ағанас:
– Сен алдымен мені жеңіп көр,– деп шіренеді.
Алғашқы қақтығыста-ақ Ағанастың найзасын Сары қағып түсіріпті. Келесі кезекте қылыштасады. Сары айласын асырып, жауының дулығасын ұшырып жіберіпті. Сонда Ағанас:
– Ер кезегі үшке дейін. Енді қорамсаққа қол салайық,– депті. Сары бұған да келісіпті.
Жеребе бойынша бірінші кезек Ағанасқа тиіпті. Әудем жерге барып адырнасын шірене тартып қалғанда, оқ Сарының оң иығына тиген. Бірақ құлатпапты. Сары дереу қадалған жебені суырып алып, оны өзінің садағына салып, «өлер жерің осы» деп кіндіктің тұсын көздепті. Ысқыра ұшқан жебе Ағанастың арт жағынан бір-ақ шығып, жауы ат жалын құшып құлапты. Бірақ өлмепті. Сары атамыз өз жасағындағы оташы Абытаға қарайды.
– Жебені суырмаймын, суырсам бірден өліп кетеді. Бұған қылсуырма жасау керек, – депті оташы. Сонда Ағанас:
– Мен бұл жекпе-жекте бір емес үш рет өлген адаммын. Қапыда найзам қолымнан ұшқанда бір өлдім. Сары батыр қылышпен дулығамды ұшырып жібергенде екінші мәрте өлгенмін. Міне, енді өз жебем өзіме қадалып үшінші рет өліп жатырмын. Мені емдеме. Өлтіре сал, – депті. Сонда Абыта:
– Сары батыр маған сені «өлтірме, емде»,– деді. – Мен сені өлтірмеймін, емдеймін, – деген сәтте Ағанас асқазанына қадалған жебені өзі суырып алғанда ішек-қарыны бірге ақтарылып, сол жерде жан тапсырыпты.
Осы жекпе-жектен кейін жау біржолата тізе бүгіп, Сарының даңқы аспандап, батыр атаныпты. Ол туралы Көдек ақынның, Рыскелді ақынның, Әжек ақынның өлеңдерінде сан қырынан суреттеледі.
Шешен
Бір құрдасы көпшіліктің көзінше қалжыңдаған болып Сарыға тиісе кетеді.
– Осы жұрт сені «білмегені бейіт ішінде, көрмегені көр астында»,– дейді екен. Барса, көрсе, бұдан да көп білер еді-ау, – депті.
Сонда Сары би сабырлы қалпын бұзбай:
– Көрдің ар жағында пейіш пен тозақ бар. Елі үшін жау қуғандар пейішке барады, ал үйден ұзап шықпаған, көптің жайын ұқпаған, қара басының қамы үшін дау қуғандар тозаққа барады. Тау басында шың барын, шың ұшында мұз барын, мұздан тайса, құз барын қалықтап ұшқан қыран білмесе, қорадан шықпай жем терген, қанатын қаққанмен ұшып кете алмас, қуғанына жете алмас күрке тауық қайдан білсін? Тауық көргенді қыран көреді, әйтсе де қыран көргенді тауық көрмейді, – депті.
Тәуке хан шақырған кезекті жиынның ішінде Албан тайпасының атынан Бозымұлы Сары да бар екен. Тәуке ханның тәртібі бойынша Күлтөбедегі мәжіліске тек қару асынғандар ғана қатыса алатын болған. Қару асынғандар – өзін де, елі мен жерін де кез келген сәтте қорғай алатындар. Сары бұған дейін жоңғарлармен қақтығыстарда бірнеше мәрте жауды жеңіп, көзге түсіп, аты шыққаны белгілі. Қасына ерткен өзі секілді бірнеше батырмен аталған тұсқа топтала келіп тұра қалыпты.
Сарының ғана шақырылғанын есіне салған Тәуке хан:
– Топталып келгендеріңе жөн болсын, – депті. Сонда Сары батыр ханға қарап:
– Хан ием, бөлінгенді бөрі, жарылғанды жау алады. Топталып ұшқан торғайды, Құдайдың өзі қорғайды,– деген екен.
– Жөн айттың, Сары батыр! Бірлігіміз бұзылмасын! – деп Тәуке хан келгендердің бәрін үлкен жиынға қатыстырыпты.
Би
Сары жастайынан алғыр, әділ, турашыл, адал болыпты. Осындай қасиеттерімен ел аузына ілігіпті. Рулы ел оның шешендігіне ғана емес, ақыл-парасатына, біліктілігіне разы болып, «дау-дамайды әділ шешеді» деп жүгінеді екен.
Бірде кедей жігіттің қорасында тұрған үш қойы қолды болады. Ізіне түсіп қуып барса, бір байдың қорасына тіреледі. Онда кілең түр-түсі бірдей, не ен, не таңба жоқ қойлар тұр екен. Жігіт өзі өсірген қойларын таныпты. Бірақ бай дестік бермей, жігітті «жала жаптың» деп балағаттап, қуып шығады. Жәбірленуші Сары биге барыпты. Ол кісі байдың қорасына келеді.
Бай:
– Мына қойдың бәрі өзімдікі, жігіт маған жала жауып тұр, – депті.
Сары би сабырлы қалпымен:
– Байеке, абыржымаңыз. Істің анық-қанығын асықпай анықтайық, – деп қорадағы қойлардың бәрін сыртқа шығартып, тақыр жерге көгендетеді. «Қойлар жайлансын, тынышталсын» деп Сары би атына қарай жүре бергенде, бай:
– Би-аға, үйге кіріп дәм татыңыз,– депті қипақтап. Би байдың үйіне беттеп бара жатып жігітке:
– Мына қойлар бірдеңе жеп қоймасын. Ешкім қасына жоламасын,– депті де байдың үйіне кірген соң жайланып қымыз ішіп, өткен-кеткенді әңгімелеп, біраз отырыпты.
Далаға шыққан Сары би байлаулы малдарға көз тастап:
– Түрегеліп тұрған мына үш қой жігіттікі. Өзіне қайтар, – депті. Бай ештеңе айта алмай, әлгі үш қойды көгеннен босатып, мойын жібін жігітке ұстатыпты. Би:
– Тәуке ханның Жеті жарғысы бойынша ұрлық жасаған адамнан айыр түйеге – нар, атқа – аруана, тайлаққа – атан, тайға – ат, қойға тана және оның үстіне үш тоғыз айып төленеді. Ұрлық жасағаның үшін айыптысың. Айыбыңа мына жігітке үш тана, жиырма жеті қой бересің. Бұл – бір. Екінші, сен ұрлық қылғаныңмен қоймай, бұл жігітке тіл тигізіпсің, намысын қорлапсың. Қорлаған айыбыңа бір ат бересің, – дейді. Бай Сары бидің одан үлкен жазаға тартпаған рақымшылығына бола айтқанына келіседі. Былай шыққаннан кейін жігіт өз жөніне кетіп бара жатқан биге келіп:
– Би-аға, әділдігіңізге құлдық, үйге жүріп дәм татыңыз, – дейді. Байдың шақырғанына барып, кедей жігіттің «кел, батырына» құлақ аспасам, ұят болар», – деп Сары би келіседі. Дастарқан басында отырғанда жігіт:
– Би-аға, бір нәрсе сұрасам бола ма? – дейді.
– Сұра, – дейді би.
– Сонша қойдың ішінен менің қойларымды қалай таныдыңыз? – дейді.
– Біріншіден, сырттан келген сенің қойларың келген жерін жатырқап, байдың қора-қопсысын бөтенсініп тұрды. Екіншіден, байдың қойлары тоқ болған соң жатып алған, сенің қойларың аш болғандықтан, жатпаған. Үшіншіден, байдың қойлары күйістерін ұзақ қайырды. Себебі олар тоқ. Сенің қойларың күйісін қысқа қайырды. Өйткені қарындары аш. Төртіншіден, аш қойдың құмалағы ұсақ және қатты болады. Ал тоқ қойдың құмалағы үлкен әрі жұмсақ болады, – дейді би.
– Қораң малға, үйің жанға толсын! – деп бата беріп кетіпті.
Сол оқиғадан кейін әлгі жігіттің жаны да, малы көбейіпті.
Елші
Қазақ тарихында Сары есімді бірнеше тарихи тұлға бар. Батыр әрі шешен Бозымұлы Сары бидің елші де болғанын Бөлеген Мешелұлы (1916-2009) ақсақал айтқан әңгімеден естіп едік. Ол әңгіменің сорабы мынадай:
Сары би Тәуке ханның тапсырмасымен елшілікке кетіп бара жатқанда жолда жат жұрттың қарақшыларына тап болыпты. Өз нөкерлерімен қанша қарсылық көрсеткенімен, қарақшылар көп болыпты да бұларды тұтқындап, қожайынына алып барыпты. Қожайын қолға түскендердің қолдарын босатып, алдарына кішкене шұңғыл қалайы табақпен сұйық тамақ қойыпты.
Хан сарайында алтын астаудан дәм татқан Сары би әлгі кішкене қалайы табаққа қолын созбаған күйі отырып алыпты. Қасындағылар да дәм татпапты.
Сонда қожайын:
– Даланың тағыларында «алдарыңа ас қойдық, екі қолды бос қойдық» деген мәтел бар емес пе? Алыңдар, жеңдер, қаланың ең тәтті тағамы бұл, – дегенде Сары би:
– Даланың бөрісі итаяқтан ас жемейді, – депті.
Мына сөзінен кейін Сары бидің тегін адам емес екенін және жөн сұрасқаннан соң елші екенін білген қожайын бұларды ерекше күтіп, жолға салыпты.
Енді Бозымұлы Сарының елші болғандығының тарихи шындығын іздеп көрелік. XVII ғасырдың аяғында қазақ билеушілері Ресей үкіметіне жоңғар қонтайшыларының шабуылдауы кесірінен Сібірдегі жолдарды «шөп басып кеткендігі» туралы бірнеше мәрте құлаққағыс жасаған. «Тобыл мұрағаттарының тізіміндегі» бір хатта: «Ал қазір Галдан далада – даланы шайтан кезіп жүр, бірімізге біріміз бармайтын болдық… талай жылдар артта қалды, жолдар жабылып қалды» деп жазылған. Екі ел арасындағы сауда-саттық қарым-қатынасты жандандыру мақсатында Тәуке хан ол заманда Ресей мен Қазақ даласына байланыстың ресми бекеті саналатын Тобыл әскери әкімшілігінің ордасына бірнеше мәрте елші жібереді. Сондай елшілік мақсатта 1690 жылы Сары мен Көлдей (бір деректе Кильдей, тағы бірінде Келдей, енді бір зерттеушіде Келді?.. С.М.) Сібір әкімшілігіне Ресей патшалығы мен Қазақ хандығы арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға қатысты дипломатиялық маңызы бар құжатқа қол қойдыруға барады.
Бірақ оларды Тобыл әскербасы түрмеге қамап қояды. Бұған сол ғасырлардағы Ресей патшалығы мен Қазақ хандығы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасын арнайы зерттеген ғалым В.Басин мынадай себепті айтады: «.. жергілікті әкімшілік Сары мен Келдейдің саяси бағытын біле тұра тұтқынға алады және оларды «орыс өнеркәсіпшілерін Ертістің қарама-қарсы жағалауына қызықтырды, нәтижесінде орыстар қоршауда қалды» деп кінәлайды». Яғни Сібір әкімшілігі орыс өнеркәсіпшілерінің жол торып жүрген қарақшылардың қоршауында қалып, қиындыққа тап болғанына кінәлі деп Тәуке ханның екі елшісі – Сары мен Келдейді айыптайды. Бұл айыптау заңсыз әрі жала еді. Шын мәнінде Сары мен Келдейдің ол оқиғаға еш қатысы жоқ болатын. Мұны Тәуке хан анықтап, нағыз жол торушы қарақшыларды жазаға тартады. Соның өзінде Сібір әкімшілігі екі елшіні тұтқында ұстағанымен қоймай, оларға қысым көрсетеді. Осының бәрін біле тұра сабырлық танытып, Тәуке хан Ресей патшасы Петр Алексеевичке салмақты хат жібереді. «Адам Атадан бері айқын, бұған дейін мұндай іс туралы, яғни ұры-қарылардың қылығы үшін елшілерді тұтқында ұстап отыруды естімеппіз», –дейді. Түрмедегі қысымға Сары шыдамайды.
Ақылға салып көрсек, ресми сапармен барған екі елшінің жолы да, жасы да үлкені – Сары. Сондықтан да ол елшіліктің бар жауапкершілігін өз мойнына алады. 1690 жылы қазан айында болған түрмедегі сұрақ-жауап кезінде Сары екі елдің арасындағы ынтымақтастықты және бір-біріне достық пиғылда екенін алға тартады: «Патшаның аса нұрлы ұлылығының қызметіндегі адамдар қалмақтардың жағына шықпады және оның (Тәуке ханның) халқына ешбір зиян тигізген жоқ». Солай дегенмен де түрме әкімшілігі Сарыны қыспақта ұстайды. Түрмедегі заңсыз әрекеттерге, астамшылыққа, жазықсыз жалаға, әділетсіздікке жолы үлкен Сары алдымен қарсы тұрып, істің ақ-қарасын анықтауды талап етеді. Мұндай талапшылдыққа қарсы түрме әкімшілігінің жауабы – оны мүлдем сөйлетпеу. Сөйтіп, Сары екі ел арасындағы елшілік қызметте жүріп, Қазақ хандығы мен Ресей патшалығының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты жақсарту жолында жазықсыз жапа шегіп, түрме қысымынан қаза табады. Бұл 1691 жылдың басы еді.
«Бұл Сары – қай қазақ?» деген заңды сұрақ туады. Әуелі архивтік құжатқа назар аударайық. Тобыл әкімшілігінің тұтқынына түскен беделді қазақ билеушісі Сары 1690 жылдың күзінде Тобыл әскербасының кеңсесінде былай деген: «Бұрынғы жылдары, шамамен он жыл бұрын, оларға (қазақтарға) қалмақ Бушуртухан соғыс ашып, олардың қалаларын ойрандаған». Оның бұл айтқандарынан хонтайшы Галданның 1676-1677 жылдары Ошырты-Шешен ханды талқандағанын, ал 1680 жылы жаркенттіктерге майдан ашқанын және 1680-1681 жылдары Жаркент қаласын толығымен басып алғанын және жоңғар билеушісі қазақтарға қарсы шабуылын сол жылдары Жаркент қаласына иелік етуден бастағанын аңғарамыз. Сары айтып отырған он жыл бойы Ресей мен Қазақ елі арасындағы дипломатиялық және сауда-саттық қарым-қатынастың тоқтап қалуы осы соғыстың зардабынан еді. Бұл келтірілген деректерден біз беделді қазақ билеушісі Сарының сол Жаркент алабында өмір сүрген ұлы жүз қазақтарынан екендігін аңғарамыз.
Ұлы жүзде ғана емес, қазақ даласының өзге өңірлерінде өмір сүрген, қазақ тарихында аттары тасқа басылған басқа да Сары есімді тұлғалар болған: Сары Сүйірбасұлы (ХVI ғасыр) – Қазақ хандығында билік еткен Есім ханның (1565-1628) бас қолбасшысының бірі. Орта жүз. Тобықты. Құнанбайдың жетінші атасы, Абайдың сегізінші атасы, Шәкәрім «Сары – менің тоғызыншы атам» деп жазады шежіреде. Сары Қасаболатұлы (1690-1771) Солтүстік Қазақстан облысының аумағындағы Докучаев ауылының аумағында дүниеге келген. Еділ қалмақтарына қарсы соғыста ерлігімен көзге түскен. Жаугершілікте ауыр жарақат алып қайтыс болыпты. Ол туралы Тәтіқара жырау: «Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын, Сары менен Баянды айт Уақтағы» деп, Үмбетей жырау: «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Сары, Баян мен Сағынбай, Қырмап па еді жауыңды-ай», – деп әйгілі батырлардың қатарында дәріптейді. Сары би Шоңғарұлы (1761-1838) Кіші жүзден шыққан би, шешен. «Сырым Датұлы бастаған шаруалар көтерілісіне қатысқан. Қалмақ шапқыншылығына қарсы қол бастаған. Оның шешендік сөздері ел арасында жиі айтылады, бірақ толық зерттелмеген».
Келесі тұлға – Сары би Мыңбайұлы (1812-1901). «13 жасында төбе билердің батасын алып, Сары би атанған. …1868ж. Жызақ аймағында билік еткен Сары би Ресейге бағынудан бас тартып, қол астындағы халқымен қарақалпақтар арасына көшіп кеткен». Уикипедиядан алынған осы деректерде оның шын есімі Нұрмағамбет екен. Бірақ оның неге «Сары би» атанғаны туралы айтылмайды. Сары Батақұлы (1863-1895) Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Талдықұм деген жерде туған. Озбырлық пен әділетсіздікке қарсы әрекеттері үшін тұтқындалған, айдалған, қамалған. Жармола (Ырғыз), Орынбор, Орск (Жаманқала), түрмелерінде қамауда болған.
Аңғарар болсақ, Тобылға елшілікке барған Сары есімді тұлға бұлар емес екен. Өйткені Сүйірбасұлы Сары Тәуке ханға дейін өмір сүрген, Қасаболатұлы Сары Тәуке ханның елшілері Тобылда жүргенде өмірге келген, Шоңғарұлы Сары – Тәуке ханның заманында жоқ адам, Мыңбайұлы Сары – Тәукеден екі ғасыр кейінгі би, Батақұлы Сары – ХІХ ғасырдың перзенті.
Кей зерттеуші Найманның Матай тайпасындағы Сары есімді тұлғаны айтады. Матай шежіресі бойынша ол Сары – Тәуке хан елшілікке жіберген Көлдейдің немересі. Тәуке хан екі ел арасындағы ресми елшілікке (қонаққа емес) атасы мен немересін бірге жібермейтіні рас. Найманның Матайынан тарайтын Қаптағай аталығынан шыққан Сары батыр да – тарихта бар тұлға. Қарамылтық Сүлеймен бидің Бөрібай батыр жайында жырлаған шежіре-термесінде бұл Сары батыр Асанның ұлы емес, шөпшегі болып шығады. Ал Асанның ұлы деп көрсетілген шежіре бойынша кейінгі ұрпақтарының (Тәнеке батыр 1810 ж.т.) туған жылымен есептесек, Найман-Матай-Қаптағай аталығынан тарайтын Сары 1690 жылы әлі жас. Ресей патшалығы мен Қазақ хандығы арасындағы үзіліп қалған саяси қарым-қатынасты қайта жалғау мақсаты тұрғанда ақыл мен парасатты, аңғарымпаздық пен сұңғылалықты, сабыр мен салқынқандылықты талап ететін, алмағайып сәттер болуы мүмкін іске өмірлік тәжірибесі аз жас адамды елші және елшілікке жауапты етіп жібере қоймайды. Олай болса, Тәуке ханның елшісі Сары – даланың ауызша тарихнамасы аңыз ғып жеткізген, есімі, айтқан сөздері тарихи құжаттарда тайға таңба басқандай анық, істеген ісі айқын жазылған беделді қазақ билеушісі Бозымұлы Сары би болып шығады.
Тәуке ханның елшісі Сары – даланың ауызша тарихнамасы аңыз ғып жеткізген, есімі, айтқан сөздері тарихи құжаттарда тайға таңба басқандай анық, істеген ісі айқын жазылған беделді қазақ билеушісі Бозымұлы Сары би болып шығады. Оның есімімен бір рулы елдің аталуы да тегін емес.
Сағатбек Медеубекұлы,
филология ғылымдарының кандидаты



