«AMANAT» партиясының қолдауымен Жамбыл ауданындағы Саурық батыр ауылында балалар ойын алаңы мен уоркаут аймағы ашылды. Бұған дейін бұл елдімекенде балаларға арналған арнайы алаң болмаған.
Әлеуметтік нысан Алматы облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Рүстем Өтембаевтың жеке қаражаты есебінен салынды. Жобаның жалпы құны – 17 млн теңге.
Алаңда балаларға арналған ойын құрылғылары, қауіпсіз демалыс аймағы және жасөспірімдерге арналған уоркаут жабдықтары орнатылған. Саурық батыр ауылында бұған дейін балалардың бос уақытын өткізетін арнайы орын болмаған. Сондықтан жаңа нысан ауыл тұрғындары үшін көптен күткен әлеуметтік жобаға айналды.

«AMANAT» партиясының басты ұстанымы – халықтың күнделікті өміріне әсер ететін нақты мәселелерді шешу. Біз үшін ауылдағы әрбір сұраныс маңызды. Саурық батыр ауылындағы балалар алаңы да тұрғындарға қажет жоба болды. Бүгін сол мәселенің нақты шешімін көріп отырмыз. Бұл – партияның жергілікті жерде сөзбен емес, іспен жұмыс істейтінінің бір көрінісі» – деді Алматы облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Рүстем Өтембаев.
Ауыл тұрғындары жаңа алаңның ашылуы балалар үшін ғана емес, ата-аналар үшін де маңызды екенін айтады. Себебі бұған дейін балалардың қауіпсіз жерде ойнауы өзекті мәселе болып келген.
«Балаларымыздың ауыл ішінде қауіпсіз әрі таза жерде ойнай алатынына қуанып отырмыз. Бұрын ата-аналар балалардың қайда ойнап жүргенін үнемі уайымдайтын. Енді ауылда балаларға арналған өз кеңістігі пайда болды. Осындай нақты іске ұйытқы болған «AMANAT» партиясына және қолдау көрсеткен депутатқа ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтамыз» – деді Саурық батыр ауылының тұрғыны Гүлнар Сүлейменова.
Партия өкілдерінің айтуынша, елдімекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, балалар мен жастарға қолайлы орта қалыптастыру және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту – «AMANAT» партиясы жұмысының маңызды бағыттарының бірі.

