Перейти к содержимому
Главная страница » Ел жүрегіндегі ерен тұлға

Ел жүрегіндегі ерен тұлға

Уақыт шіркін тоқтаусыз сырғып, қатал заңдылығымен алға оза береді. Сонау Хантәңірінің баурайында, ақбас шыңдардың аясында елі үшін еңбек етіп, соңына өшпес із, өлмес мұра қалдырған біртуар азамат, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Оспанәлі Мүсіров ағамыздың пәни дүниеден бақилыққа аттанғанына да, міне, тұп-тура бір жыл толып отыр. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді дана халқымыз. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын туған өлкесінің гүлденуіне, ауыл шаруашылығының өркендеуіне сарп еткен, соңына ізгілік пен ізеттің, еңбекқорлық пен ерліктің мектебін қалдырған нағыз сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаны бүгін біз тек сағынышпен еске алып қана қоймай, соңындағы ұрпаққа үлгі болған ғибратты ғұмыр жолына, ерен еңбегіне Райымбек ауданы жұртшылығы мен әкімдігі атынан тағы бір мәрте тағзым етіп, құрмет көрсетуді азаматтық парыз санадық.

Оспанәлі ағамыздың балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыстың ең бір ауыр, зұлмат жылдарымен тұспа-тұс келіп, тағдырын ерте есейтті. Әкесі майданда қаза тауып, анасы Бақтылы кеңшарда ондаған жыл бойы сауыншы болып, бейнеттің бел ортасында жүрсе де, жас Оспанәлі таршылық пен қиындыққа мойымады. Мектеп-интернаттың сабан төселген суық нарында жатып, бала жасынан шөп шабатын машинаға вагоншы болып, ауыр жұмысқа араласа жүріп, білімге ұмтылды. Сол қайсарлық пен жігер оны Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына жетелеп, жоғары білімді, спорт десе, иығы жерге тимейтін бірінші класты спорт шебері етіп шығарды. Жоғары оқу орнын бітіре сала Нарынқол өңіріне жолдамамен келген жас маман өзінің ұйымдастырушылық қабілетін алғашқы күннен-ақ таныта білді. Энгельс атындағы ұжымшарда бас зоотехник бола жүріп, бұрынғы қылшық жүнді қара қойларды Арқар-меринос тұқымына айналдырып, жүн мен ет өнімділігін еселеп арттырды, егіс көлемін ұлғайтып, экономиканы алға бастырды. Дәл осы қажырлы еңбектің нәтижесінде атақты Қарасаз ауылының іргетасы қаланып, небәрі үш жыл ішінде мектеп, Мәдениет үйі, заманауи тұрғын үйлер бой көтеріп, малшылардың тау-таспен көшіп-қонуына даңғыл жолдар салынды.
Бұл табыстар Оспанәлі Мүсірұлының нағыз халықтық басшы, іскер ұйымдастырушы екенін дәлелдеп, оны кейіннен Абай атындағы ұжымшардың төрағалығына алып келді. Шекара бойындағы су тапшылығы халықты қысып тұрған қысылтаяң шақта ол тәуекелге бел байлап, артезиан құдықтарын қаздырды, Сүмбе өзенін бөгеп, 16 шақырымдық тоған жүргізіп, мыңдаған гектар жерді суландырды. Сондай-ақ, Ойқарағай өзенінің бойымен 65 көпір салдырып, жүз шақырымдық тау жолын ашуы – бүгін де халық игілігіне жарап тұрған үлкен ерлік еді. Мемлекеттен ешқандай көмек күтпей-ақ, шаруашылықтың өз қаражатымен мектеп, аурухана, тұрмыстық нысандар салып, ұжымшар мүшелерінің әл-ауқатын көтергені соншалық, ол тұста бір ғана Абай ұжымшарының берген астығы мен малы бүкіл ауданның көрсеткішінен асып түсетін. Осындай зор бедел мен іскерлік Осекеңді Нарынқол аудандық атқару комитетінің төрағалығына дейін көтерді. Ол басқарған жылдар – ауданның құрылысы дүрілдеп, мәдениеті мен өнері өрлеп, бүкілодақтық жарыстардың жеңімпазы атанған алтын дәуір ретінде тарихқа енді.
Әрине, «Ат сүрінбей жер танымас, ер сүрінбей ел танымас» дегендей, Осекеңнің өмір жолы тек тегіс даңғылдан тұрған жоқ, заманның аумалы-төкпелі саясаты мен пендешілік, көреалмаушылықтың ащы дәмін де татуға тура келді. Бірақ қызметтен әділетсіздікпен босатылған қиын сәтте оны шығарып салуға заңның қаталдығына қарамай, «Маруся» жотасына дейін мыңға жуық халықтың ағылып шығуы – Оспанәлі ағаның қара қылды қақ жарған әділдігіне елдің берген шынайы бағасы мен махаббаты еді. Белгілі ақын Еркін Ібітановтың сол сәтте оның блокнотына жазып берген «Арың таза, жаның бай, Адал еңбек, арыңды Сақтай бергін осылай» деген жыр жолдары ағамыздың бүкіл өмірлік ұстанымын айқындап берді. Ол қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, мейлі Жылысайда ферма меңгерушісі, мейлі Тоғызбұлақта ұжымшар төрағасы болсын, халықтың мүддесін бәрінен биік қойды. Тіпті Тоғызбұлақтың миллиондаған қарызын жауып, жұрттың жағдайын ойлап, жоғары жақтың қаһарынан қорықпай, мыңдаған бас малды қойшыларға тегін үлестіріп жіберуі де оның ешқандай дүниеқоңыздығы жоқ, кең жүректі, ірі тұлға екенін көрсетті.
Мемлекет алдындағы ерен еңбегі үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталып, Мәскеудегі одақтық көрмелерде топ жарған Оспанәлі Мүсірұлы өмірінің соңында Қарқара округінің әкімі ретінде де туған жеріне аянбай қызмет етті. Өзі айтып кеткендей, өткен өміріне еш өкініші жоқ, соңына ұрпағы мен шуақты ғұмыр қалдырған аяулы ағамыздың бейнесі Райымбек ауданының тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Арадан жыл өтсе де, оның Ойқарағайдың тауларында қалған ізі, Қарасаз бен Сүмбеде бой көтерген ғимараттары, ең бастысы, елге жасаған жақсылығы мен ұрпаққа қалдырған ғибраты ешқашан ұмытылмайды. Топырағы торқа, жаны жаннатта болсын, елінің біртуар перзенті, ардақты Осекең!

Серік СЫПАТАЕВ,
Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы