31 мамыр – Қазақстан тарихындағы ең қайғылы күндердің бірі болып саналатын Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы арнайы Жарлығымен бекітіліп, жазықсыз жапа шеккен миллиондаған адамдардың рухына тағзым ету мақсатында атап өтіледі.
ХХ ғасырдың 20–50-жылдары қазақ халқы бұрын-соңды болмаған ауыр сынақтарды бастан өткерді. Кеңестік биліктің күштеп ұжымдастыру саясаты мен әкімшілік-әміршіл жүйесінің салдарынан миллиондаған адам ашаршылыққа ұшырады. Мыңдаған отбасы туған жерінен босып кетуге мәжбүр болды. Сонымен қатар көптеген азаматтар «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқындалып, түрмеге қамалды, жер аударылды немесе ату жазасына кесілді.
Саяси қуғын-сүргіннің негізгі нысанасына ұлттық интеллигенция өкілдері айналды. Елдің дамуы мен өркендеуі үшін аянбай еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар қудалауға ұшырады. Олардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров секілді қазақ халқының біртуар тұлғалары болды. Олар ұлттық сананы ояту, халықтың білімін арттыру және елдің болашағын қалыптастыру жолында еңбек етті. Алайда тоталитарлық жүйе олардың қызметін қауіп ретінде қабылдап, жазықсыз жазаға тартты.
Қуғын-сүргін жылдарының зардабын көрген тұлғалардың қатарында қазақ ғылымының көрнекті өкілі, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев та бар. Ол Қазақстандағы геология ғылымының негізін қалап, Жезқазған кен орындарын зерттеу арқылы ел экономикасының дамуына зор үлес қосты. Сонымен қатар Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті ретінде ұлттық ғылымның қалыптасуы мен дамуына жетекшілік етті.
Алайда ғылымға адал қызмет еткен ғалым да саяси қысымнан тыс қала алмады. 1950-жылдардың басында оған негізсіз айыптар тағылып, ғылыми қызметіне кедергілер жасалды. Ол Қазақстан Ғылым академиясы президенті қызметінен босатылды. Соған қарамастан Қаныш Сәтбаев ғылыми қызметін тоқтатпай, зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Кейін тарихи әділдік орнап, ол өз қызметіне қайта оралып, қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Саяси қудалаудың ауыр зардабын тартқан тағы бір көрнекті тұлға – тарихшы Ермұхан Бекмаханов. Ол қазақ халқының азаттық жолындағы күресін терең зерттеп, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың тарихи маңызын ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Бұл еңбектер қазақ тарихын объективті тұрғыдан зерделеуге жол ашты.
Алайда сол кездегі кеңестік идеология оның ғылыми тұжырымдарын қабылдамады. Ермұхан Бекмаханов «ұлтшыл» деген жалған айыппен қудаланып, 1952 жылы сотталды. Біраз жылын түрмеде өткізген ғалым кейін толық ақталып, ғылыми қызметіне қайта оралды. Оның зерттеулері бүгінде Қазақстан тарих ғылымының маңызды жетістіктерінің бірі ретінде бағаланады.

Қаныш Сәтбаев пен Ермұхан Бекмахановтың өмір жолы – ғылым мен ақиқатқа адалдықтың жарқын үлгісі. Олар барлық қиындықтарға қарамастан, халқына қызмет етуден бас тартқан жоқ. Өздерінің білімін, қажыр-қайратын елдің игілігіне арнап, кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырды.
Тәуелсіз Қазақстан үшін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу – тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің маңызды көрінісі. Өткеннің қасіретті сабақтарын есте сақтау арқылы ғана қоғам еркіндік пен тәуелсіздіктің құндылығын терең түсінеді. Бүгінгі ұрпақ жазықсыз жапа шеккен азаматтардың ерлігі мен қайсарлығын ұмытпай, олардың өнегелі өмірінен тағылым алуға тиіс.
31 мамыр – аза тұту күні ғана емес, тарихпен сырласу күні. Бұл күн бізге адам құқығының, әділдіктің, еркін ой мен тәуелсіздіктің маңызын еске салады. Ұлт тарихындағы ауыр кезеңдерді ұмытпау – тарихи сананы қалыптастырудың және мемлекеттілікті нығайтудың маңызды шарты.
Сондықтан Қаныш Сәтбаев пен Ермұхан Бекмаханов сияқты ұлт зиялыларының өмірі мен еңбегі әрдайым құрметке лайық. Олардың ғылыми мұрасы мен азаматтық ұстанымы бүгінгі және келешек ұрпақ үшін өнеге болып қала береді. Тарихты ұмытпау – өткенге тағзым, ал тағылымын сақтау – болашаққа аманат.
Гүлжан Назымбетова
Академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық музейінің директоры
