Перейти к содержимому
Главная страница » Түбі бір түрік тілі

Түбі бір түрік тілі

    Қарасай ауданында шоғырланып тұратын түрік тілін насихаттау мен дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта ауданның жеті мектебінен он мұғалімнің бастамасымен түрік тілін оқыту курстары ұйымдастырылып, оған әртүрлі ұлт өкілдерінің балалары, соның ішінде қазақ және орыс балалары да қатысты.  

   Оқу аяқталғаннан кейін қорытынды шара ретінде «Ana dilim – guzel turkeem» атты мәнерлеп оқу байқауы мен түрік тілін білуге арналған викторина өткізілген. Іс-шара Жандосов ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектептің акт залында өтті.

    Байқауға 15 жас үміткер қатысты. Шара шағын концерттік бағдарламамен басталып,  мектеп оқушыларының бірі домбырада әсем күй орындаса, екіншісі өзінің туған түрік тілі туралы өлең оқыды. Ал В.Г. Белинский атындағы мектеп-гимназияның би тобы көрермендерге әсерлі түрік биін ұсынды. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің педагогика факультетінің студенті Самида Уришанова үлкен үлесін қосқан. Ол шараны түрік, қазақ және орыс тілдерінде сауатты әрі қызықты жүргізе білді.

   Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар интерактивті тақтада көрсетілген викторина сұрақтарына жауап берді. Кейін О. Жандосов атындағы мектептің сегізінші сынып оқушысы Эльнур Уришанов түрік халқының дәстүрлері, мәдениеті мен тіліне қатысты жұмбақтар жасырып, шағын зияткерлік сергіту сәтін ұйымдастырды. Дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар табысталды. Екінші кезеңде қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттері мен актерлік шеберліктерін көрсетті. Олардың өнерлері қарапайым ауыл мектебінің акт залында емес, нағыз театр сахнасында өтіп жатқандай әсер қалдырды.

    Байқауға О. Жандосов, Қарасай батыр, Н. Әлімқұлов, В.Г. Белинский атындағы мектептердің, сондай-ақ Шамалған ауылындағы жаңа мектептің, Батан және Ұлан ауылдары орта мектептерінің оқушылары қатысты. Балалар өлеңдердің мазмұнын да, автордың сезімін де барынша жеткізуге тырысты.

    Қазылар алқасының құрамында республикалық «Ахыска» этномәдени орталығы аудандық филиалының төрағасы Илимдар Камилов, білім саласының ардагері Сурмали Ишигова және Разия апай болды.

Балалар байқауға тыңғылықты дайындалып, түрік ақындарының туған жерге, ана тіліне деген сүйіспеншілік, өмірдің мәні, табиғаттың сұлулығы мен адамгершілік құндылықтар туралы өлеңдерін орындады.

    Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Гран-при жүлдесін Шамалған ауылындағы орта мектептің алтыншы сынып оқушысы Арзу Фахратдинова жеңіп алды. Оны талантты ұстаз Диана Әлімқызы Назирова дайындаған.

   Қалған қатысушылардың өнері де жоғары бағаланып, олардың барлығына бірінші және екінші орындар берілді. Марапаттау рәсімінде әр қатысушыға байқаудың атауы жазылған естелік бокалдар мен грамоталар табыс етілді. Ал мұғалімдердің еңбегі білім беру саласындағы көпжылдық адал қызметтері үшін символикалық мүсіншелермен атап өтілді.

– Осы іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша жанға алғысымды білдіремін, – деді шара ұйымдастырушысы, білім саласының ардагері әрі «Ахыска» этномәдени орталығы аудандық филиалы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Гүлханым Уришанова. – Балалар да, ата-аналар да, мұғалімдер де үлкен еңбек сіңірді. В.Г. Белинский атындағы мектеп-гимназияның би ансамблінің жетекшісі Әсел Қазтайқызы Орманбаеваға ерекше алғыс айтқым келеді. Ол қысқа уақыт ішінде жаңа би қойылымын дайындап қана қоймай, жаңа костюмдер тіктіре білді.

    Алдымен біз қазақ тілін білуге арналған байқау өткіздік, кейін дәл осындай түрік тілі байқауын ұйымдастырдық. Бұл мемлекеттік тілді білу әр азаматтың міндеті екенін көрсетеді. Сонымен қатар, ата-бабаларымыз сөйлеген ана тіліміз – түрік тілін де ұмытпауымыз керек.

    Балалар өз ана тілін білуге тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі заманда интернеттің ықпалы күшейіп, көптеген балалар түрік тілінде еркін сөйлей алмайды. Сондықтан түрік тілін оқыту әдістемесін меңгерген мамандардың алдында ерекше міндет тұр – жас ұрпақтың бойына ана тіліне деген сүйіспеншілікті сіңіру, білім беру, қызығушылығын ояту және дұрыс мотивация қалыптастыру.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы