Перейти к содержимому
Главная страница » Балмұздақ, сыйлық және шат күлкі: Іле ауданында балалар күні ерекше аталып өтті

Балмұздақ, сыйлық және шат күлкі: Іле ауданында балалар күні ерекше аталып өтті

Іле ауданында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтіп, мыңдаған балаға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ауданның барлық елді мекенінде концерттер, спорттық жарыстар, ойын-сауық бағдарламалары, қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, 8 мыңға жуық балаға балмұздақ таратылды.

Мерекенің негізгі алаңы аудан орталығы – Өтеген батыр ауылындағы орталық арбат болды. Мұнда 3 мың балаға тегін балмұздақ үлестіріліп, концерттік бағдарлама мен түрлі ойын-сауық шаралары өткізілді. Сонымен қатар аудан мектептерінде жазғы демалыс лагерлерінің ашылу салтанаты өтіп, балалардың жазғы демалыс маусымы ресми түрде басталды.

Ауданның барлық ауылдық округтері мен елді мекендерінде мерекелік шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ақсай ауылында 100-ден астам бала қатысқан спорттық жарыстар өткізілсе, Боралдай кентінде ерекше қамқорлықты қажет ететін 30 балаға тәтті сыйлықтар табысталды.

Ақши ауылындағы Мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға жүздеген бала қатысып, 500 балаға балмұздақ таратылды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі 25 балаға арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Байсерке ауылдық округінде балалар мерекесіне орай 324 дана балмұздақ пен 462 дана йогурт таратылып, округтегі барлық мектептер мен балабақшаларда мерекелік іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар округ бойынша 12 білім беру ұйымында спорттық ойындар ұйымдастырылып, ерекше қажеттілігі бар 50 балаға сыйлықтар берілді.

Асқар Тоқпанов ауылдық округінде балаларға 1500 дана балмұздақ үлестірілді. Ерекше қажеттілігі бар 72 балаға арналған дастархан жайылып, сыйлықтар табысталды. Балалар арасында түрлі спорттық жарыстар өткізіліп, демеушілер тарапынан бағалы спорттық сыйлықтар берілді. Сонымен қатар округ аумағындағы батут алаңы мереке күні балалар үшін тегін қызмет көрсетті.

Балалар мерекесінің ең әсерлі шараларының бірі – «Жүректен жүрекке» инклюзивті вокал фестивалі болды. Ерекше қажеттілігі бар талантты балалардың шығармашылығын қолдауға бағытталған фестиваль өнер арқылы мейірім мен достықтың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.

Ал Ащыбұлақ ауылдық округіндегі «Первомайские пруды» демалыс аймағында балаларға арналған мерекелік бағдарлама өтіп, түрлі ойындар мен көңілді шаралар ұйымдастырылды.

Қайырымдылық бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Демеушілердің қолдауымен әлеуметтік осал топтағы 116 балаға тәтті сыйлықтар табысталып, 48 отбасыға азық-түлік себеттері берілді. Жалпы аудан бойынша 3260 бала балмұздақпен қамтылды. Сонымен қатар «Солнышко» балаларды қорғау орталығына 49 жұп аяқ киім тапсырылды.

Қараой ауылдық округінде ерекше қажеттілігі бар 100 балаға тәтті себеттер тарту етілді.
Мерекелік күннің қорытынды аккорды ретінде балалар мен ата-аналарға қазақ киносының алтын қорындағы «Менің атым Қожа» фильмі тегін көрсетілді. 400 орындық мәдениет үйі көрерменге лық толып, балалар сүйікті кейіпкерімен қайта қауышты.

Балаларды қорғау күні Іле ауданында тағы бір мәрте балаларға қуаныш сыйлайтын, қамқорлық пен мейірімді дәріптейтін үлкен мерекеге айналды. Өйткені әр баланың шат күлкісі – ел болашағының жарқын көрінісі.